Израиль мен Иран арасындағы соғыс тоқтайды: Бомбасын сынап көрген Трамп мәлімдеме жасады

АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің мақсатына жеткен соң, айнып шыға келді. Иран мен Израиль арасында атысты толық тоқтату жөнінде келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жариялады, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.

— Барлығын құттықтаймын! Израиль мен Иран арасында атысты толық тоқтату жөнінде келісім жасалды. Келісім шамамен алты сағаттан кейін, тараптар қазіргі операцияларын аяқтаған соң күшіне енеді. 12 сағат ішінде атыс толық тоқтайды, ал 24 сағаттан кейін бұл соғыстың ресми түрде аяқталуы ретінде жарияланады, — деп жазды Трамп.

Естеріңізге сала кетейік, 22 маусымға қараған түні АҚШ Иранның үш ядролық нысанына әуе шабуылын жасағанын хабарлаған еді. Негізгі соққы Фордо уран байыту зауытына бағытталды, сонымен қатар Исфахан мен Натанзедегі ядролық қондырғыларға Tomahawk қанатты зымырандары арқылы соққы берілді. Трамп бұл операциялардың нәтижесінде Иранның уранды байытуға арналған негізгі инфрақұрылымы «толығымен жойылды» деп мәлімдеді. Алайда Иран тарапы Фордоға тек ішінара зақым келгенін хабарлады.

Келесі күні Иран Қарулы күштері Катар мен Ирактағы АҚШ әскери базаларына жауап ретінде бірнеше зымыран атқаны белгілі болды. Осы оқиғалардан кейін Катар Сыртқы істер министрлігі Иранның әскери әрекетін айыптады, ал Катардағы АҚШ базаларынан алдын ала эвакуация жүргізілгені туралы да хабарланды.

Атысты тоқтату жөніндегі келісім тараптардың одан әрі жағдайды ушығусыз шешуге дайын екенін көрсетеді. Халықаралық қауымдастық қазіргі уақытта жағдайды тұрақтандыруға бағытталған әрекеттерді қолдап отыр.