Дархан Ділманов. Фото: ҚР ҰҚК ресми сайты
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бұрынғы директоры Дархан Ділманов сотталды. Шыққан үкім бойынша, ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі. Алматы гарнизонының әскери сотының хабарында, ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары — Шекара қызметінің директоры Ділманов пен басқа да лауазымды тұлғалар ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билікті асыра пайдаланды және ірі мөлшерде пара алды деп айыпталған.
«Д.Е.Ділмановқа ҚХР-дан Қазақстанға жүктерді өткізу пункті арқылы ауыстырып тиеудің әзірленген қылмыстық схемасы және оны енгізуге жәрдемдесу қажеттігі туралы айтылды, айтылған схема сәтті жүргізілсе ол одан белгілі бір табыс алатыны белгілі болды. Жүктерді өткізу пункті арқылы ҚХР-дан ҚР-ға ауыстырып тиеудің құқыққа қарсы схемасын енгізу салдары (1750 айналма рейс жасалған) үлкен залалға әкеп соқты», — делінген сот хабарламасында.
Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтары, әскери-жарғылық зерттеулер, сараптамалардың қорытындылары, құжаттық тексерулердің актілері арқылы дәлелденгені атап өтілді. Прокурор сотталушыларға мүлкін тәркілеп, 4 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Ділманов пен істің басқа да қатысушылары кінәсін толық мойындағаны айтылады, олар соттан жасаған ісіне өкініп, жазаның жеңіл түрін тағайындауды, сондай-ақ жазаның қосымша түрлерін қолданбауды сұраған.
«Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіп дәрежесін ескере отырып, сот Д.Ділмановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 450-бабының 2-бөлігі бойынша мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады. Ділмановты «генерал-лейтенант» әскери атағынан, мемлекеттік наградасынан (ІІ дәрежелі «Айбын» ордені) және «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері» құрметті атағынан айыру туралы президентке ұсыныс енгізілді», — делінген сот хабарында.
Тағы бір сотталушыға 1,2 млн теңге пара бергені үшін 38 млн теңге айыппұл салынды. Қалған сотталушыларға мүлкі тәркіленбестен 3,5 жылдан 5,5 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазалары тағайындалды. Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Дархан Ділманов 2022 жылдың жазында ұсталған еді. ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары — ҰҚК Шекара қызметінің директоры генерал-лейтенант Дархан Ділманов Қазақстан-Қытай шекарасының шекара бекеттерінде анықталған билікті теріс пайдалану фактілері бойынша тергеу аясында уақытша ұстау изоляторына қамалған. Онымен бірге Алматы облысы бойынша департаменті «Нұр Жолы» шекара бақылау бөлімінің бастығы және басқа да лауазымды тұлғалар изоляторға қамалған.