Вьетнамның орталық аймақтарында толассыз жауған нөсер жаңбырдан болған су тасқыны мен лай көшкіні салдарынан кемінде 10 адам қаза тапты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Жергілікті биліктің мәліметінше, портты Дананг қаласында су тасқыны салдарынан 6 адам көз жұмып, 19 адам жарақат алған. Мыңдаған үй мен ауыл шаруашылығы алқаптары, сондай-ақ үй жануарлары табиғи апаттан зардап шекті.
Хюэ қаласында су тасқыны салдарынан бір адам қаза тауып, бес жасар қыз бала із-түзсіз жоғалғандар қатарында тұр.
Куангнгай провинциясында 120-дан астам көшкін тіркеліп, олардың салдарынан кемінде 3 адам қаза тапты.
Су тасқыны мен көшкін бірнеше автожолдың жабылуына себеп болды, ондаған адам көлігінің ішінде қалып қойған.
Вьетнамның метеорологиялық басқармасының мәліметінше, Хюэ қаласында соңғы 24 сағат ішінде жауын-шашын мөлшері рекордтық деңгейге жеткен.
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген ежелгі Хойан қаласында су деңгейі күрт көтеріліп, туристерді қайықпен эвакуациялауға тура келген.
Сонымен қатар қатты жауған жаңбыр салдарынан астана Ханой мен Хошимин қаласы арасындағы теміржол қатынасы уақытша тоқтатылды. Бұл мыңдаған жолаушының жол жүру жоспарына кері әсерін тигізді.
Пәкістанда 26 маусымнан бері нөсер жауын салдарынан болған су тасқынынан мыңнан астам адам қаза тапты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Пәкістанның Төтенше жағдайлармен күрес жөніндегі ұлттық басқармасының (NDMA) хабарлауынша, жалпы апат 1002 адамның өмірін қиды. Оның ішінде – 274 бала мен 163 әйел бар. Сонымен қатар мыңнан астам адам жарақат алған.
Пенджаб провинциясында 2,4 миллионнан астам адам табиғи апаттың зардабын шекті.
Су тасқыны елдің инфрақұрылымына да үлкен зиян келтірді: 12 мыңнан астам үй бүлінген, 6 509 бас мал қырылған.
Билік өкілдерінің айтуынша, биылғы су тасқыны 2022 жылғы апаттан кейінгі ең ірі зілзала болды. Ол кезде 1 700-ден астам адам қаза тауып, ел аумағының үштен бірі су астында қалған, ал жалпы шығын 32 миллиард доллардан асқан еді.
Солтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдай орын алды: журналист түсірген бейнежазбадағы қарияның болжамы расталды. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жақында жарияланған бейнежазбада ауыл тұрғыны жаңадан салынған дамбаның сенімсіздігіне алаңдаушылық білдірген еді. Бүгін сол дамбаны су жарып өтті. Оқиға Большая Малышка ауылының маңында орын алып, төтенше жағдайлар қызметі шұғыл түрде тұрғындарды эвакуациялауға кірісті.
Ауылдағы жағдай: шұғыл шаралар қабылдануда
Қазіргі таңда ауылда шұғыл эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде. Құтқарушылар, полиция қызметкерлері және жергілікті билік өкілдері барлық күштерін жұмылдырып, су басу қаупі бар аймақтардан халықты шығарып жатыр.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, дамбының бұзылуына соңғы күндердегі нөсер жауын мен еріген қар суларының көп мөлшері себеп болған. Жергілікті тұрғындар мен мамандар бұған дейін дамбаның сапасына күмән келтірген болатын.
Билік пен халық: сенім дағдарысы
Бұл жағдай жергілікті биліктің инфрақұрылымдық жобалардың сапасын бақылауда әлсіздік танытқанын көрсетті. Тұрғындардың пікірінше, дамбы құрылысы кезінде техникалық талаптар сақталмаған.
Мамандар табиғи апаттың салдарын азайту үшін барлық қажетті шаралар қолға алынғанын, бірақ жағдайдың өте күрделі екенін атап өтуде. Билік өкілдері алдағы уақытта зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілетінін уәде етті.
Сарапшылар пікірі: алдын алу қажет еді
Сарапшылар бұл оқиғаны табиғи құбылыстармен қатар, техникалық және басқарушылық қателіктердің салдары деп бағалап отыр. «Су басу қаупі бар аймақтарда инфрақұрылымды салу кезінде қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтау қажет,» — дейді төтенше жағдайлар жөніндегі сарапшы Серік Қасымов.
