FlyArystan әуе компаниясының ұшағы Алматы − Өскемен – Алматы бағыты бойынша алғашқы рейсін жасады,-деп хабарлайды Qazaq.today.
Алдағы уақытта Алматы мен Өскемен арасында компанияның Airbus A320 ұшақтары 1 сағат 40 минут ұзақтықта сейсенбі, бейсенбі, жұма және жексенбі күндері, аптасына 4 рет қатынайды.
FlyArystan әуе компаниясы маркетинг бөлімінің директоры Мадина Бужинованың айтуынша, кейінгі кезде табиғаты сұлу Алтай өлкесіне туристердің қызығушылығы артқан.
«Шығыс Қазақстанның туризм саласын дамытуға үлес қосу – біз үшін үлкен қуаныш. Екі ірі қаланың арасында қалта көтеретін бағамен тікелей рейс жасауды бастадық. Бұл тек жергілікті туристерді қызықтырып қана қоймай, шетелдік туристерді де тартуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз»,-деді Мадина Бужинова.
Әуе компаниясы өкілінің сөзінше, биылғы жылдың қазан айына дейін Алматы мен Өскемен арасындағы рейстерге билеттер сатылымға шығарылды. Билеттерді мобильді қосымшадан немесе flyarystan.com сайтынан сатып алуға болады.
«Қызу қатынау маусымы басталған кезде, Өскемен тұрғындары өз сапарларын алдын-ала жоспарлап, қолжетімді билеттерді пайланады деп үміттенеміз»,- дейді компания директоры.
Қазақстандағы ең алғашқы лоукостер FlyArystan бірінші рейсін 2019 жылы жасады. Ол 4 жыл ішінде 10 миллионға жуық жолаушыны тасымалдаған. Оның ішінде 1 миллион адам алғаш рет арзан бағада ұшақ билетін алғанын айтқан.
Әуе компаниясының ұшақтары ел іші мен шетелде 35 бағытта сапарлайды. Олардың ішінде: Түркияға (Ыстамбул, Анкара), Грузияға (Кутаиси), Әзірбайжанға (Баку), Үндістанға (Дели), Өзбекстанға (Самарқан, Ташкент), Қырғызстанға (Бішкек), сондай-ақ Арменияға (Ереван) рейстер бар.
FlyArystan флотында 180-188 орындық 14 Airbus A320 ұшағы бар, оның 4-і тікелей өндіруші зауыттан әкелінген. Жыл соңына дейін Airbus зауытынан тағы 5 ұшақ қосылмақ.
Qazaq.today