Қазіргі уақытта Қазақстанның 958 азаматы шетелде жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы Бас Прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Сенаттың жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
«Шетелде жазасын өтеп жүрген азаматтардың өз елінде жазасын өтеуге бас тартуын қалай түсінуге болады?», – деп сұрады сенатор Арман Өтеғұлов.
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің сөзінше, сотталған адамды елге әкелу үшін оның жеке келісімі қажет.
«Келісім болмаған жағдайда біз оны осында әкеле алмаймыз. Ондай мысалдар бізде бар. Қазіргі уақытта Қазақстанның 958 азаматы шетелде жазасын өтеп жатыр. Олардың 700-ден астамы Ресей Федерациясында. Арасында Қазақстанда қалған жазасын өтеуге келгісі келмейтіндер бар. Себебі олардың сол жақта туған-туыстары мен отбасы бар. Олар сол жақта жазасын өтегісі келеді. Ал негізінен біздің азаматтардың шетелде құқықтарын қорғау мәселесі «Консулдық қызмет туралы» Вена конвенциясына және дипломатиялық қызмет туралы заңға сәйкес дипломаттарымызға жүктелген», – деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Полицейлер банк картасына мұқият болуды ескертеді, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Ішкі істер министрлігі «дропперлікпен» байланысты қылмыстар туралы ескертеді.
– Кейбір азаматтар оңай ақша табуды көздеп, заңсыз желілер арқылы есірткі айналымына тартылуда. Ол үшін қылмыскерлер сіздердің банк карталарыңызды, криптовалюта әмияндарын және басқа да төлем құралдарын пайдалануды сұрайды. Бұл әрекеттердің басты мақсаты – есірткі бизнесінің ізін жасыру.
Есіңізде болсын: банк карталарын, мобильді қосымшаларды және криптоәмияндарды үшінші тұлғаларға беру жай қателік емес, бұл ауыр қылмысқа қатысы бар дегенді білдіреді. Егер сіздің картаңыз немесе әмияныңыз есірткімен байланысты қаржылық операцияларда пайдаланылса, бұл дәлел ретінде қаралып, ол үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Мұндай әрекеттер бас бостандығынан айыру жазасына әкеледі.
Баршаңызды сақ болуға шақырамыз! Алаяқтардың арбауына түспеңіздер. Өзіңізді заңсыз әрекетке тартуға жол бермеңіз. Егер сізде осындай жағдайлар туралы ақпарат болса, дереу полицияға хабарлаңыз. Қауіпсіздік әрбірімізден басталады. Өзіңізді, жақындарыңызды және балаларыңызды қауіп-қатерден қорғаңыз, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.
Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның 20-21 жастағы төрт азаматы Оңтүстік Кореяда жол апатынан қаза тапқанын растады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Шетелдік БАҚ қайғылы оқиға туралы наурыз айының соңында хабар таратқан болатын.
«Осыдан бір жарым не одан көп ай бұрын біздің төрт жас жігіт жол апатынан қаза тапты. Олар автожолда қатты жылдамдықпен жүріп келе жатып, бағанға соғылған. Бәрі сол жерде мерт болды. Біз туыстарына көмектестік, консулымыз барлық мәселені оларға түсіндіріп берді», — деді Смадияров Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, қаза тапқан отандастарымыз – 20-21 жастағы жігіттер. Оңтүстік Кореяда әртүрлі мақсатпен барған: біреуі студент, кейбірі жұмыс істеп жүрген.
Ресейдегі лаңкестер тізіміне ФСБ сарбаздарының қолынан қаза тапқан Қазақстан азаматтары Серік Әшіралиев пен Жәнібек Тасқұлаев қосылғаны белгілі болды.
Еске салайық, бұған дейін Ресейдің арнайы қызметі Мәскеу синагогасына жасалған шабуылда лаңкестік әрекеттің алдын алғаны хабарланған болатын.
Нәтижесінде теракт жасауды жоспарлады деген күдікке ілінген екі Қазақстан азаматы – 35 жастағы Сәбит Әшіралиев пен күш құрылымдарының мәліметінше, биыл 28 ақпанда Ресейге келген 32 жастағы Жәнібек Тасқұлаевтың көзі жойылды.
Кейін ҰҚК қазақстандық азаматтардың қаза болғанын растады.
Нигердегі Қазақстан азаматтары елге оралды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Qazaq.today тілшісі.
«Осыдан бірнеше апта бұрын Нигер астанасы Ниамейде Қазақстанның 2 азаматы ұсталды деген ақпарат түсті. Қазақстанның Мысырдағы консулы дереу сол қалаға ұшып барды. Ол Нигердің Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктерінің, Қарулы Күштері бас штабының басшылығымен кездесулер өткізді. Кездесу барысында Қазақстан тарапы «Біздің азаматтарды дереу жіберіп, паспорттарын қайтарсын» деп талап қойды», — деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Ресми өкілдің айтуынша, қазақстандықтардың Нигер Республикасына не үшін барғаны белгісіз және Ниамейдегі әскерилер де олардың төлқұжатын не үшін алғанын түсіндіре алмаған.
«Осыған қарамастан Қазақстан ресми түрде сол елдің билігіне нота жіберді. Нигер Сыртқы істер министрлігінің көмегімен біздің азаматтарымызға төлқұжаттары қайтарылды. Биыл 26 ақпанда олар Қазақстанға оралды», — деді ол.