Tag Archives: қыз алып қашу

Атырауда 8 жасар қызды белгісіз ер адам алып қашпақ болды (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

Атырау қаласының Нұрсая ықшамауданында төбе шашты тік тұрғызатын оқиға болды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

29 қыркүйек күні кешкі сағат 21:00 шамасында белгісіз ер адам 8 жасар қызды күштеп алып кетпек болған. Дәл сол сәтте жанынан өтіп бара жатқан куәгерлер күдіктіні тоқтатып, баланы құтқарып қалған. Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнында тұрғандар дереу полицияға хабарласқанымен, тәртіп сақшылары жарты сағатқа жуық уақыт бойы келмеген. Осы уақыт аралығында күдікті ізін суытып үлгерген. Ақыры қыздың анасы мен куәгерлердің өзі полиция бөлімшесіне баруға мәжбүр болған. Желіде тараған бейнежазбада оқиғаға куә болғандар күдікті ер адамның сырт келбетін сипаттап, оның үстінен шағым түсіргенін айтады. Ал ата-аналар бұл жағдайдан кейін балаларын қараусыз қалдыруға қорқып отыр. Көпшілік желі қолданушылары оқиғаны талқылап, полицияны салғырттық танытқаны үшін сынға алды.

«Сақал қойғандардың бәрін намазханға теңемейік, бұл – дінге сын емес», – деген пікір де бар.

Тағы біреулер «қыздың өмірін сақтап қалған батыл адамдарға алғыс айту керек» деп жазды. Ал кейбірі «егер полиция дер кезінде жетпесе, халықтың өзі дала заңымен жазалауға мәжбүр болады» деп ашуға булыққан. Қазір бұл оқиға бойынша құқық қорғау органдары ресми түсініктеме берген жоқ. Дегенмен жұртшылық «бала құқығы мен қауіпсіздігіне келгенде, салғырттыққа жол берілмеуі тиіс» деп талап қойып отыр.

Заң күшіне енді: Енді қыз алып қашу қылмыс болып саналады

Фото: wap.kun.uz

16 қыркүйектен бастап Қазақстанда некеге мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

16 қыркүйектен бастап қылмыстық заңнамада азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған өзгерістер күшіне енеді.

«Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда адам ұрлау және некеге мәжбүрлеу сияқты өзекті тақырыптарға қатысты өзгерістер қарастырылған.

— Басты жаңашылдықтардың бірі — Қылмыстық кодекстің 125-бабындағы ескертпенің алынып тасталуы. Бұған дейін ұрланған адамды ерікті түрде жіберген адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін еді. Енді бұл мүмкіндік алынып тасталды: жәбірленушіні өз еркімен босатқан күннің өзінде кінәлі адам заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады, — деп түсіндірді министрлік.

Сонымен қатар Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бабы «Некеге мәжбүрлеу» енгізілді. Енді бұл әрекет қылмыстық құқықбұзушылық ретінде танылады.

— Некеге мәжбүрлегені үшін айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Қылмыстың мән-жайына байланысты 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұлдан бастап екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылады. Егер мұндай әрекет абайсызда ауыр зардаптарға әкелсе, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Ал егер мәжбүрлеу зорлық-зомбылықпен, кәмелетке толмағандарға қатысты, тәуелділігін пайдалану арқылы, адамдар тобымен немесе қызмет бабын пайдалана отырып жасалса, бұдан да қатаң жаза қарастырылған, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Бұл өзгерістер некеге мәжбүрлеудің алдын алуға және ең алдымен әйелдер мен жасөспірімдер сияқты осал топтарды қорғауға бағытталған.

Алматыда қыз алып қашқан көлік жол апатына ұшырап, бойжеткен қаза тапты

Алматы қаласында қайғылы оқиға тіркелді — қыз алып қашу мақсатында қозғалған көлік жол апатына ұшырап, салдарынан бойжеткен оқиға орнында көз жұмды. Бұл туралы ақпаратты Алматы облысының полиция департаменті растады,деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Оқиға Үлкен Алматы айналма жолында (ҮААЖ) орын алған. Алдын ала мәлімет бойынша:

KIA көлігінің жүргізушісі Mercedes-Benz көлігімен соқтығысқан.

Соқтығысудан кейін Mercedes-Benz көлігі аударылып қалған.

Аталған көліктің бір жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды, ал жүргізушісі мен тағы екі жолаушы ауруханаға жеткізілген.

Қазіргі таңда KIA автокөлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, тиісті сараптамалар мен тергеу шаралары жүргізілуде.

Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қыз алып қашу — заңмен тыйым салынған әрекет. Адамның өміріне қауіп төндіретін мұндай әрекеттердің салдары ауыр болатынын бұл оқиға тағы бір мәрте дәлелдеді.

Еліміз қыз алып қашудан Эфиопиямен бірдей тұр

Коллаж: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев қыз алып-қашу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

“90-жылдары Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін Қазақстанда экономикалық жағдай қиын болды. Сол кезде “қыз алып қашу” деген үдеріс пайда болды. Оны көбі қазақтың дәстүрі деп шатастырды. Өзіңіз білесіз, біздің қазақ құда түсіп, жөн-жоралғысын әдемі орындайтын халық. Бірақ осы экономикалық жағдайдың қиындығына байланысты 90-жылдары ондай фактілер болды. Қателесетін шығармын, бірақ білуімше, қазір қызды алып қашу жоқтың-қасы деуге де болады. Себебі еліміз дамыған өркениетті елміз. Батыс мемлекеттеріне теңесеміз дейміз. Бірақ википедияда қызды ұрлау мәселесінде Қазақстан Эфиопиямен бірдей тұр. Эфиопия қайда? Қазақстан қайда?”, — деді депутат.