Tag Archives: Трамп

Трамп Оңтүстік Кореядан алтын тәж «тағып» қайтты

Фото: Information.UA

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Америка көшбасшысына ең жоғары мемлекеттік марапатты да табыс еткен, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Дональд Трамп осылайша мемлекеттік сапарының құрметіне Чхонмачхон қабірінен табылған алтын тәждің көшірмесін сыйға алған.

«Корея мен Құрама Штаттар арасындағы сенім мен серіктестіктің қайта жандануы үшін», – деді Ли Трампқа шыны витринадағы тәжді табыстап жатып.

Айта кетейік, АҚШ президентін қарсы алу рәсімі кезінде елдің оңтүстік-шығысындағы аттас қалада орналасқан, Силла патшалығының ежелгі астанасы болған (б.з.д. 57 – б.з. 935 жж.). Кёнчжу ұлттық мұражайында таныстырылған.

– Біз сізге осы алтын тәжді Кёнчжуға мемлекеттік сапарыңыздың құрметіне табыстаймыз, себебі ол Корей түбегіне алғашқы бейбітшілік әкелген және корей-америкалық одағының жаңа «алтын дәуірін» ашқан Силла рухын білдіреді, – деді Сыртқы істер министрінің хаттама жөніндегі орынбасары Ким Тхэ Чжин.

Ли Чжэ Мён америкалық әріптесіне Корей түбегіндегі тұрақтылықты сақтауға және бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін елдің ең жоғары мемлекеттік наградасы – Мугунхваның Үлкен орденін де табыстаған. Бұл – АҚШ президентінің беделді марапатты алғаш рет алуы.

Ал Дональд Трамп болса, Ли Чжэ Мёнге алғысын жеткізіп, Оңтүстік Корея мен Құрама Штаттар арасындағы қарым-қатынастың арта түсетінін айтты.

Трамп пен Си Цзиньпин Оңтүстік Кореяда кездеседі

Фото: Damir Sagolj / Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен Оңтүстік Кореяда кездеседі. Бұл туралы Ақ үйдің ресми өкілі Каролин Левитт айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Бейсенбі күні таңертең жергілікті уақыт бойынша президент Трамп ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен екіжақты кездесуге қатысады», – деді Левитт Ақ үйде өткен брифингте.

Осылайша Трамптың Азияға жасаған сапары Қытай көшбасшысымен кездесу қорытындыламақ. Бұл сапар барысында Ақ үй басшысы Малайзия, Жапония және Оңтүстік Кореяға барып, АСЕАН саммитіне қатысады.

Қос тарап 30 қазанда кездесетіні белгілі болды.

«Меніңше, бәрі өте жақсы аяқталады, барлығы риза болады», – деді Трамп.

АҚШ президенті Қытай басшысымен ең әуелі фентанил мәселесі бойынша сөйлесетінін айтты. Вашингтон Бейжіңді фентанил өндіруге қажетті химиялық заттардың ағынын тоқтата алмай отыр деп айыптап келеді. Фентанил АҚШ-тағы синтетикалық есірткіге тәуелділіктің негізгі себебі болып отыр. Өз кезегінде Қытай АҚШ-ты фентанил тақырыбын қысым құралы ретінде пайдаланып отыр деп санайды. Олар бұл мәселе екі ел арасындағы сауда соғысында АҚШ-тың тарифтерді көтеруіне негіз ретінде пайдаланылғанын жеткізді.

Трамп Зеленскийге Донбасты Ресейге беруді ұсынған – БАҚ

Фото: Kevin Lamarque / Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп 17 қазанда Украина басшысымен Ақ үйде кездесті. Ол Владимир Зеленскийге Ресейдің шарттарын қабылдауды ұсынған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі DW агенттігіне сілтеме жасап.

Financial Times басылымының жазуынша, Трамп Украина келіспеген жағдайда, Ресей президенті Владимир Путин елді жойып жібереді деп ескерткен.

Ақ үй басшысы Зеленскийді Донбасс өңірін толықтай Ресейге беруге көндірмек болған. Бұл аймақ Донецк, Луганск және Днепропетровск облыстарының кейбір бөліктерін қамтиды. Financial Times хабарлауынша, Зеленский Трампты соғысты қазіргі майдан шебінде тоқтатуға көндірген.

