«Халық саяси шешім қабылдауға дайын»: саясаттанушылар жолдауға қатысты пікір білдірді

Жолдауда Президент қоғамның көкейінде жүрген, халықты алаңдататын мәселелерге жауап берді. АЭС-ке қатысты референдум күні белгілі болды. Мемлекет басшысы жолдауда елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайын көтеру жолында жасалатын көптеген жұмыстарды тізіп көрсетті.

Qazaq.today тілшісі саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың пікірін тыңдады.

«Алдағы уақытта, нақтырақ айтқанда 6-шы қазанда өз таңдауымызды жасаймыз. АЭС-ты салуды халық шешіміне қалдырды, бір сұрақ екі жауап «иә» немесе «жоқ». Бұл мәселе бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінде ашық талқылау жиындарының өткенін білеміз. Қарсылық білдіргендер де, қолдаушылар да болды. Біз түсінуіміз керек, әлемде энергия тапшылығы жылдан жылға күшейіп барады. Бұл тапшылықты біз де сезіп отырмыз. Қазақстанға тұрақты әрі экологиялық таза қуат көзі аса қажет. Мемлекет басшысы атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек екенін айтты. Сонымен қатар АЭС сияқты ірі жобалар жұртшылықпен бірлесіп, қоғамның пікірін біле отырып іске асырылғаны дұрыс деп санаймын. Бұл қадамдар халықтың  саяси белсенділігін арттырады, стратегиялық маңызды шешімдерді қабылдауға деген үлесін күшейтеді», -деді әлеуметтанушы Жақсыбек Жиеналиев.  

Ал саясаттанушы Мәмбеталиев, халық АЭС туралы шешім қаблыдауға және оның жауапкершілігін алуға дайын деп санайды.

«Жолдау — бұл стратегиялық бағыттардың бағдарламалық контуры, қарапайым тілмен айтқанда, Президент мемлекеттің дамуын көріп отырғандай вектор. Менің ойымша, осындай негізгі векторлардың бірі бюджеттік прагматизм болып табылады, Мемлекет басшысы стратегиялық маңызды емес бағыттарға шамадан тыс шығындарды алып тастауды және бюджет ақшасын тиімді пайдалануды, шығындарды шектеуді және қатаң бақылауға бағытталған пәрменді шараларды қабылдауды атап өтті. Менің ойымша, мәслихат депутаттары мен әкімдіктер мұны бірінші кезекте бақылауға алуы тиіс. Бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік блокқа кетеді, бұл мемлекеттің басымдықтары мен әділетті Қазақстанның көрінісін білдіреді. Сондай — ақ, АЭС құрылысын салу бойынша жалпыұлттық референдумның күні белгілі болды. Менің ойымша, біздің халық саяси шешім қабылдауға және осы шешім үшін жауапкершілікті алуға дайын», -деді саясаттанушы Аман Мәмбеталиев.