Қазіргі кезде су тасқынының ауқымын шектеу және зардапты азайту үшін барлық күш жұмсалуда.
Су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі Президент тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Үкімет резервінен батиметриялық зерттеулер жүргізуге шамамен 576 млн теңге бөлінді. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Қаржыландырудың негізгі бөлігі жабдықтар мен техникалық жарақтарды сатып алуға, сондай-ақ зерттеулер жүргізу жөніндегі қызметтерге бағытталатын болады.
Атап айтқанда, қаражатты «Қазсушар» ШЖҚ РМК «Су метрология» филиалына тікелей еліміздің солтүстік, батыс және орталық өңірлерінің су тасқыны қаупі бар учаскелеріне батиметриялық түсірілім жүргізуге бағыттау жоспарланып отыр.
Республикалық маңызы бар су қоймаларына батиметриялық зерттеу жүргізуді қоса алғанда, жұмыстар 2025 жылы жалғасады. Алынған деректер ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ға су тасқынын болжау және модельдеу ақпараттық жүйесіне енгізу үшін берілетін болады.
Көктемгі су тасқыны Қазақстан үшін ауыр сынақ болды. Табиғи апаттан 70 мыңнан астам адам эвакуацияланып, 12 мыңнан астам тұрғын үй мен 7 мың саяжай бүлінді. Су жолдарды шайып, құнарлы жерлерді зақымдап, көптеген адамды баспанасы мен мүлкінен айырды.
Мемлекет шұғыл түрде өтемақы мен қолдау шараларын ұйымдастырды. Президенттің ынтымақтастыққа шақыруы қоғамда кең қолдау тапты. Алғашқылардың бірі болып бизнес-қауымдастық көмекке келіп, зардап шеккендерге 250,5 миллиард теңге жинады. Ірі компаниялар, кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар да қайырымдылық акцияларына белсенді атсалысты.
Аталмыш игі іске «World Green Company», «Jusan Bank», «ERG», «Базис-А», Samruk-Kazyna trust, «ҚазМұнайГаз», «Қазмырыш», «Halyk Bank», «Kaspi», «Қазақстан халқына» қоры және басқа да ұйымдар қомақты үлес қосты. Сонымен қатар, меценаттар мен кәсіпкерлер, атап айтқанда Мухамед Избастин, Айдын Рахымбаев, Андрей Лаврентьев, Нұрлан Смағұлов және басқалар да белсенділік танытты. Мысалы, Мухамед Избастин «Қазақстан халқына» қорына 450 миллион теңге аударып, өз үлесін қосты. Оның айтуынша, табиғи апаттың салдарын жедел және бірлесе шешу маңызды, себебі елдің бірлігі кез келген қиындықты жеңуге негіз болады.
Андрей Лаврентьев те айтарлықтай көмек көрсетті. Қостанайлық машина жасаушылардан 250-ге жуық адам эвакуация және қолдау шараларына жұмылдырылып, «Allur» зауыты арнайы техника бөлді. «AGROMASH» зауыты жатақханадан зардап шеккендерге баспана ұсынды. Бұл тек қаржылай ғана емес, материалдық тұрғыдан да жасалған қолдаулардың үлгісі болды.
Қазақ халқының көмек қолын созу дәстүрі терең тамырланған. Асар дәстүрі, жылу жинау, шүлен тарату сияқты игі істер қазақ мәдениетінің және ислам дінінің ажырамас бөлігі. Бұл жолы да ұлттық дәстүр жалғасын тауып, көптеген кәсіпкерлер мен ұйымдар зардап шеккендерге көмек қолын созды.
Бүгінде Қазақстанда жүздеген қайырымдылық ұйымдары жұмыс істейді. «Қазақстан халқына» қоры – солардың ішіндегі ең беделдісі. Қор денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спорт салаларында көмек көрсетіп, төтенше жағдайларда зардап шеккендерге қолдау көрсетумен айналысады. Ірі бизнес өкілдері қор жұмысына қомақты үлес қосып, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға үлес қосуда.
Қазіргі таңда қор 17 қайырымдылық бастамасы мен бағдарламасын жүзеге асырып, олардың санын екі есе арттыруды жоспарлап отыр. Бизнес-қоғамдастық бұл бастамаларды белсенді қолдап, әлеуметтік көмек жүйесін дамытуды көздейді.
Осылайша, көктемгі су тасқыны қоғамымыздың бірлігін сынаған үлкен сынақ болса, оны бірлескен күш-жігеріміздің арқасында еңсере білдік.