Каппадокиядағы туристік танымал нүктелердің бірінде түсірілген видео желіде таралып, қыз мемлекеттік символды қорлаған деп айыпталды. Ол акробатикалық трюктарды орындау үшін Түркия туы ілінген флагштокты қолданған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі bazabazonарнасына сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғындар оның әрекеттерін мемлекеттік символға тіл тигізу деп санаған және полицияға шағымданған. Осылайша, прокурорлық орган Түркия Қылмыстық кодексінің 300-бабы (мемлекеттік символдарды қорлау) және 301-бабы (Түркия ұлты мен институттарын қорлау) бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Ту біздің абыройымыз, көзіміздің нұры. Каппадокияға келген туристер әрдайым Невшехирдің қонақжайлылығымен баурайды. Алайда біздің ұлттық және рухани құндылықтарға құрметсіздік көрсету мүлде қабылданбайды», – деп мәлімеді жергілікті партия депутаты Эмре Чалышкан.
Бишінің азаматтығы белгісіз, түрік БАҚ-тары оны «yabancı turist», яғни шетелдік турист деп атайды. Кейбір пікірлерде видео авторы Балқан тілдерінің бірінде сөйлеген болуы мүмкін екені айтылған.
Айта кетейік, Түркияның заңына сәйкес қыз 1 жылдан 3 жылға дейінгі бас бостандығынан айырылады. Қазір қыздың ұсталғаны немесе Түркиядан кеткені туралы ақпарат жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке екеніне тоқталды.
– Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Бабаларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз. Бүгінде көк байрағымыз қастерлі Отанымыз – Қазақстанның бейбіт аспанында желбіреп тұр. Оны кейінгі ұрпаққа табыстау – қасиетті борыш, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір көк Туымыздың беделін бүкіл әлем мойындайды. Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны альпинистеріміз жер шарындағы ең биік шыңдарға көтерді. Спортшыларымыз талай мәрте жеңіс тұғырына шығарды.
– Биыл жауынгерлеріміз бітімгерлік миссиясын көк байрақтың астында тұңғыш рет дербес орындап келді. Азаматтарымыздың, мемлекетіміздің осындай жетістіктері Қазақстанның қуатты әрі жасампаз ел екенін көрсетеді. Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы. Елтаңбамыз, көк Туымыз бен Әнұранымыз әр азаматтың жүрегінен ерекше орын алады. Бұл – нағыз отаншылдық белгісі. Ұлт нышандары – халқымыздың болмыс-бітімінің айнасы, жарқын болашағымыздың кепілі, – деді Мемлекет басшысы.
Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев туды қорлаған жасөспірімдерге қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Qazaqtoday.kz ақпарат порталы.
Еліміздің, Қазақстанымыздың өзінің Туы, Елтаңбасы бар. Сондықтан оны өзгерту мүмкін емес. Өкінішке қарай, Туымызға басқа елдердің белгілерін, жазуын жазып жатқан фото әлеуметтік желілерде тарады, — деді депутат.
Қырықбаев қазір бұл оқиға бойынша кінәлілер анықталып, тергеу жүргізілгенін қоса кетті.
Кінәлі тұлғаларға, 18 жасқа толмаған 3 жасөспірім қызға айыппұл салынды. Көлемі 20 АЕК. Ал кәмелет жасынан асқан төртінші әйел 15 тәулікке қамауға алынды. Жалпы мұндай жағдай болмауы керек. Өйткені еліміздің өз Туы бар. Оны басқа елдің жазуымен бүлдіруге болмайды, — деп айтты мәжілісмен.
Темір Қырықбаев бала тәрбиесіне назар аудару керегін айтты.
Мектептерде оқушыларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүргізілуі керегін қоса кетті.
Президент ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасының мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрама спортшыларымен кездесуде Парижде басталатын дүбірлі доданы бүкіл әлем асыға күтетінін әрі оған төрткүл дүние түгел көз тігіп отырғанын айтты. Сонымен қатар үздіктердің үздігі бақ сынайтын байрақты бәсекеге ең мықты спортшыларымыз бара жатқанын атап өтіп, ел намысын қорғау абыройлы міндет екеніне тоқталды.
