Tag Archives: заң

Бадықова мен Мұсаев дауы: заңгер Айгүл Орынбек ресми арыз түсірді

Фото: instagram.com/aigulorynbek_kz

Белгілі заңгер Айгүл Арынбек соңғы күндері қоғам назарында жүрген Дариға Бадықова мен жұбайының дауына қатысты пікір білдіріп, актрисаны қорғауға кірісті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Заңгердің айтуынша, Бадықованың күйеуі жеке хаттар мен жазбаларды жариялауға ниет білдірген. Бұл – азаматтың жеке өміріне қол сұғу және қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет.

 

«Дариға барынша сабыр мен түсіністік танытып келді. Бірақ жеке хат алмасулар мен аудиоларды жария етемін деп мәлімдеу – адамның ар-намысына тиетін, заңмен жазаланатын іс. Мұндай әрекет бопсалау мен қысым көрсетудің айқын көрінісі», – деді Айгүл Арынбек.

 

Оның айтуынша, бүгін Дархан есімді азаматтың үстінен ресми арыз түсірілген.

 

«Бұл шешімге баруға мәжбүр болдық. Себебі заңсыздыққа үнсіз қарау – әділетсіздікке жол беру. Енді бәрі заң аясында шешіледі деп сенеміз», – деді ол.

 

Арынбек халықты жеке өмірге құрметпен қарауға шақырды:

 

«Дариға әлеуметтік желіде өз өмірін талқылауға міндетті емес. Жеке өмір – адамның ең қасиетті кеңістігі. Оған қол сұғу – адам құқығын бұзу!»

 

Сонымен қатар заңгер Бас прокурор Берік Асыловқа ашық үндеу жолдады:

 

«Қылмыстық кодекстің 147-бабы (“Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу”) біздің елде қашан нақты жұмыс істейді? Адам жеке өмірін қорғау үшін не істеуі керек? Ал заңды орындауға құлықсыз қызметкерлерге қандай шара қолдануға болады?»

 

Айгүл Арынбектің айтуынша, бұл іс жеке құқық пен ар-намысты қорғау саласында прецедент болуы мүмкін.

 

«Заң бәріне ортақ. Оны орындау – қоғам алдындағы азаматтық әрі адамдық міндет. Біз әділдіктің орнауына сенеміз!» – деп қорытындылады ол.

 

Мәжіліс заң қабылдады: грант қайтарылмайды, балабақша жерін сатқызбайды, фонограммаға тыйым салынды

Фото: Pixabay

Қазақстан Парламентінің Мәжілісі мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау салаларын қамтитын жаңа заң жобасын мақұлдады. Құжат қоғамға тікелей әсер ететін бірқатар өзгерістерді қарастырады, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Білім беру саласы. Енді халықаралық ғылыми жобалардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған ұстаздарға біржолғы төлемдер беріледі. Мүгедек баласы бар немесе І топтағы мүгедекке күтім жасайтын түлектер мемлекеттік грантты өтеуден босатылады. Ал шетелдік резидентура, магистратура, аспирантура, докторантурада оқығандарға өтеу мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі. Мектепке дейінгі ұйымдарға арналған жер телімдерін жекешелендіруге тыйым салынады. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждерді рейтингтік көрсеткіштер бойынша саралау жүйесі енгізілмек.

Мәдениет пен ономастика. Мемлекеттік кітапханаларға ағартушылық іс-шара өткізу құқығы беріліп, мәдени-бұқаралық шараларда фонограмма қолдану тәртібі қатаңдатылды. Жеке білім беру ұйымдарының атауын ономастикалық комиссия арқылы бекіту талабы енгізілді.

Отбасы саласы. Баланы асырап алуда және қамқоршылықта туыстарына басымдық беріледі. Қамқоршы бола алатын тұлғалардың тізімі кеңейтіліп, олардың заң талаптарына сәйкестігін тексеру міндеттелді. Балаларға арналған ұйымдарға мемлекеттік бақылау ерекше тәртіппен жүргізілетін болды.

Депутаттар жобаны қарау барысында 98 түзетуді қабылдап, 13 ұсынысты қолдамады. Заң жобасы толық мақұлданғаннан кейін Сенат қарауына жіберіледі.

Заң күшіне енді: Енді қыз алып қашу қылмыс болып саналады

Фото: wap.kun.uz

16 қыркүйектен бастап Қазақстанда некеге мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

16 қыркүйектен бастап қылмыстық заңнамада азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған өзгерістер күшіне енеді.

«Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда адам ұрлау және некеге мәжбүрлеу сияқты өзекті тақырыптарға қатысты өзгерістер қарастырылған.

— Басты жаңашылдықтардың бірі — Қылмыстық кодекстің 125-бабындағы ескертпенің алынып тасталуы. Бұған дейін ұрланған адамды ерікті түрде жіберген адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін еді. Енді бұл мүмкіндік алынып тасталды: жәбірленушіні өз еркімен босатқан күннің өзінде кінәлі адам заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады, — деп түсіндірді министрлік.

Сонымен қатар Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бабы «Некеге мәжбүрлеу» енгізілді. Енді бұл әрекет қылмыстық құқықбұзушылық ретінде танылады.

— Некеге мәжбүрлегені үшін айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Қылмыстың мән-жайына байланысты 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұлдан бастап екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылады. Егер мұндай әрекет абайсызда ауыр зардаптарға әкелсе, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Ал егер мәжбүрлеу зорлық-зомбылықпен, кәмелетке толмағандарға қатысты, тәуелділігін пайдалану арқылы, адамдар тобымен немесе қызмет бабын пайдалана отырып жасалса, бұдан да қатаң жаза қарастырылған, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Бұл өзгерістер некеге мәжбүрлеудің алдын алуға және ең алдымен әйелдер мен жасөспірімдер сияқты осал топтарды қорғауға бағытталған.

Президент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесі туралы заңға өзгеріс енгізді

Фото: Pixabay

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

 

Қазақстанда көлікті ұзақ жөндегені үшін өтемақыны қалай алуға болады

Көлік иелерінің көбісі автосалондардың кепілдік жөндеуді кешіктіргені үшін тұрақсыздық айыбын төлеуге міндетті екенін біле бермейді.

15 жылдық тәжірибесі бар заңгер Индира Өмірзақова заң бойынша өтемақыны қалай алуға болатынын айтып берді, деп хабарлайды Finratings.kz.

Өтемақы алу шарттары

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 30-бабына сәйкес, егер көлік 20 күннен артық сервисте тұрса, 21-ші күннен бастап дилер көлік иесіне әрбір кешіктірілген күн үшін көлік құнының 1% мөлшерінде өтемақы төлеуге міндетті. Мысалы, егер көлік 10 миллион теңге тұрса, өтемақы сомасы күніне 100 000 теңгені құрайды.

Өтемақыны қалай алуға болады

Ақша автоматты түрде есептелмейді. Көлік иесі ресми шағым жазып, оны дилерге тапсыруы керек. Осы сәттен бастап мерзімді өткізіп алу және төлемдердің есебі басталады.

Дилердің жауапкершілігі

Заңгердің айтуынша, дилер қосалқы бөлшектердің немесе мамандардың жоқтығына сілтеме жасап, өтемақыдан бас тарта алмайды — бұл ақталу болып табылмайды.

Шағымды неғұрлым ертерек жіберсеңіз, соғұрлым көп өтемақы аласыз. Шағым сонымен қатар жөндеуді тездетеді, өйткені дилер үлкен сомаларды төлемеу үшін мәселені тезірек шешуге мүдделі болады.