«Гавриленко шығынды өзі өтейді»: Министр «Болашаққа» қатысты дау туралы айтты

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек “Болашақ” халықаралық стипендиясының иегері Валерия Гавриленкоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

“2019 жылы шәкіртақы иегері Валерия Гавриленконың өз міндеттемелерін орындамай жүргені, Қазақстанда қалғысы келмейтіні анықталады. Халықаралық бағдарламалар орталығы сотқа талап-арыз береді, сот оны қанағаттандырады. 2021 жылы сол кездегі министрлік қаржыны қайтару бойынша процедураны бастады. Осы кезде кепілгерлерге қатысты мәселе басталады. Себебі Гавриленко кепілге қойған пәтерлер міндеттемеде көрсетілген соманы толық жаба алмады”, — деді Саясат Нұрбек Сенат кулуарында.

Сөзінше, стипендиат кепілгер ретінде өзінің бұрынғы екі әріптесін тартқан. Осылайша Наталья Воробьева мен Мақпал Дәрібаева келісімге қол қойған. Келісімге сәйкес, кепілгерлер азаматтық заңнама бойынша ортақ жауапкершілікте болады, деп түсіндірді ол.

Саясат Нұрбек 2021 жылы Халықаралық бағдарламалар орталығының бұрынғы басшысы Гавриленконың кепілге қойылған мүлігін мерзімінен бұрын алып тастағанын жеткізді.

“2022 жылы Бас прокуратура бұл дерек бойынша тексеруді бастап, заң бұзушылық болғанын анықтады. 2023 жылы тиісті тексеру жұмыстары аяқталды. Одан кейін қылмыстық істі бастау бойынша құзырлы органдарға тиісті хаттар жолданды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сол себептен орталық қол қусырып отырды деп айтуға келмейді”, — деді министр.

Ведомство басшысы бұл оқиға қоғам назарын аудартқаннан кейін осы іске қатысты белгілі бір нәтиже бар екенін атап өтті.

“Біріншіден, Гавриленко өткен аптада толық соманы өтеймін деп міндеттеме алды. Келісімге екіжақты қол қойылды. Ол бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алды. Екіншіден, біз Бас прокуратураға орталықтың бұрынғы басшылығы мен қызметкерлерін жауапкершілікке тартуды жеделдету бойынша қосымша хат жолданады. Себебі заң бұзушылық орын алды”, — деді спикер.

Саясат Нұрбек осы оқиға бойынша екі кепілгермен кездескенін, оларға еш шағым жоқ екенін баса айтты.

35