The Washington Post газетінің жазуынша, Ресей президенті Владимир Путин Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескенде соғысты тоқтату үшін Донецк облысына толық бақылау алғысы келетінін айтқан. Басылым дереккөздеріне сүйене отырып, Путин оның орнына Запорожье мен Херсон облыстарының кей бөліктерінен бас тартуға ниетті екенін мәлімдеген.

Владимир Зеленский Дональд Трамппен өткен кездесуден соң, Ресеймен соғыстағы ең өзекті мәселе аумаққа қатысты екенін баса айтқан.

«Ресейліктер бүкіл аумақты басып алғысы келеді», – деді ол.

Айта кету керек, бұған дейін Зеленский Трамппен сөйлесу үшін Вашингтонға барғанын жазғанбыз.

Трамп пен Путин тағы кездеседі

Фото: Daniel Torok/Zuma/TASS

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті. Олар Мажарстан астанасы Будапештте кездесу өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы BBC-ге сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, телефон арқылы сөйлесу туралы алдын ала хабарланбаған және бұл Трамптың Украина басшысы Владимир Зеленскиймен Вашингтонда кездесуі қарсаңында болған.

Әңгіме екі сағаттан астам уақытқа созылды. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың сөзінше, телефон арқылы әңгімелесуге Мәскеу бастама білдірген. Путин Трампты Израиль мен Газа арасындағы қақтығысты реттеп, Таяу Шығыста бейбітшілікті орнатқанымен құттықтаған.

 

«Біз Украинадағы соғыс аяқталған соң, Ресей мен АҚШ арасындағы сауда-саттық қалай болатынын ұзақ талқыладық», – деп жазды Трамп TruthSocial желісінде.

 

Ақ үйдегі баспасөз брифингінде АҚШ президенті ресейлік әріптесімен кездесуі алдағы екі аптаның ішінде өтуі мүмкін екенін жоққа шығармады.

 

«Біз Будапештте кездесеміз деп келістік. Онда Украина мен Ресей арасындағы бұл соғысты тоқтата аламыз ба, сол туралы сөйлесеміз», – деді Ақ үй басшысы.

 

Оның айтуынша, екі елдің жоғары деңгейдегі делегациялары келесі аптада кездеседі. АҚШ атынан делегацияны Мемлекеттік хатшы Марко Рубио бастап барады, ал Ресей делегациясының құрамы мен кездесу орны әлі нақтыланған жоқ. Содан кейін ғана президенттердің жеке кездесуі өтпек.

Трамп әңгімелесуді өте тиімді деп бағалап, оның қорытындысы бойынша айтарлықтай жетістікке қол жеткізілгенін айтты.

 

Владимир Зеленский Дональд Трамппен сөйлесу үшін Вашингтонға барды

Фото: president.gov.ua

16 қазан күні кешке Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-қа барды. Оның ұшағы Вашингтон маңындағы Эндрюс әскери-әуе базасына келіп қонды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы DW агенттігіне сілтеме жасап.

Зеленский өзінің Telegram парақшасында алдағы бірнеше сағат ішінде АҚШ-тың қорғаныс саласындағы компаниялардың өкілдерімен кездесетінін жазды. Оның сөзінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін қосымша жеткізу мәселесін талқылау жоспарланып отыр. Бұдан кейін ол энергетикалық компаниялармен де жүздеседі.

«Қазір Ресей біздің энергетикамызға қарсы террорға басымдық беріп, күн сайын соққы жасап жатыр. Біз Украина тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейміз», – деді Зеленский.

17 қазанда Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен кездеседі.

«Біз Таяу Шығыста қақтығысты реттеуге бағытталған әрекеттің сәтті жүзеге асуы Ресейдің Украинаға қарсы соғысын да тоқтатуға ықпал етеді деп үміттенеміз», – деді Украина басшысы.

Бұған дейін Дональд Трамп Украинаға 2500 шақырымға дейін ұша алатын америкалық Tomahawk зымырандарын беру мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Ақ үй басшысы бұл мәселені Зеленскиймен талқылауға ниетті. Киев бұл зымырандарды әскери мақсаттарға ғана қолдануға уәде беріп отыр.

Зеленский, Вашингтон, Трамп, кездесу