АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Украинаға 300 млн доллар көлемінде әскери көмек жіберетінін мәлімдеді.
Байденнің әкімшілігі бұл қаражатты Украинаның артиллериялық снарядтар мен дүркіндете ататын HIMARS реактивті жүйесіне арналған оқ-дәріні сатып алу үшін береді.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Джейк Салливанның айтуынша, бұл ақшаға сатып алынатын әскери көмек бірнеше аптаға ғана жетеді. Бұл қаражат келісімшарттардан үнемдеген Қорғаныс министрлігінің қаржысынан беріледі. Ал негізгі көмекті Конгресс әлі қолдамай отыр.
«Конгресте Украинаға 60 млрд доллардан астам әскери көмекті қарастыратын заң жобасы толық қолдау таппай жатыр. Сондықтан біз ақшаны бірнеше айға үзіліп қалған көмектің орнын толтыру үшін жіберіп отырмыз», – деді ол.
Джейк Салливанның пікірінше, бұл көмек – АҚШ-тың кейінгі бірнеше айдағы бірінші көмек пакеті. Қазір Ақ үй Украинаға мүмкіндігінше көбірек әскери көмек жіберудің жолын табуға әрекеттеніп жатыр.
60,06 млрд долларды сенаторлар Украинаны қолдауға, 14,1 млрд долларды Израильге, тағы 20,23 млрд долларды Максикамен шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, 4,83 млрд долларды АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхит аймағындағы серіктестерін қолдауға, 2,44 млрд долларды АҚШ орталық қолбасшылығына, тағы 2,44 млрд долларды Қызыл теңіздегі операцияларға жұмсамақ.
АҚШ президенті Джо Байден заң жобасын қолдап, Конгрестен оның қабылдануын кешіктірмеуді өтінді. Бастапқы дауыс аптаның ортасында берілетіні болжанған, бірақ заң жобасы өкілдер палатасында республикашылардың көпшілігінің үлкен қарсылығына ұшырауы мүмкін.
Сенаторлар 2023 жылдың күзінен бастап бұл жөнінде келісе алмай келеді. Негізгі себеп – республикашылардың демократтармен Мексикамен шекараны нығайту және иммиграциялық саясатты күшейту шаралары жөнінде ортақ пікірде болмауында. Республикашылар Мексикамен шекараны бақылауды күшейтуді талап етеді. Украинаға кез-келген қосымша көмек талқылануы керектігін де шарт қылмақ.
Конгрес былтыр күзден бастап Украинаны қолдау үшін жаңа бюджетті қабылдай алмаған. Осы уақыт ішінде бұрын бөлінген қаражат таусылып, Киевке америкалық әскери көмек көлемі айтарлықтай қысқарды.
АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Өкілдер палатасындағы республикалықтардың Украинаға жаңа қаржы бөлмей, Израильге қосымша көмек көрсету туралы заң жобасына қарсы болып отыр, деп хабарлады Qazaq.today агенттігі РИА Новости сайтына сілтеме жасап.
«Біз шекараны қорғау үшін ештеңе жасамайтын, Украина халқына көмектеспейтін және Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетуден бас тартатын бұл түлкі бұлаңға үзілді-кесілді қарсымыз», — делінген Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьердің мәлімдемесінде.
Жан-Пьердің айтуынша, Ақ үй Украина мен Израильге жаңа қаражат бөлуге мүмкіндік беретін ұлттық қауіпсіздік пен шекараны қорғауға қосымша қаржы қарастыру туралы заң жобасы бойынша келісімге келу үшін сенаторлармен бірнеше ай бойы жұмыс істеп жатыр.
АҚШ Президентінің әкімшілігі елдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне қарасты компанияларға Украинаға соңғы үлгіде жасалған әскери технологиялар жеткізіп тұруды міндеттеді. Бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасаған ТАСС хабарлады.
АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшысы Джейк Салливанның айтуынша, енді ел билігі қару-жарақ компанияларына Украинаға озық технологияны жеткізу үшін жұмыс істеткізіп, арнайы тапсырыс беріп отырады. Әзірше мұндай келісім Fortem Aerospace, Palantir Technologies, Anduril Industries пен Skydio компанияларының басшыларымен келісіліп отыр. Бұл кәсіпорындар келісімге сәйкес, Украинаға қорғаныс техникасы мен дрондарды жеткізетін болады.
Қолда бар мәліметке қарағанда, Салливанмен кездескен компания басшылары Украина өкіметімен тікелей жұмыс істей бастаған.
Еске сала кетсек, Украинаға көмек пакеті былтыр қыркүйек айында тоқтап қалған еді. Сол кезде Израильдің Газа секторына қарсы соғысы басталып кеткен-ді. Сонымен бірге Конгресте республикашылардың АҚШ шекараларын қорғауды бірінші кезекке қоюларына байланысты Украинаға қаржылай көмек көрсету жөніндегі шешім қабылданбай қалған.
Reuters агенттігі қазақстандық сайттарда Ресей армиясына еріктілерді іздей бастағаны жайлы жазды, деп хабарлайды Qazaq.today Ulysmedia.kz.-ке сілтеме жасап.
Жарнаманың қазақстандықтарға бағытталғаны анық екені айтылған – онда Ресей мен Қазақстанның тулары бейнеленген, ал рәміздердің жанында «Иін тіресе» деген ұран бар.
Хабарландыруда Сахалинде әскер қатарына қосылуды ұсынатын сайт көрсетілген. Оны кадрларды іріктеуге маманданған Сахалин облысының адами капиталды дамыту агенттігі ашқан.
Жұмысқа қабылданғандарға 894 мың теңге (2000 АҚШ доллары) жалақы және 2,3 миллион теңге (5300 АҚШ доллары) біржолғы төлем ұсынылады.
Бұған дейін украиналық саясаткер Алексей Гончаренко Қазақстанның Ресейдің ақпараттық шабуылына ұшырағанын айтқан болатын.
Айта кетсек, бұдан бұрын Қостанай азаматтарын Украинадағы соғысқа жіберу үшін іріктегенін хабарлағанбыз.