Tag Archives: жалған ақпарат

Парижде Эммануэль Макронның әйелі туралы жалған ақпарат таратқан 10 адам сотталып жатыр

Фото: РБК

Парижде Франция президенті Эммануэль Макронның жұбайы Брижит Макронға кибербуллинг жасау фактісі бойынша сот отырысы басталды. Іс бойынша 41 бен 65 жас аралығындағы сегіз ер адам мен екі әйел айыпталып отыр, деп хабарлайды ВВС.

Тергеу мәліметінше, айыпталушылар әлеуметтік желілерде Брижит Макронды ер адам болып туған деп жалған ақпарат таратқан. Сондай-ақ олар президент пен жұбайының жас айырмашылығына байланысты қорлайтын жазбалар жариялаған.

AFP агенттігінің хабарлауынша, Брижит Макрон алғашқы сот отырысына қатыспады, алдағы уақытта да сотқа келмейді Адвокаттың айтуынша, оның қызы Тиффани Озье сейсенбі күні куәлік беруі мүмкін.

Айыпталушылардың арасында жергілікті шенеунік, галерея иесі, мұғалім және өзін интернет-экстрасенс деп атайтын 51 жастағы Дельфин Ж. бар. Ол желіде «Амандин Руа» деген атпен танымал. Осы істе айыпталған тағы бір әйел, өзін тәуелсіз журналист деп атайтын Наташа Рей екеуі былтыр Брижит Макронға жала жапқаны үшін сотты болған.

2021 жылы Руа YouTube-та Реймен сұхбат жариялап, «Брижит Макрон шын мәнінде ешқашан болмаған, ол жынысын ауыстырған ағасы — Жан-Мишель Троньё» деп конспирологиялық теорияны алға тартқан. Кейінірек екеуі апелляцияда жеңіп шыққанымен, Брижит пен оның бауыры бұл шешімге қарсы шағым түсірді.

«Брижит Макрон – трансгендер» деген сыбыс әлеуметтік желілерде 2017 жылдан бастап тараған. Мұны АҚШ-та консервативті блогер Кэндис Оуэнс белсенді түрде насихаттады. Макрондар Оуэнске қарсы сотқа шағым түсіріп, оның «әдейі жалған ақпарат таратып, абыройына нұқсан келтіргенін» мәлімдеді.

Брижит Макрон Эммануэль Макронға сабақ берген мұғалімі болған, екеуі 2007 жылы шаңырақ көтерген. Ол кезде Эммануэль 29, ал Брижит 54 жас еді.

Экс-министр Жақсылықов өзінің қамауға алынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

10 маусым күні бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қамауға алынды деген ақпарат тарады.

Желіде тараған ақпаратты Tengrinews.kz сайты Руслан Жақсылықовтың өзіне видеоқоңырау арқылы хабарласып, сұрастырған. Онда экс-министр қамауға алынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған.

«Бос сөз. Біріншіден, ресми ақпарат көздеріне сену керек. Мен демалыстамын. Маған демалуға мүмкіндік берді. Үш жарым жылдан бері демалысқа шыққан жоқпын. Білесіз бе, қызмет осыны талап етеді», – деді Жақсылықов.

Министрдің айтуынша, ол әйелі және балаларымен бірге Астанадағы үйінде, аулаға батут орнатып жатыр. Жақсылықов құқық қорғау органдарына хабарласуға ниетті екенін де айтты.

“Ар-намысым мен абыройыма нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқандардың үстінен құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүрмін», – деді экс-министр.

Сара Назарбаева қайтыс болды: Айдос Үкібай түсініктеме берді

Әлеуметтік желілерде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші жұбайы Сара Алпысқызының қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Алайда, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.

Айдос Үкібай: «Сара Алпысқызы туралы ақпарат — өтірік»

Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Отандық БАҚ журналистерінің Сара Алпысқызына қатысты сауалына жауап бере отырып, желіде тараған оның қайтыс болғаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдегім келеді», — деп жазды ол өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында.

Сара Алпысқызы Назарбаева: өмірбаянынан қысқаша мәлімет

Сара Алпысқызы Назарбаева 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. 2025 жылы 84 жасқа толады.

1992 жылы «Бөбек» республикалық балалар қайырымдылық қорын құрды. «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани құндылықтарды жаңғырту бойынша білім беру жобасының авторы.

PS:

Сара Алпысқызының қайтыс болғаны туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпарат жалған болып шықты.

Ақмола облысының тұрғыны жалған ақпарат таратқаны үшін сотталды

Фото: Pixabay

Ақмола облысының тұрғыны бомба туралы жалған хабарлама жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі. 

Ақмола полицейлері Ерейментау қаласының 30 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ол 4 қаңтар күні мас күйінде 102 нөміріне қоңырау шалып, бомба қойылғандығы туралы хабарлаған болатын.

Бомба қойылғаны туралы хабарламадан кейін төтенше жағдайлар қызметі келіп, адамдарды эвакуациялап, аумақты қоршап алды.

Көрсетілген мекен жайды тексеру нәтижесінде жарылғыш құрылғы табылған жоқ. Құқық бұзушының айтуы бойынша, ол тек жедел қызметтердің әрекеттерін тексергісі келген.

Қазіргі уақытта Ерейментау аудандық сотының үкімімен кінәлі сотталды.

Танымал блогер жалған ақпарат таратқаны үшін жазаланды 

Фото: Azattyq Rýhy 

Түркістан облысында телекоммуникация құралдары мен желілерін пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 63 жастағы блогер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Жетісай аудандық сотының үкіміне сілтеме жасап.

Үкімдегі мәлімет бойынша, 2023 жылдың шілдесінде ер адам YouTube-те жеке арнасын ашып, бейнежазбаларды тарата бастаған. Алайда ол таратқан ақпараттың дәлелі болмаған, ол жергілікті су жүйелерінде инфекциялық эпидемияға әкеп соғатын «бактериологиялық бомбалар бар» деп мәлімдеген.

Сондай-ақ блогер Түркістан облысының әкіміне, өңір прокурорына және ҰҚКД басшысына, содан кейін Қазақстан президентіне ашық үндеулер жазған.

Бұдан бөлек, Жетісай тұрғыны аудандық билік өкілдерін сыбайлас жемқорлар деп атай бастаған.

Блогердің бұл сөзі уәкілетті органдардың назарына түсті. Жұқпалы қауіп туралы бірде-бір факт расталмаған.

Сондай-ақ ол өзінің көзіне түскендердің сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы дәлелдер келтіре алмаған.

Осылайша ер адам Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бабы және 378-бабы 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылды (көрінеу жалған ақпарат тарату және билік өкілдерін қорлау). Сотта ол өзінің кінәсін толық мойындап, өкініп, кешірім сұрады. Сот үкімімен блогер кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу тағайындалды және бес жылға журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Үкім күшіне енді.