Tag Archives: сенатор

«Арақ ішу тек адамға емес, қоғам мен мемлекетке зиян»: Марат Қожаев ішімдіктен түбегейлі бас тартуға шақырды (ВИДЕО)

Фото: gov.kz

Сенатор Марат Қожаев алкогольді мүлде тыйым салу керек деп мәлімдеді. Оның айтуынша, ішімдік — еліміздегі жүздеген жол-көлік апатының, өндірістегі жарақаттар мен жұмыс өнімділігінің төмендеуінің басты себебі, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

«Арақ ішу тек адамға емес, қоғам мен мемлекетке зиян. Жол апаттары, қираған инфрақұрылым, жұмыс берушінің білікті маманынан айырылуы – бәрі ішімдіктің кесірінен», – деді сенатор.

Ол кейбір ауылдар мен елді мекендердің ішімдік сатудан толығымен бас тартқанын мысалға келтіріп, «олардың өмірі тоқтап қалған жоқ» деді.

Марат Қожаев өз сөзінде жеке өмірінен де мысал келтіріп, ашық мойындады:

«Мен ханжа емеспін. Өзім де ішімдік ішкенмін. Кейде шамадан тыс отырып, ертеңіне жұмысқа келген кездерім болды. Ол күні қандай еңбек өнімділігі болуы мүмкін? Жарты күн өз-өзіңе келе алмайсың», – деді ол.

Сенатордың бұл мәлімдемесі қоғамда қызу талқы тудырды. Бірі оны батыл қадам деп бағаласа, енді бірі «ішімдікке тыйым салу — шешім емес, мәдениет қалыптастыру қажет» деп пікір білдіруде.

Елімізден жыл сайын 16 млрд доллар заңсыз шығарылады — сенатор

Фото: senate.parlam.kz

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары «Капиталды заңсыз әкетудің алдын алу мақсатында валюталық реттеуді жүзеге асыру» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысын өткізді, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.

«Қазақстаннан жыл сайын шамамен 16,7 млрд доллар заңсыз шығарылады. 148 елдің рейтингінде біздің еліміз 11-ші орында тұр. Қазақстан экономикасының шикізаттық бағыты бар екенін бәріміз білеміз. Қазақстан көмірсутегі мен металдардың экспортына өте тәуелді болып отыр. Яғни, біздің экспортымыздың негізі – жер қойнауынан алынған қазбалар, ол түпкілікті өнім емес. Тиісінше, пайдалы қазбаларды экспорттау есебінен тікелей немесе жанама түрде алынған капиталды шетелге заңсыз шығару деректері қоғамға өте ауыр тиеді және мұқият бақылауда болады. Осылайша, бұл проблема экономика аясынан шығып, әлеуметтік және саяси сипатқа ие болады», — деді Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов.

Сенатор Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетелге заңсыз қаржы шығару проблемасына ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Бұл мәселені шешу үшін арнайы мекемеаралық комиссия құрылған болатын. Сонымен қатар, тиісті заңнамалық өзгерістер қабылданды, оның ішінде валюталық реттеу жөнінде де өзгерістер бар.

Дереккөз: kaz.inform.kz

Президент АҚШ сенаторы Стив Дэйнсті қабылдады

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Сенатының мүшесі Стив Дэйнске ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Американың ынтымақтастығы дәстүрлі түрде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар екіжақты қатынастарда парламенттік дипломатия маңызды рөл атқаратынын айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері қарастырылды. Қазақстан Президенті елімізде инвестиция тарту, экономиканы ырықтандыру және өнеркәсіпті дамыту ісіне ерекше назар аударылып отырғанын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, энергетика, пайдалы қазбаларды барлау әрі өңдеу, инфрақұрылымды жаңғырту және басқа да салалар қазақ-американ қарым-қатынастарының негізгі бағыттары саналады.

Сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселесіне баса мән берілді.

Бұл ретте Президент Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекетті Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып қатаң айыптағанын және осындай қиын-қыстау кезеңде Ресеймен бірге екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, барлық ел терроризмге қарсы күресте өзара қарым-қатынастарындағы қайшылықтарға қарамастан, үлкен халықаралық коалиция аясында күш біріктіруге тиіс. Қазақстан осы маңызды іске өз үлесін қосуға дайын.