«Халықта туберкулез туралы дұрыс ақпарат жоқ»: Ұлттық орталық басшысы

Бүгін 13 мамыр күні «Камеда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ҚР Ұлттық фтизиопульмонология орталығында Қазақстандағы туберкулез ауруының қазіргі жағдайы туралы баспасөз жиыны өтті. Бұл туралы Qazaq.Today тілшісі хабарлайды.

Орталығы Женева қаласында орналасқан әлемдік «Туберкулезді жою-тоқтату» бірлестігінің Қазақстандағы туберкулезге қарсы орталығы елдегі барлық емдеу мекемелеріне туберкулездің соңғы емдеу әдістерін үйретіп, әлемдік медицинаның ғылыми жаңалықтарын емдеу үрдісіне енгізіп отырады. Бұл туралы орталық басшысы Ислмайылов Шахмұрат айтты.

«Атқарылып отырған жұмыстың бәрі Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық туберкулезге қарсы бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Бұл сонымен бірге ЖИТС-пен күресу жөніндегі жаһандық қордың гранттық жобасы» дейді орталық басшысы Исмайылов Шахмұрат.

Биыл Ұлттық фтизиопульмонология орталығынның құрылғанына 90 жыл толып отыр. Ғылыми ортаылықтың қазіргі таңдағы ең басты жұмысы облыстарға әдістемелік-ұйымдастыру көмегін көрсету. Орталықтың мамандары туберкулез бойынша барлық нармативтік-құқықтық құжаттарды дайындайды, яғни, туберкулезді қалай анықтау керек, қалай емдеу керек, қалай алдын алу керек. Қосымша орталықта 350 төсек орын бар. Республиканың түкпір-түкпірінен науқастар келіп ем алады. Тікелей туберкулез бойынша барлық жұмысты аталмыш орталық басқарады. Орталық сонымен бірге әр-түрлі ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады. Туберкулезді емдеудің, анықтаудың әлемде қандай да бір жаңа әдісі, түрлері, дәрілері пайда болса, бірінші кезекте осы орталықта сынақтан өтіп, тиімділігі дәлелденсе бүкіл республикаға таратылады.

Бұл туралы Ұлттық фтизиопульмонология орталығынның бақылау және бағалау, эпидемиология және статистика, ақпараттандыру департаментінің басшысы Жазыбекова Панагүл айтты.

«Ұлттық фтизиопульмонология орталығында сезімтал туберкулез, дәріге төзімді туберкулез, балалардағы туберкулез, өкпеден тыс туберкулезді емдейтін бөлімшелер бар. Қосымша туберкулез ауруын басқа аурулардан ажырататын бөлімше бар. Сонымен бірге өкпелік туберкулезге хирургиялық емдеу әдістерін қолданып көмек көрсететін бөлімше бар. Бұл бөлімшелерде жаңа әдістер, инновациялық емдеу тәсілдері бірінші сынақтан өтіп, одан кейін барып біздің мамандар облыстарға үйретіп, жалпыластырады» дейді департамент басшысы Панагүл Жазыбекова.

Орталық мамандарының айтуынша халықта туберкулезге байланысты қорқыныш пен үрей қалыптасқан. Оның басты себебі ақпараттың дұрыс жеткізілмеуі мен сауатсыздық дейді мамандар.

«Бүгінгі таңда туберкулез ешқандай да қорқынышты ауру емес. Адамдар арасында ол туралы дұрыс емес түсінік қалыптасқан. Былтыр коронавирус болған кезде ешкім жасырған жоқ. Емделіп жазылып жатты. Бұл да сондай. Өкпеге түскен инфекцияны емдеуге болады. Сонымен бірге емдеудің барлық түрі және дәрі-дәрмектер тегін» дейді П.Жазыбекова.

 

73