Tag Archives: СІМ

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары тағайындалды

Фото: gov.kz

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

 

«Мемлекет басшысының өкімімен Ақан Ақасұлы Рахметуллин Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымынан босатылды», – делінген хабарламада.

 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының өкімімен Ержан Нигматоллаұлы Ашықбаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.

Айбек Смадияров: Жоғары жалақы іздегендер алаяқтарға жем болып жүр

ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров қазақстандықтардың Оңтүстік-Шығыс Азияда «құлдыққа түсіп жатыр» деген ақпараттарға нүкте қойды, деп жазады Qazaq.today ақпарат порталы.

Оның айтуынша, бұл құлдық емес, алаяқтықтың құрбаны болу жағдайлары.

«Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қазақстандықтар құлдыққа түсіп жатыр деген ақпараттар тарап жүр ғой. Оның бәрін тексердік. Өйткені соңғы екі жылда көбейіп кетті. Бірақ бұл ешқандай да құлдық емес. Бұл тек қана алаяқтық», – деді ол.

Смадияровтың сөзінше, сол аймақтарда интернет, колл-орталық сияқты алаяқтардың заңсыз ұйымдары жұмыс істейді. Олар жұмысқа жоғары жалақы ұсынып, қазақстандықтарды тартқаннан кейін, біраз уақыттан соң адамдар не істерін білмей қалады.

«Айлықтары жоғары, бір жылдай жұмыс істеп, ақшаларын жинап алады да сосын не істерін білмей, консулға звондайды: “Ойбай, маған көмектесіңіздер, мені шығарыңыздар”, – дейді. Біз барып көмектесеміз. Олар елге келеді, құжаттарын ауыстырады, қайтадан барады ақша жасауға», – дейді ресми өкіл.

Министрлік соңғы жылдары мұндай фактілердің көбейгенін атап өтіп, жергілікті билік, Қытай және БҰҰ-мен бірлесіп алаяқтық синдикаттарға қарсы күрес жүргізіп жатқанын жеткізді.

«Сол елдердің биліктерімен, Қытайдың билігімен, БҰҰ-мен бірігіп, халықаралық синдикаттарға қарсы күресіп жатырмыз. Жақында Камбоджа мен Лаоста бірнеше Қытай азаматы ұсталып, елдеріне қайтарылды. Өйткені көбіне солар алаяқтық компанияларды басқарады», – деп мәлімдеді ол.

Айбек Смадияров қазақстандықтардың бұл ұйымдарға біле тұра баратынын, олардың жоғары білімі мен тілі бар екенін де атап өтті.

«Оны білмейді, сана-сезімі төмен деп айтуға болмайды. Білмесе екі тіл меңгерген, жоғары білімі бар. Сондықтан ешқандай да құлдық жоқ», – деп түйіндеді министрлік өкілі.

Египетте қайтыс болған азаматшаның денесі елге бүгін жеткізіледі

Египеттегі әуежайда орын алған қайғылы оқиғада қаза тапқан қазақстандық әйелдің мәйіті бүгін, барлық қажетті рәсімдер аяқталған соң, елге жеткізіледі. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров мәлімдеді,деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

«Мәйітті барлық қажетті процедура аяқталғаннан кейін, бүгін елге жеткізу жоспарланып отыр. Менің білуімше, барлық шығынды Египет тарапы көтереді. Сондай-ақ моральдық өтемақы мәселесі де шешілді. Бұдан бөлек, қазақстандық сақтандыру компаниясы іске қосылды», – деді ол.

Қайғылы оқиға Египеттің азаматтық авиация министрлігінің тікелей бақылауында. Оқиға тіркелген күні-ақ арнайы тергеу комиссиясы құрылды. Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр.

ҚР Сыртқы істер министрлігі оқиғаға байланысты Египеттегі консулдық қызмет өкілдерінің жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын атап өтті. Олар марқұмның отбасымен байланыс орнатып, қажетті заңдық және логистикалық көмек көрсетуде.

Қайтыс болған азаматшаның денесі бүгін Қазақстанға жеткізіледі. Мемлекеттік органдар мен Египет тарапы бұл істі ерекше бақылауда ұстап отыр. Қос тараптың өзара іс-қимылы нәтижесінде моральдық және қаржылық өтемақы мәселелері шешімін тапты.

Египеттегі қайғылы жағдай: Әлібек Қуантыров пікір білдірді

Фото: gov.kz

СІМ Египетте қайтыс болған әйелге қатысты пікір білдірілді Бүгін Мәжіліс кулуарында Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Қуантыров Мысыр әуежайында қаза тапқан қазақстандық азаматқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Оның айтуынша, марқұмның денесі жақын арада Қазақстанға жеткізіледі. Жүк тасымалына байланысты шығындарды мысырлық тарап өз мойнына алған, сондай-ақ бұл іске қазақстандық сақтандыру компаниясы да қатысып жатыр. Қазіргі уақытта арнайы комиссия құрылып, жағдайды консул бақылап отыр.

Сонымен қатар, Мысырдың азаматтық авиация министрі қазақстандық тарапқа ресми түрде көңіл айтты. Компенсация мәселесіне келсек, вице-министр бұл отбасының жеке мәселесі екенін алға тартып, өтемақы сомасы жария етілмейтінін атап өтті.

