Күдіктіге 2008 жылдың 15 мамырында есірткі қылмысымен айналысқаны үшін халықаралық іздеу жарияланған, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Жетісу облысында 17 жыл халықаралық іздеуде болған күдікті ұсталды.
«Талдықорғанда полицейлер республикалық «Құқықтық тәртіп» акциясы аясында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құқық қорғау органдарынан ұзақ жыл бойы жасырынған 54 жастағы Қазақстан Республикасының азаматын ұстады», – деп жазылған хабарламада.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ер адам есірткі қылмысымен айналысқаны үшін халықаралық іздеуде болған. Мұндай әрекет үшін 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ұсталған азаматқа полицейлер тиісті шара қолданып жатыр. Аталған іс бойынша барлық жағдайлар тергеу барысында мұқият тексеріледі.
Жетісу облысында сот орындаушысы алимент төлеуге арналған қаржыны өндіріп, кейін өзі алып отырған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Жетісу облысының прокуратурасының мәліметінше, жеке сот орындаушысы Талдықорған қаласында заңсыз жолмен баю схемасын қолданған. Ол сол әрекетімен балаларды алиментсіз қалдырған.
“Бірінші кезеңде ол алимент төлемдерін өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша заңды түрде борышкерлердің жалақысынан сомаларды ұстап қалу туралы қаулы шығарған. Сосын оны жұмыс берушілерге жіберген. Одан әрі борышкерлердің жұмыс берушілерінен ақша түскеннен кейін ақшаның көп бөлігін өзіне қалдырып, қалғанын алимент өндіріп алушыларға аударған”, – делінген хабарламада.
Сот орындаушысы осындай тәсілмен 2 млн теңгеден астам сомада қаражат жымқырып отырған.
“Мысалы, бір жағдайда сот орындаушысы борышкердің жалақысынан өндіріп алуды 2025 жылдың сәуір айынан бастаған. Жұмыс беруші сәуір айынан маусым айына дейін жеке сот орындаушысының шотына 570 мың теңгеден астам сомаға алимент төлемдерін аударған. Алынған соманың 170 мың теңгесін ғана өндіріп алушыға аударып, қалғанын жымқырған. Тексеру кезінде белгілі болғандай, ол осыған ұқсас схеманы бірнеше рет қолданып, оның көмегімен 2 миллион теңгеден астам соманы қалтасына салған”, – деді ведомство.
Талдықорған қаласының прокуратурасы өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша жеке сот орындаушысына қатысты қылмыстық кодекстің 251-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
Жетісу облысы Ақсу ауданында фельдшер шалғай ауылдардың бірінде медициналық көмекке зәру әйелге көлікпен жете алмай, атпен барды. Оған толассыз жауған жаңбыр себеп болған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
«Толассыз жауған жаңбыр салдарынан жол жүру қиындап, жедел жәрдем ауылға жете алмай қалды. Салт атты жергілікті тұрғын фельдшерге көмекке келді.
Фельдшер өзімен бірге медициналық қобдишасын алып, атқа мінгесті. Жылқы су шайған жолмен медицина қызметкерін ауылға жеткізді. Науқасты тасымалдауға басқа да арнайы қызметтер жұмылдырылды. Бірлескен іс-әрекет пен жергілікті тұрғынның қамқорлығының арқасында әйел облыстық ауруханаға жеткізілді. Бұл оқиға төтенше жағдайда өзара көмек пен жедел әрекет етудің маңыздылығын көрсетеді», — делінген хабарламада.
Жетісу облысында Сарқан аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы мен мердігер ұйымның директоры аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Өңір прокуратурасының ақпаратынша, сотталғандар туристтік объектілердегі санитарлық-гигиеналық тораптарды орнатуға арналған 74,7 млн теңге бюджет қаражатын талан-таражға салған.
«Прокурорлық тексеріс, объект іске қосылмағанын, ал бөлінген қаражат шығындалып кеткенін көрсетті. Сарқан ауданының прокуратурасымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, іс сотқа дейін жеткізілді».Жетісу облысының прокуратурасы
Сот үкімімен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы мен мердігер ұйымның директоры түрлі мерзімдегі бас бостандығынан айыру жазаларына сотталды.
Жетісу облысы Кербұлақ ауданының прокуратурасы білім бөлімі бухгалтерлерінің бюджет қаражатын ұрлау фактісін анықтады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Келтірілген шығын 34 млн теңгені құрады.
Осы факті бойынша облыс прокуратурасы тергеу жүргізіп, нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.
Сот үкімімен бухгалтерлер Қылмыстық кодекстің 63-бабы (шартты түрде соттау) бойынша 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындаумен кінәлі деп танылды, келтірілген залал мемлекет кірісіне толық көлемде өтелді.