Tag Archives: құттықтау

Қасым-Жомарт Тоқаев Чех Республикасын Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Президент өз құттықтауында Қазақстан мен Чехия арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастықтың мықты негізі мен жоғары әлеуеті бар екеніне тоқталды. Ол екі елдің сан түрлі ықпалдастығы қос халықтың игілігі үшін нығая түсетініне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Петр Павелдің жауапты қызметіне табыс, сондай-ақ чех халқына құт-береке тіледі.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс

Фото: Ақорда

Бұл туралы Президент Республика күніне арналған салтанатты жиында айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Біз ауқымды жаңғыру кезеңіне қадам бастық. Мақсатымыз – баршаға тең мүмкіндік ұсынатын, өркендеу жолындағы Әділетті Қазақстанның іргесін қалау.

Таяуда халыққа арнаған Жолдауымда Парламентті реформалау туралы мәлімдедім. Бұл бастаманы алдын ала жариялауымның өзі еліміздегі саяси үдерістердің ашық жүріп жатқанын көрсетеді. Биліктің заң шығарушы тармағын өзгерту соңғы жылдары жүзеге асырылған жан-жақты жаңғырудың қисынды жалғасы болмақ», – деді Мемлекет басшысы.

Барлық ұсынысымыз Қазақстанның эволюциялық дамуына қатысты азаматтарымыздың мүддесі мен сұранысына негізделген. Ал еліміз алға жылжып, дамуы керек. Бұған еш күмән жоқ, болуы да мүмкін емес. Жоспарланған өзгерістер Парламенттің құзыреті мен беделін күшейтеді.

«Конституцияға енгізілетін өзгертулер Парламентке ғана қатысты емес, сондай-ақ Президент, Үкімет туралы бөлімдерді және саяси жүйенің басқа да қырларын қамтиды. Түзетулердің жалпы көлемін және 2022 жылғы конституциялық реформа аясында жүзеге асқан бастамаларды ескерсек, мұны жаңа Конституция қабылдауға барабар іс деуге болады.

Әйтсе де Қазақстан Республикасы күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс екенін атап өткім келеді. Бұл қазіргідей алмағайып заманда еліміздің сенімді келешегіне кепіл болады. Өйткені парламенттік жүйе қауіпсіздік пен тәртіп, тұрақтылық пен даму тұрғысынан өз міндетін толық атқара алмай отыр. Кейбір сарапшылар мен саясаткерсымақтардың ұшқары тұжырымдарына көзсіз еріп, мемлекеттілігімізге қатер төндіруге еш хақымыз жоқ», – деді Президент.

«Осы бейбіт күніміздің қадірін білейік»: Қуат Хамитов елді Республика күнімен құттықтап, ән шырқады (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Қазақстандық атышулы файтер Қуат Хамитов (26-8-2) Дубайда өткен ACA 194 турнирінде ресейлік қарсыласын жеңіп, барша қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Бәріңізді Республика күнімен құттықтаймын! 10 жыл қазақша ән шырқаған болатынмын. Біз бұл бейбіт күнге оңайлықпен келген жоқпыз. Осы бейбіт күніміздің қадірін білейік. Елімізде елін, жерін сүйетін патриоттар көбейсін! Осы жеңісімді барша қазақстандық патриоттарға арнаймын», деп спортшы қазақша ән шырқады.

37 жастағы қазақстандық спортшы бұл жолы 26 жастағы Анатолий Бойкомен (12-4) октагогға шыққан болатын. Жартылай орта салмақтағы жекпе-жек үш раундқа жоспарланды және соңына дейін өтті. Нәтижесінде төрешілер жеңісті бір ауыздан Қуат Хамитовке берді. Ал, кездесу алдында сарапшылар ресейліктің жеңеді деген болжам айтқан болатын.

Осылайша, Хамитов кәсіпқой мансабындағы 27-ші жеңісіне қол жеткізді. Ал, Бойко болса төртінші рет жеңіліп отыр.

«Анам мен әкем үйленгенде тойлары болмаған»: Мәдина Сәдуақасова анасына тосынсый жасады (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр 

Танымал әнші Мадина Сәдуақасова анасының туған күнін ерекше деңгейде өткізді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Өнер иесінің анасы 70 жасқа толды.

“Анашымның туған күнінде әдемі тілектер де, гүлдер мен сыйлық та өте көп болды. Сыныптастарым мектеп кезіндегі фотосын шығарып әкелді. Әнуар бастаған барлық немерелері “Асыл әжем” әнін орындады. Ырысбала сіңлім тойда шашу жасап, жаңа IPhone мен шапанын кигізді. Мақпал апай да аппақ шапан кигізіп, анам той бойы шешпей жүрді. Ата-анама Дубайға жолдама бергенде бәріміз таңғалдық. Осы күнге дейін ол жаққа бармапты. Әкем: “Осы екі бала Дубайға жібермегенде Эмиратты көрмес па едім” деді. Осы тойға келген, келе алмаған жандарға мың алғыс. Анам мен әкем үйленгенде тойлары болмай, анам ақ көйлек кимепті. 70 жасында анама арнап ақ көйлек тіктірдім. Осындай қуаныш сіздердің үйлеріңізде болсын”, – деп жазды әнші.

 

Президент Трампты Газа секторы бойынша дипломатиялық жеңісімен құттықтады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трампты Газа секторындағы көптен күткен бейбітшілікті орнатуда елеулі дипломатиялық жеңіске жетуімен құттықтады, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті саяси ерік-жігерінің мықтылығын және халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісім орнатуға шынайы ұмтылысын толық таныта білді деп санайды.