«Ішкі органдарымнан айырылдым»: дәрігердің қателігінен мүгедек болған қыздың оқиғасы (ВИДЕО)

Дәрігерлердің кесірінен мүгедек болып қалған Айғаным Боташ Жанар Байсемізге берген сұхбатында басынан өткен қиындықтары жайлы айтып берді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Ол босану үшін перзентханаға барған кезде, дәрігерлердің қателігінен бойында сепсис тарап, одан кейін гангренаға ұласқан. Осылайша, ол аяқ-қолының ұшы мен әйелдерге тән ішкі органдарынан айырылған.

«Кесір тілігінен басқа мені тағы 30 ота күтіп тұр екен. Ішім гангрена болып кеткен. Ішегім жарылды. Ең ауыр ота ішіме жасалған операция болды. Қол-аяғымды кескен кезде бұлай ауыр болмаған. Сепсис пен перитониттің кесірінен ішегім жарылды. Дәрігер оның ошағын дұрыс тазаламаған. Соның кесірінен өмірге қажетті барлық ағзам жұмыс істемей қалды. Бүйрегіме диализ алып жүрдім. Одан бөлек осы асқынулар болды. Мұны қабылдау өте қиын болды. Бір айда 5 ота жасады», — деді Боташ.

Оның айтуынша, дәрігерлер оның аяғынан терісін алып, ішін тазалап, әргі теріні сол жеріне тіккен екен.

«Мен 24 жасыма дейін сау адам болдым. Егер мүгедек болып тусам, мұндай жағдайды қабылдау оңай болар еді. Бірақ мынандай жағдайды қабылдау қиын болды. Ішімдегі гангренаны тазалаудың өзі өте үлкен шаруа болды. Айқайлап жыладым, қиналдым. Қазір ішімде бұлшық ет жоқ. Өте нәзік. Сондықтан қоғамдық көлікпен жүре алмаймын.  Біреудің қолы тиіп кетсе, жарылып кетуі мүмкін», — дейді ол.