Іле ауданының білімі бөлімі арқылы мемлекетке 134 млн теңге залал келтіргендер сотталды

Олар жалған шарттар жасасу арқылы бюджет қаражатын жымқырғаны үшін жазаланды, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі.

2024 жылғы 24 мамырда Алматы облысы Іле аудандық сотында сегіз сотталушыға қатысты аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі (ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы) бойынша қылмыстық іс қаралды. Сотта 2022 жылғы желтоқсанда сотталушылар алдын ала сөз байласуымен балабақшаларды тіркеу туралы жалған құжаттар ұсынған және олар кейіннен Қағидалардың талаптарына сәйкес деп танып, мектепке дейінгі ұйымдардың тізбесіне енгізген.

«Бұдан әрі, 2023 жылғы қаңтарда Іле аудандық білім бөлімі және осы балабақшалар мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасасқан, оның шарттары бойынша олардың қызметін мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша қызметтер көрсетуге ай сайынғы төлемдер арқылы мемлекет қаржыландырған. Осылайша Іле аудандық білім бөліміне 134 млн теңгеден астам сомаға аса ірі мөлшерде залал келтірген», -делінген соттың хабарламасында. 

Сот жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды, атап айтқанда: шын ниетпен өкінуі, келтірілген залалды ерікті түрде өтеуі, сондай-ақ екі сотталушыда жас балаларының болуын есепке алды.

«Сот үкімімен барлық сегіз сотталушы ҚК-нің 190-бабы 3,4-бөліктері 1),2)-тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оларға: екі сотталушыға – 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі, төрт сотталушыға – 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және екі сотталушыға – 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 74-бабына сәйкес екі сотталушының жазаны орындауы бес жылға дейін, бірақ бала он төрт жасқа толғаннан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылды», — делінген хабарламада. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.