Tag Archives: сынау

Қуат Хамитов қазақстандық футболшыларды тағы да сынның астына алды (ВИДЕО)

Фото: instagram/kuat_khamitov

Танымал ММА жауынгері Қуат Хамитов Namys Fighting YouTube арнасына берген сұхбатында Қазақстан футболының қазіргі жағдайына және ұлттық құраманың болашағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы 1bol.kz cілтеме жасап. 

Спортшының айтуынша, қазақстандық футболда жүйелі дағдарыс бар, ал елде «жас буын өсіп келеді» деген әңгіме – бос үміт қана.

 

«Қайтадан жеңілді. Кеше маған біреулер айтып жатыр: «Қуат, сен қателесесің, жастар өсіп келеді, бәрі алда». Қайдағы жастар? Олар Андорра ма, Лихтенштейн бе, аты-жөнін де білмеймін, сондай елдерден жеңілді. Ал ол командалар алты жыл бойы жеңіске жетпеген! Кеше біздің «Қайраттық» жастарды тас-талқан етті. Сонда мен қай жерден қателестім? Барлығы жеңіліп жатыр әрі бұл енді ғана басталды», — деді ол.

 

Файтер футболшылардың өзін шетелдік жұлдыздармен салыстыруын сынға алды:

 

«Олар өздерін Еуропаның мықты елдерімен, Чемпиондар лигасында ойнайтын клубтармен салыстырғанды ұнатады. Бірақ айырмашылық мынада: олар өз халқын тонамайды. Мен Роналдуның Португалия халқының миллиардтарын ұрлап, кейін «Спортинг», «Реал» немесе «Аль-Иттихад» клубтарында ойнағанын естіген емеспін. Ондай нәрсе болмайды», — деді Хамитов.

 

Айта кетсек, соңғы уақытта қазақстандық жастар құрамаларының нәтижесі көңіл көншітпейді: U-21 құрамасы жолдастық кездесуде Өзбекстаннан 0:1 есебімен ұтылса, U-20 құрамасы да сол қарсыласына 1:3 есебімен есе жіберген. Бұған дейін U-21 командасы Еуро-2027 іріктеу кезеңінде Андорраға 0:1 есебімен жеңілген болатын.

«Халыққа көмектескенін неге көрсетпейсіздер?»: Депутаттар мерейтойы үшін сынға қалған экс-мәжілісменге араша түсті

Фото: Гүлзира Айдарбекованың парақшасы/parl.kz

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев экс-мәжілісмен Мақсат Раманқұловтың мерейтойынан түсірілген видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат агенттігі.

Мәжіліс алаңында журналистер Азат Перуашевтан бұрынғы депутаттың 50 жылдығын тойлағанына қатысты не ойлайтынын сұрады, деп жазады Stan.kz.

«Сұрақты өзіне қойыңыздар. Өйткені ол туған күніне біздің әріптестерімізді шақырды. Туған күнге барғанда, онда не дайындалып жатқанын, қандай тамақ болатынын қайдан білесің?! Екіншіден, Мақсат Раманқұлов –  табысты кәсіпкер. Ол 20-дан астам түрлі нысан, соның ішінде тұрғын үй салған», – деді депутат.

Мәжілісменнің айтуынша, Мақсат Раманқұловтың су тасқыны кезінде қазақстандықтарға көмектескенін айта өту керек.

«Тыңдаңыздар, бұл қызық нәрсе. Біз оның көмек жинап, Петропавлға жеңіл көліктер мен жүк көліктерін жібергені туралы видео жарияладық. Мұны неге ешкім көрсетпейді? Барлығы оның туған күнін қалай атап өткенін талқылап жатыр. Оның қалай көмектескенін көрсетіңіз, ол су тасқынынан зардап шеккендерге жүк көлігімен көмек жіберді. Енді одан артық не істей алады? Бұл не деген ақымақтық?», – деді Перуашев.

«Жылтыр дүние»: Белгілі актер басшылықта отырған әріптестерін сынады

Фото: Болат Әбділмановтың жеке архивінен

Танымал актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов актер адам басшылыққа бармау керектігін айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Актер «Базар like-қа» берген сұхбатында өнер адамының қызметте жүруіне қарсы екен жеткізді.

«Сабира Майқанова рөлді сахнаға алып шықпас бұрын, бір жеті қонаққа бармайтын, қонақ шақырмайтын, телефонның бәрін өшіріп тастап, сомдайтын рөлін бойына сіңіретін. Әйтпесе кешке дейін той басқарып келіп, қалай Гамлетті, қалай Абайды ойнайсың?  Шаруа мен өнерді біріктірсең өнер болмайды. Ол – жылтыр дүние. Рөліңді сомдап, қайтадан директор болып отыра бересің бе сонда? Бұл – күшіңнің бәрі сол қызметке кетеді деген сөз», — деді ол.

Болат Әбділманов актер барлық энергияны өнерге салғаны дұрыс деп есептейді.

