Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша сот тергеуі аяқталды. Енді сот жарыссөздері өтеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Судья Мартпек Кәкімжанов қылмыстық іс бойынша 17 сот отырысы өткенін және тараптар мәлімдеген барлық куәгерден жауап алынғанын, сондай-ақ іс материалдары жария етілгенін атап өтті.
Сот отырысы барысында қорғаушы тарап сот тергеуін жалғастыруды сұрады. Алайда судья айыптаушы тарап пен қорғаушы тараптан іс бойынша сотталушыларды айыптайтын да, ақтайтын да дәлелдемелер жиынтығы ұсынылғанын айтты.
«Дәлелдемелердің жиынтығы кеңесу бөлмесінде соттың айыпталушыға тағылып отырған айыптың дәлелденгені немесе дәлелденбегені туралы қорытынды жасауы үшін жеткілікті. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сот тергеуін аяқтау және сот жарыссөздерін тағайындау мүмкіндігі туралы қорытындыға келді. ҚПК-нің 22 және 344-баптарының негізінде сот қаралып отырған іс бойынша сот тергеуін аяқтауға шешім қабылдады», – деді судья.
Судья Мартпек Кәкімжанов сот жарыссөзі 22 тамызда сағат 10.00-де басталатынын атап өтті.
Фото: 24.kz