Іле ауданында тағы да шу шықты. Ашынған тұрғындар тіптен көшені жабу үшін түнде көшеге шығып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy сілтеме жасаған Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Түнделетіп суықта жолды жаппақ болуына көгілдір отынның өшіп қалуы себеп болған. Іле ауданына қарасты Қоянқұс ауылында бір күн газ болмай қалған. Қыстың суығында тоңып, тіптен ас дайындап ішуден қалған тұрғындарға әкімдіктен дер кезінде ешкім жауап та бермей қойған.
«Кеше алдымен электр жарығы өшті. Одан кейін газ өшті. Күндіз де, түнде де газ берілмеді. Ауыл әкіміне де айттық, хат та жаздық. Оқиды, бірақ жауап бермейді. Жасырынбақ ойнап отырғандай. Жарық берілгенмен, газ сол қалпы қосылмады. Ешқандай апат болмаған. Газ сататын компания ауыл ортасында тұрған негізгі қысымды көтермейді. Ескірген құрылғыдағы газ тарату қысымын көтерсе атылып кете береді. Газ сатып пайда көретін «Еркай газ» ЖШС деген компания. Бастығы Эльмира Мәмешова деген әйел жұртты әбден қан-қақсатты. Бағасы басқа жерден қымбат, бірақ қажетті аппараттарын ауыстырмайды, ескі. Қыс түссе осылай көгілдір отынның берілуі тоқтап қала береді. Былтыр да, алдыңғы жылы да осы жағдай қайталанған. Еш нәтиже жоқ», — деді Қоянқұс ауылының тұрғыны Қарлығаш Зарыққанқызы.
Тұрғындардың пікірінше, Қоянқұс ауылы Алматының іргесінде орналасса да өркениеттен ада, дамуы жағынан артта қалған. Әлі күнге дейін ауыз су мәселесі шешілмеген. Көше жарығы, жолдың асфальтталуы, тротуар деген атымен жоқ.
«Газдың проблемасы жыл сайын қайталанады. Қоянқұс ауылында сегіз жылдан бері тұрамын, сол уақыттан бері осы мәселемен әлі бас ауыртып келеміз. Газ компаниясының бастығын алаяқ деуге де болады. Оны ауданның әкімі де, жергілікті тұрғындар да біледі. Газ таратын орталық аппараттардың, құрылғылардың құжаттары әлі күнге дейін жоқ. Заңсыз орнатқан. Қанша жыл болды ауылдың мәселелерін көтеріп келеміз. Суды құдық қаздырып, ішіп отырмыз. Жұрттың бәрі ауласынан құдық қаздыра алмайды, қымбат. Амалсыз тасып немесе сатып ішіп отыр.
Түнгі сағат 12-ге дейін наразылығымызды білдіріп, көшеде тұрдық. Тоңған соң кетіп қалдым. Аудан әкіміне газ компаниясы бастығының заңсыз, алаяқтық әрекеттерін айтып едім, ол білемін деді. Масқара ғой, неге халық қиналуы керек? Мұндай проблемаларды билік шешуі қажет емес пе?!» — деді ауыл тұрғыны Тілектес Кетебаева.
Тұрғындардың сөзінше, көгілдір отынды тартқызудың құны да тым қымбат. Өзге ауылдарда газ құбырын тартқызу 385 мың теңге болса, қоянқұстықтар газ компаниясына амалсыз бір миллион теңгеге дейін төлеуге мәжбүр болған.
«Бұл компаниядан көретін қорлықты әбден көрдік. Өзге ауылдарда үйге табиғи газды тартқызу 300-350 мың теңге болса, бізде 700 мың төлеткізеді. Тіптен 1 млн теңгеге жеткен кездер де болған. Түнде ауылдың орталық көшесін жаптық. Мұндағы жұрт ашынып кетті. Облыс әкімдігіне шықтық. Одан соң Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев келді. Ол мәселенің шешілетінін, енді қайталанбайтынын айтып, уәде берді. Содан кейін ғана газ қосылды. Жоғалып кеткен ауыл әкімі де шыға келді бір жақтан. Он екі көшенің тұрғындары түнде көшеге шықты. Газдың бастығына ешкімнің шамасы жетпейді. Апат бола қалғанда келетін жұмысшылары да жоқ. Түнде аудан әкімі басқа жатқан мамандарды алдырып, газды қостырды», — деді Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің тұрғындары.
Аталған жағдайға Алматы облысыынң әкімдігі де түсініктеме берді. Іле ауданының Байсерке ауылдық округіне қарасты Қоянқұс ауылының 50-ден аса үйі газсыз қалған.
«Бұл үйлерге берілетін желі жеке инвестордың құбыры. Мердігер өз күшімен мәселені шеше алмаған соң аудандық һәм облыстық газ жұмысшыларын жұмылдырдық. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан әкімі Бағдат Қарасаев бұл мәселені жеке қадағалауына алып, жұмыстың басында тұрды. Сонымен қатар, тұрғындармен түсіндірме жұмысын жүргізді. Облыс әкімдігіне түскен қоңыраудан кейін мәселе бір сағаттың ішінде шешімін тапты», — деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Сондай-ақ ақау себептерін анықтау үшін жұмысшы топ құрылды. Облыс тұрғындары газдан ақау шықса 87079294040 нөміріне хабарлассуы қажет. Айта кетейік, жуырда Іле ауданына қарасты Боралдай ауылында тұрғындар қар мен мұз тазартылмай, жолдар көктайғақ болып жатқанына шағымданған болатын.