«Үкіметтің міндеті — адамды аман сақтау»: Журналист мәжбүрлеп көшіруді сынағандар туралы жазды

Фото: Caravan.kz
Журналист, тележүргізуші Алмас Алтай әлеуметтік желіде Үкіметің су басқан өңірлерден тұрғындарды мәжбүрлі түрде көшіруін сынға алғандар туралы жазды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
«Солтүстікте жүрген Премьер министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың бұйрығымен Петропавл қаласының шетіндегі ауылдардан тұрғындар күшпен көшіріле бастады. «Осы нәрсе болмай-ақ қойса екен» деп ойлап едім, болып жатыр екен… Яғни, Адам өмірін сақтау үшін- мәжбүрлеп көшіру! Үкіметтің міндеті — Адамды аман сақтау!», — деп жазды ол.
Оның айтуынша, Instagram мен Tik-Tok желісінде «неге мәжбүрлеп көшіріп жатыр» деп жазып жатыр.
«Халыққа жаны ашығансып отырған лайкжинаушылар ертең су тасқыны келгенде адам өлсе (беті аулақ!!!) Үкіметті кінәлаудан жүзі жанбайды ғой…
Жалпы, сөздің, өсектің көбейетін кезі ғой бұндай кез:
Шығынға өтемақы төлеудегі қулықтар туралы қауесеттер шыға бастады;
«Эвакуациялық пункттерге, барын беріп қарсы алған елге ризалық білдірмей, керісінше, текаппар қылық көрсетіпті» деген сыпсың тарай бастады;
Алып-қашпа әңгіме, әртүрлі елбұзар сөздер қуалай бастады…
 Ел болған соң ішінде аласы мен құласы қатар жүреді ғой. Барған ағайын да, қарсы алған ағайын да — бірі біріне шыдап, осы аз күндік өткелектен әдемі өтіп кетуі керек қой.
Қазір кінәласу да орынсыз. «Анау бүйтпеді», «әкім сүйтпеді», «министр үйтпеді» десіп отыратын кез өтіп кетті. Қазір тізе қосып қимылдайтын, қол ұстасып қатерге қарсы күресетін кез деп білем.
Мемлекет аянып жатқан жоқ! Масштабы сонша үлкен болмаса, бір облыстың әкімі өзі игердей жұмыс болса республикалық комиссия құрылмас еді, Бектенов сол жерде жүрмес еді, Бозымбаев әлі Атырауда отырар ма еді? Тым көлемді апат, тым жойқын тасқын — абдыратып тастағаны да содан!
Қазір сөз ұстаған, қалам ұстаған, фанат ұстаған журналист, блогер, ел назарындағы тұлғаның бәрі халыққа шын ақпарат ұсынып, байыппен сөйлеуі керек қой. Жүйкесі жұқарып, діңкесі құрып отырған елді дүрліктіре беру — қате!
Жұдырық боп жұмылып, тас-түйін боп бірігіп қызмет қылайық!», — деп жазды ол Facebook парақшасында.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын сынға алды

Фото: Үкімет

Премьер-Министр Олжас Бектенов «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асырудағы Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі inbusiness.kz — ке сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру жұмыстарының тиімсіз жүріп жатқанын атап көрсетті. Бұл мәселе Үкіметте бірнеше рет қаралды, бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ. Өздеріңізге мәлім, өткен жылы 309 объектіні салу жоспарланған болатын. Алайда, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары тым ұзаққа созылып кетті. Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алды. Әкімдіктер де құрылыс орындарын анықтау, жер учаскелерін уақытылы бөлу бойынша түрлі сылтау айтып, мәселені шұғыл шешуге ниет танытқан жоқ», — деді Премьер-Министр.

Сөзінше, жобалау құжаттарын рәсімдеу мен сараптама мәселелері де тым кешеуілдеп кетті. Салдарынан ауылдық жерлердегі медицина объектілерінің құрылысын бастау мерзімдері бұзылды.

«Өткен жылы тек 99 объектіні тапсыру туралы шешім қабылданған болатын.
Бірақ оның өзіне қол жеткізілген жоқ. Әлі күнге дейін 7 нысан аяқталмады. Былтыр әкімдіктер типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыруға тиіс еді. Бұл жұмыс та аяқсыз қалды. Қазіргі таңда 239 объектінің жобалық құжаттамасы дайын, оның 109-ы бойынша ғана мердігер компаниялар айқындалды. Қалғандары әзірге нақты істен гөрі, жалаң сөз күйінде қалып отыр. Ал, құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз-сәуір айларында бастау қажет. Денсаулық сақтау министрлігі болса, оларды қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерді беруге асығар емес. Әкімдіктер де қаржыландыру мәселелерін шеше алмай келеді», — деп жалғастырды Олжас Бектенов.

Олжас Бектенов әлі күнге дейін көпбейінді аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары басталмағанын баса айтты.

«Оларға медициналық жабдықтар сатып алу ісінде де жағдай мәз емес. Мұндай процедуралар көп уақытты алады. Министрлік олардың есеп-қисабын жүргізген де жоқ. Медициналық ұйымдарды жиһаздармен және құрылыс материалдарымен жабдықтау кезінде отандық өндірушілерді белсенді түрде тарту қажет», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге биыл барлық объектінің құрылысын нақты мерзімде аяқтауды тапсырды.