Tag Archives: субсидия

Жамбыл облысында алаяқтар субсидияға бөлінген 105 млн теңгені жымқырған

Фото: Pixabay

Жамбыл облысында алаяқтар субсидияға бөлінген қаржыны жымқырған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Алматы арнасына сілтеме жасап.

Бұл жолы облыстың екі тұрғыны 105 миллион теңгені қалтаға басқан. Олар қаржылық қылмысты екі жыл бұрын Тұрар Рысқұлов ауданында жүзеге асырған. Сол аудандағы 100-ден аса шаруа қожалығына сапалы техника алып береміз деп сан соқтырғандар құрылғылардың бағасын бірнеше есе қымбат көрсетіп, мемлекеттік порталға 604 миллион теңгеге өтінім берген. Ал мемлекеттік бағдарлама бойынша сұратылған қаржының 25 пайызын министрлік төлеп береді. Сөйтіп қылмыскерлер қолға түскен 151 миллион теңгенің тек 45 миллионына құрал алып, қалғанын қолды қылған.

«Мемлекетке 105 млн теңге шығын келтіріп отыр. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2- тармағына сәйкес екі тұлғаға қатысты 10 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – деді облыс прокурорының аға көмекшісі Нариман Торабеков.

Депутат шаруа қожалығына бөлінген 457 миллион теңге субсидияны ұрлаған

Фото: Pixabay

Ақтөбе облысында аудандық мәслихат депутаты Асылбек Нұргелдин шаруа қожалықтарына субсидия ретінде берілген 457 миллион теңгені ұрлаған, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.

2020 жылы Асылбек Нұргелдин «К» шаруа қожалығының басшысы бола тұра, аграрлық несие корпорациясына «Г» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 1200 бас ірі қара малын сатып алу келісімшартын жасап, 780 миллион теңге несие алуға шешім қабылдады. Шын мәнінде оның мал сатып алу ниеті болмаған, деп жазады Stan.kz.

Кепілге ірі қара малды қоямын деген, ал іс жүзінде ол мал жоқ. Депутатқа 390 миллион теңге беріліпті, ол қаржыны туысының шаруа қожалығының есепшотына аударған. Осылайша 290 миллион теңге жеке шотқа, ал қалғаны «К» шотына аударылды.

Депутаттың 2021-2022 жылдар аралығында малы болмаған және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын жаңылыстыру арқылы ауыл шаруашылығы малдарының асыл тұқымды малын бордақылау құнын төмендетуге субсидия алуға жалған өтінім берген.

«Ол аударылған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, өз қажеттіліктеріне жұмсаған, сөйтіп ауыл шаруашылығы бөліміне материалдық шығын келтірген», – деді сот.

Асылбек Нұргелдинге сот үкімі шықты. Ол қылмыстық кодекстің 190-бабы “Алаяқтық” бойынша 10 жылға коммерциялық ұйымдарда ұйымдастыру, әкімшілік және материалдық-жауапты функцияларды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл бас бостандығынан айырылды.