Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордадағы Франция президенті Эмманюэль Макронмен кеңейтілген құрамдағы кездесуінде екіжақты байланыстардың басым бағыттарын атады, деп хабарлайды Qazaq.today Kazinform-ға сілтеме жасап. 

«Бүгінгі кездеу екі ел арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастықты жаңа белеске көтереді. Мен бұған кәміл сенемін. Франция – Қазақстанның Еуропадағы өте маңызды әрі сенімді серіктесі. Былтыр өзара тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 4 млрд долларға жетті. Биыл сегіз ай ішінде екіжақты сауда-саттық көлемі былтырғымен салыстырғанда 21 пайызға артты. Яғни, 2,7 млрд долларға жетті», — деді Қазақстан басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Франция осыған дейін Қазақстанға 18,7 млрд долларға жуық инвестиция салғанын атап өтті.

«Бірлескен жобалар энергетика, бейбіт атом, тау-кен-химия өнеркәсібі, машинажасау, құрылыс заттарын өндіру, аэроғарыш, фармацевтика және басқа да салаларды қамтиды. Бұдан бөлек тағы бірқатар маңызды жобалар қолға алынбақ. Бұл жобалар бүгін өтетін қазақ-француз бизнес форумында жан-жақты талқыланады», — деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары жандана түскенін еске салды.

«Макрон мырза, осының бәрі сіздің жеке қолдауыңыздың арқасында жүзеге асып жатыр. Мен сіздің өзара қарым-қатынасты дамытуға қосып отырған өлшеусіз үлесіңізді жоғары бағалаймын. Сондай-ақ, екі елдің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеру үшін бар күш-жігерімді салып, өзіңізбен бірге жұмыс істеуге дайын екенімді тағы да атап өткім келеді», — деді Қ.Тоқаев.

Айта кетсек, Франция Президенті Эмманюэль Макрон ресми сапармен Қазақстанға келді.

Qazaq.today