«Ресей елімізге нота жіберді»: Тарихшы ашаршылықтың ашық айтылмау себебін түсіндірді

31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып бекітілген. Әйтсе де ашаршылық тақырыбы әлі күнге дейін ашық әрі ашылып айтылмай келеді. Осы орайда белгілі тарихшылар Сұлтан Хан Аққұлы мен Еркін Әбіл «Qasqa Jol» ютуб-арнасында қонақта болып, ашаршылыққа қатысты біраз өзекті дүниенің бетін ашты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Біз ашаршылық тақырыбын айтудан кенде емеспіз, бірақ оны зерттеуге білек сыбана кірісіп әлі іске көше қойған жоқпыз. Мұның себебі неде? Қолымызды жіпсіз байлап отырған кім? Бұл сауалдарға Еркін Әбілдің өз жауабы бар. Айтуынша оның артында біз біле бермейтін дүниелер тұр.

«Ашаршылық біздің елде емес, көрші елдерде саясиланып кетті. Сол нәрсе бізге зерттеуге мүмкіндік бермей отыр. Басқа елдер бізден ашаршылыққа қатысты бүлік күтіп отыр. Өкінішке қарай, архивтің бәрі Ресейде. Соңғы жылдары сол архивтермен жұмыс істеу қиын болып отыр. Арнайы барып сұрамасаң, еркін барып зерттеуге рұқсат жоқ. Қазір жоғарғы деңгейдегі сұрақты көтеріп жатырмыз. Олар көмектесуге уәде берсе де қиындықтар бар. Тіпті Қазақстанның архивіндегі құжаттарды да қолжетімді деп айта алмаймын», деді ол.

Еркін Әбілдің бұл сөзін Сұлтан Хан Аққұлы да қостады. Оның сөзінше, біздің елімізге сырттан келетін қысым көп.

«Жаппай қуғын-сүргін жылдарындағы алаштықтардың, кеңес коммунистерінің істері Ресейдің біраз қаласында жатыр. 2014-2016 жылдары Ресейдің федералдық мұрағатында жұмыс істедім. Сол кездегі бастығы атылып кеткен қазақ қайраткерлерінің құжаттары бір ғана Мәскеуде емес, ол басқа облыстарда жатыр. Керек болса сұратып аламыз, деді. Содан кейін мен депуттар арқылы, Ресеймен стратегиялық әріптес болсақ соны пайдаланып барлық құжатты неге алдырмаймыз?, деген сауал жолдаттым. Кейін билік ауысқан жылы Тоқаевтың ресми парақшасына да бұл сұрақты жаздым. Бір айдан кейін Мәдениет министрлігінен жауап келді. Олар қарқынды жұмыс істеп жатқандарына сендірді. Бірақ арада бес жыл өтті қарқынды жұмыстың нәтижесін көріп отырған жоқпын. Еліміздегі ішкі істерге сыртқы күштердің ықпалы көп», деді тарихшы.

Еркін Әбіл еліміздегі мұрағаттарға ерекше жағдай жасау керек екендігін алға тартты. Өйткені көп жерлерде жағдай мәз емес екен. Көршілес Ресейде жағдай жасалмағандықтан кей құжаттар жоғалып кеткен. Біз де солардың күйін кешуіміз ықтимал.

«Архив жөнінде заң керек. Өйткені құжатқа сұрау болмаса ол жойылып кетеді. Кейбір жердегі архивтердің жағдайы мәз емес. Орталықта сақталған қағаздардың жартысы қараусыз қалып шіріп кеткен. Ғылыми айналымға енгізу үшін соның бәрін қалпына келтіру керек, кейбір бүлінген қағаздарды тіпті оқи алмайсың. Мысалы Арқалықта өзінің архив ғимараты жоқ. Әр жерді жалдап көшіп жүреді. Бұл өзекті мәселе. Ресейде де жағдай сондай», деді ол.

Бұдан бөлек Сұлтан Хан Аққұлы Ресей ашаршылыққа қатысты ашық айтуға тосқауыл болып отырғанын да жасырмады. Тіпті тарихшының мақаласы үшін көрші елдің Сыртқы істер министрлігінен елімізге нота жолданыпты.

«Ресми ашаршылық жылдары 1932-1933 жылдары жалғасқан-мыс. Мемлекеттік комиссия жұмысқа кіріскеннен бастап Қазақстандағы аштық Голощекин келіп ұжымдастыру саясатын жүргізгеннен кейін 1928 жылдан басталады. Бес жыл бойы жалғасқан. Мен сол туралы мақала жазып орыс, ағылшын тілдерінде жарияладым. Содан кейін Ресейдің Сыртқы істер министрі Қазақстанға нота жолдады. Аштық мәселесін саясиландырмаңыздар деді. Артынша Мәулен Әшімбаев бізге сол сөзді жеткізді. Ғалымдар ешбір тақырыпты саясаттандырып жүрген жоқ. Біз өзіміздің ішкі тарихымызды ұлттық мүдде тұрғысынан зерттеуге толық құқығымыз бар. Ұлттық құрылтайдың бірінші мәжілісінде Тоқаев өз тарихымыздың жеті томдығын тәуелсіз Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан қайта жазып шығамыз деді. Бұдан артық қандай терең тапсырма керек? Бірақ бұл жерде бір мәселе бар. Ол тарихты жазып жүрген Кеңес дәуірінде жаман мұра болып қалған, Кеңестік тарих мектебін бітірген азаматтар сол буын зерттеп отыр. Олардың жазғанын оқысаң жылағың келеді. Біз өзіміздің жаңа тарихымызды кешегі Кеңестік тарихнаманың штампы, стереотипі бойынша жазып жатырмыз. Біз сыртқы саяси күштердің ықпалынан аштық мәселесін зерттеуде жалтақтық көрсетіп отырмыз», деді тарихшы.