Фото: Ақорда
– Біз сіздерге зор үміт артамыз. Бүкіл халқымыз – сіздерге жанкүйер. Жалпы, қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашанда биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін. Шын мәнінде, сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ. Көк туымыз желбіресе, ұлтымыздың рухы асқақтайды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент спортшыларымызға барлық қажетті жағдай жасалып жатқанына тоқталды.
Фото: Ақорда
– Елді мекендерде арнайы алаңдар салынып жатыр. Өткен жылдың өзінде 70-ке жуық спорт орталығы ашылды. Биыл тағы 200-ге жуық нысан салынады. Баршаңызға мәлім, Ұлттық олимпиада комитетінде өзгерістер болды. Олимпиада ойындарына дайындық штабы құрылды. Тәжірибелі мамандарды шақырдық. Белгілі спортшы Геннадий Головкин келді. Әр салада осындай өз ісінің нағыз шебері болуға тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Біз – спортшыларға айрықша құрмет көрсететін елміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті спорт тарихында өшпес із қалдырған саңлақтарымыздың еңбегі әрқашан жоғары бағаланатынын жеткізді.
– Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасов, Жақсылық Үшкемпіров, Александр Винокуров, Бекзат Саттарханов, Ольга Рыпакова атындағы спорт нысандары – соның айқын көрінісі. Сіздер де биік белесті бағындыра аласыздар. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгінгі жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен абырой, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бейбітшілік және ынтымақтастық саясатына еліміздің қашанда бейілді екеніне назар аударды.
Фото: Ақорда
– Өткен аптада Астанада ШЫҰ саммиті табысты ұйымдастырылды. Бұл маңызы зор шараның басты мақсаты мемлекеттер мен халықтар арасындағы диалогты, достық пен сенімді нығайту болды. Мұндай басымдықтар күллі спорт әлеміне де тән. Өйткені кез келген спорт сайысы, ең алдымен, ынтымақтастықты, алға ұмтылысты және адамдардың бірлігін көрсетеді. Олимпиада ойындарының құндылықтары қарапайым спорт жетістіктерінен асып түседі. Ол – жекелеген спортшылардың да, тұтас мемлекеттердің де теңдігінің, өзара құрметі мен адал бәсекелестігінің жарқын бейнесі, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел намысын абыроймен қорғауда спортшыларға жауапты миссия жүктелгенін айтып, оларға сәттілік тіледі.
– Бәріңіз Олимпиада жолдамасын иелену үшін көп күш жұмсадыңыздар. Өздеріңіздің асқан шеберліктеріңізді көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізетіндеріңізге сенімдімін. Сіздерге барша Қазақстан халқы қолдау көрсетеді. Әрине, чемпион болу оңай емес. Қазақта «Намысқа шапсаң – алысқа шабасың» деген сөз бар. Сондықтан жеңімпаз боласыздар деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады.
Қазақстан құрама командасының негізгі бөлігі кездесуге Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығынан телекөпір арқылы қатысты. Онда спортшылар Париж Олимпиадасы алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.
Фото: Ақорда
Іс-шарада бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов, жеңіл атлетикадан Азия ойындарының жеңімпазы Ольга Сафронова, дзюдодан Олимпиада ойындарының жүлдегері Елдос Сметов сөз сөйледі.
Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан туын ұстап шығатын спортшыларға қатысты жаңа ақпарат пайда болды, деп хабарлайдыQazaq Today ақпарат агенттігі.
Осыған дейін еліміздің туын боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова ұстап шығатыны хабарланған еді. Бірақ Cпортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің жетекшісі Аян Төлеген бұл мәселе әлі нақты шешілмегенін айтты, деп жазады kaz.nur.kz.
«Асланбек Шымбергенов ашылу салтанатында ту ұстап шығуы әбден мүмкін. Ал оған көмектесетін екінші спортшы кім болатыны әлі талқыланып жатыр. Иә, үміткерлердің бірі жеңіл атлет Ольга Сафронова. Бірақ бұл ақырғы шешім емес. Өзгеріс болуы мүмкін», — деді Аян Төлеген.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Додаға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 10 мыңнан аса спортшы қатысады. Олар спорттың 32 түрінен 300-ден аса медальды сарапқа салады.