Tag Archives: Толқын Забирова

Толқын Забирова қандай келін қалайтынын айтты

Фото: видеодан скрин

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, эстрада жұлдызы Толқын Забирова болашақ келініне қандай талаптар қоятынын айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Әнші бұл жайында «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында баяндады.

«Қандай келін керек маған? Ол қандай болу керек? Ата-ананың тілегі: бір-бірінің тілін тапса, сыйластықпен өмір cүрсе, одан артық маған ешнәрсе керек емес. Ешқандай талап қоймаймын. Ұлымның таңдауын қабылдаймын. Ана еш уақытта кері жүрмеуі керек, әр адамның өзінің сезімі бар. Әр адам жүрегін тыңдауға тиіс. Тәулігіне 24 сағат әңгіме айтсақ та, мен оны түбіне дейін түсінбейтін шығармын. Ол басқа отбасында тәрбие алған адам. Менің балам қабылдады ма, мен үшін ол табу, талқыланбайды», – деді Толқын Забирова.

 

«Бәрі де анамның арқасында»: Толқын Забирова ішіндегін ақтарды

Эстрада және опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова жуырда дүниеден өткен анасы жайлы естеліктерін «Бүгін LIVE» бағдарламасында бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

 

«Өмірге деген құштарлық — анамның ақ сүтімен бойыма сіңген қасиет. Анам өте өнерлі жан еді. Алғаш сахнаға шыққанымда сахна киімдерімді тігіп берген. Өнерге, білімге баулыды. Әкемнің орны жоқтығын білдірмей, 1979 жылы Аягөзден Алматыға алып келіп, білім алуыма сеп болды. А. Жұбанов атындағы Республикалық музыка мектебіне орналастырып, музыка жағынан сауатымды ашып, консерватория, одан кейін аспирантурада білім алуыма себеп болды. Бүгінде кандидаттық диссертациямды қорғап, профессор атандым, шәкірт тәрбиелеп отырмын – бәрі де анамның арқасында”, – деп еске алды ол. 

 

Әнші жуырда Астана және Алматыда шығармашылық кешін береді.

«Концерттерімнен бас тартамын деп ойладым» – Толқын Забирова анасының қазасы жайлы

Фото: @tolkyn_ zabirova

Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова әлеуметтік желідегі парақшасында жақында дүниеден озған анасы жайлы жантебірентерлік жазба қалдырды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Сүйікті менің оқырмандарым! Жақында отбасымда болған қайғылы жағдайды естіген боларсыздар… Осыған байланысты жоспарланған концерттерімнен бас тартамын деп ойладым. Бірақ жақындарым мен ұстазым Бибігүл Ахметқызының әңгімесінен кейін қаншалықты қиын болса да, концертті жоспар бойынша жасауды шештік», — деп жазды өнер иесі.

Толқын Забирова анасы өмірді сүйіп өткенін, бұл қасиет өзіне де дарығанын атап өтті.

«Анамның арманы осы концертті көру болды. Сондықтан анашымның арманын орындап, тағзым етіп, анама арнаймын. Баланың бағы жанса – ана бақытты. Өнер жолымдағы әр қиыншылық пен қуанышты бірге бөлісті. Әр бағындырған шыңыма баладай қуанды. Менің ақ періштем, менің қанатым, досым, серігім, жанашырым, қолдаушым, қорғаушым! Сен мәңгі менің жүрегімдесін. Бұл концерт өзіңе арналады. Менің қасымда болатыныңа, қолдайтыныңа күмәнім жоқ», — деп толықтырды әнші.

Ол бақытты өмір сыйлағаны үшін анасына тағзым етіп, рақметін айтты.

«Өз көрерменімді 17 қазанда Алматы қаласы Республика сарайында, 23 қазанда Астана қаласы Бейбітшілік пен Келісім сарайында күтемін!», — деп түйіндеді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

«Жаның жұмақтың төрінде шалқысын»: Толқын Забирова жақынынан айырылып қалды

Фото: @zabirova

Танымал әнші Толқын Забирова әлеуметтік желіде анасынан айырылғанын айтып, суық хабар жеткізді, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Әнші бұл туралы өзінің желідегі парақшасында бөлісті.

«Анашым… Жұмағым… Өмір – сынақ, ештеңе мәңгі емес.

Кішкентай ақ періштем менің, сен мәңгі менің жүрегімдесің!

Біз сені жақсы көреміз, жаның жұмақтың төрінде шалқысын», — деп жазды әнші.

Желі қолданушылары әншінің анасының өмірден озуына байланысты көңіл айтып, өнер иесіне қолдау көрсеткен. «Анаңыздың жатқан жері жарық болсын, иман байлығын берсін», «Бекем болыңыз, анаңызға қатты ұқсайды екенсіз», «Иманды болсын» деп жазды олар.