Фото: Caravan.kz
Отандық шоу-бизнес өкілі, әнші, актриса Аша Матай ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасынан сыр шертті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Өнер иесі тұрмысқа шыққан жылдары сахнадан қол үзіп қалғанын жасырмай, бұл туралы “1001” түн бағдарламасында айтып берді.
“Жолдасым фильмге түсуге рұқсат етпейді. Өзінің жарын қызғану, қимау бүкіл ер-азаматтарға тән нәрсе деп ойлаймын. Негізі Арманның қолдауы ерекше. Ол да өнерде жүргесін бәрін түсінеді. Отағасына көп рақмет айтқым келеді. Сахнада жарқырап, құлпырып жүруімнің өзі – сол кісінің арқасы, қолдауы. Өзінің «Менсіз киноға түспеші» деген өтініші бар еді. Мен соған келістім. Түсетін болсақ, бірге түсеміз», – деді актриса.
Одан кейін шоу-бизнес жұлдызы сахнадан гөрі отбасылық кәсіпке ден қойып, қыздарының тәрбиесімен айналысып жатқан көрінеді.
“Қазір мен уақытымды үйге, бала-шағама, күйеуіме, енеме арнаймын. Сондай кезеңде жүрмін. Бизнес саласына бет бұрдым. Ал Арман қазір әншілік қырынан көрінуге дайын. Бірнеше ән жазып жатыр, хит болады деп ойлаймын», – деп ағынан жарылды Аша Матай.