Газа секторында 23 мыңға жуық палестиндік қаза тапты

Палестинаның Денсаулық сақтау министрлігі 7 қазаннан бері Газа секторында қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен жараланған адамдардың санын жариялады.

Газа секторында кем дегенде 22 313 адам қаза тапқан. Оның ішінде 9 100 бала көз жұмған. 57 296 адам жараланған. Жараланғандардың арасында 8663 бала бар. 7000-нан астам адам жоғалған. Ал кеше бір күнде 128 палестиндік оққа ұшса, 261 адам жарақат алған.

Иордан өзенінің батыс жағалауында 324 адам (83-і балалар) қаза тапқан. Ал жараланған адамның саны 3800-ге жеткен.

28 желтоқсанда Израиль мен ХАМАС ұйымы арасындағы соғыстан кем дегенде 20 915 Палестина азаматы қаза тауып, 54 918 адам жарақат алды деген дерек болған еді. Сонда бір аптада екі мыңға жуық адам көз жұмған болып отыр.

Бұған дейін Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху «Ликуд» партиясының мүшелері алдында сөйлеген сөзінде алдағы күндері Израиль армиясының Газа секторындағы ХАМАС қозғалысының позицияларына қарсы шабуылдарын күшейтетінін айтып, соғыстың әлі ұзаққа созылатынын, жақын арада аяқталмайтынын ескерткен болатын.

Дереккөз: halyq-uni.kz