Tag Archives: қатысты

«Қаражатты ұрлаған»: Алматыда сел бөгетін салған мердігер ұйымға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов «Ақсай» бассейніндегі селді ұстайтын бөгетті тексеру кезінде мердігердің аталған объектіні салу бойынша міндеттемелерін орындамауына байланысты белгілі бір бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады Qazaq.today тілшісі.

ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматының 30 мыңға жуық тұрғынының өміріне қауіп төніп тұр. Осыған байланысты «Қазселденқорғау» басшылығының алдында тиісті материалдарды процессуалдық шешім қабылдау үшін Қаржы мониторингі агенттігіне беру туралы мәселе көтерілді. Қаржылық мониторинг агенттігі аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғады. Бұл ретте мердігер ұйымның жауапты өкілдеріне қатысты бюджет қаражатын ұрлау бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

 

ҰҚК алаяқтарға қатысты мәлімдеме жасады

Қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ретінде өздерін таныстыратын телефон алаяқтарының қатысуымен болған оқиғалар жиілеп кетті. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Қаскүнемдер ақшаны заңсыз иелену мақсатында қаржылық операцияларды жүргізуге азаматтардан көмек сұрайды.

ҰҚК қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындау шеңберінде азаматтарға несие рәсімдеуді, ақша аударуды және өзге де қаржы операцияларын жасауды ұсынуға өкілеттігі жоқ екенін хабарлаймыз. Күдікті телефон қоңыраулары мен хабарламалар, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен кезде полиция органдарына жүгінуді ұсынамыз, – делінген хабарламада.

 

 

Ақтауда жекпе-жек кезінде қайтыс болған спортшы кикбокстан әлем чемпионы болған

Ақтауда NOMAD ММА бойынша өткен ел чемпионатында аса ауыр салмақта сынға түскен Қанат Ахуновтың өлімінен кейін жеке бапкері Элвин Агаев «Бірінші бол» тілшісіне сұхбат берді. Ол марқұмды соңғы үш айдан бері жаттықтырып келген, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі.

17 жастағы Қанат Ахунов Ақтаудағы политехникалық колледждің үшінші курсында оқыған. 31 наурызда Ақтауда өткен облыс чемпионатында ол ауыр соққы алып, артынша қайтыс болды.

«Кеше трагедиялық жағдай болды. Бұл қасіретті ешкімнің басына тілемеймін. Мұндай жағдайды бастан кешу мен үшін өте ауыр. Марқұм спортшы менің қол астымда 3 ай бойы жаттықты. Осыған дейін ол бірде -бір рет денсаулығына шағым айтқан жоқ. Жаттығуға келмей қалған кездерінде смс жазып, ескертіп жүрді. Ол жасөспірімдер арасында кикбокстан әлем және Азия чемпионы болған», — деді Элвин Агаев.

Оның айтуынша, жарыстан 2-3 апта бұрын жарысқа шақырту келіп отырады. Бұл ретте бапкер шәкірттерінің арасынан балаларды таңдап апарып, қатыстыратынын жеткізді.

«Қайтыс болған Қанат аса ауыр салмақта өнер көрсетті. Әлем чемпионатына қатысқанда ол бұдан жеңіл салмақта өнер көрсеткен. Кейін бір жылдай үзіліс жасап, қайтадан спортқа оралды. Ата-анасымен таныс емеспін. Жарысқа қатысатындардың тізімін жасағанда ол да бұл чемпионатқа қатысқысы келетінін айтты. Оның ауыр салмақта сынға түсе алатыны анық көрініп тұрды. Салмағы да жеткілікті, қол-аяғы күшті еді. Бірінші жекпе-жекте уақытынан бұрын жеңіске жетті. 20 секундтқа жетпей қарсыласынан басым түсті. Екінші жекпе-жекпе шығып, өз мүмкіндігін көрсетіп жатты. Алайда, кездесудің ортасына жеткенде қарасам бұрынғыдай болмады. Үзілісте бапкер ретінде әрі секундант болып тұрып аузынан капасын алдым. «Өзіңді қалай сезініп тұрсың?» дегенімде: «бәрі жақсы, жалғастырамын» деді. Терең тыныс алып көрді. Су бүркідім. Осылайша ол қайта айқасқа шықты. Шамамен 30 секунд өткенде ол құлады. Бейнежазбада оның барлығы көрініп тұрды. Шәкіртім соққы тигенше құлап бара жатты. Қанат ол соққыдан құламайтын еді», — деді бапкері.

Белгілі болғандай, марқұм Рамазан айында ауыз бекітіп, ораза ұстап жүрген екен. Мұны бапкері білмедім деп отыр.

«Ата-анасы, өзге де жақындары маған келіп ол туралы айтқан жоқ. Ол жанып тұрған жас бала болатын. Спортпен өмір сүретіні көрініп тұратын. Өте тәжірибелі еді. Кейбір ата-аналар баласының шамасын біліп, алдын ала ескертіп, артық салмақ салмауды сұрайтын. Ал Қанатта ондай болмады. Денсаулығы бәрі жақсы еді. Тіпті ораза ұстаған екен. Мен оны білгенім жоқ. Егер білсем оны жарыстан тыс қалдырар едім», — деді бапкері.

Жекпе-жекте марқұм спортшының қарсыласымен салмағы сәйкес келген. Сондай-ақ, дәрігерлер де денсаулығына қатысты анықтама бергенде ешқандай кінәрат таппаған.

«Оның денсаулығы жарамды екені туралы анықтама өздері барып клиникадан алады. Бізде мұндай мәселе болмады. Кеше қайғылы оқиғадан кейін бізді жинады. Оқиға туралы болған жайтты айтып бердік. Ата-анасына бүгін барып көңіл айтамын. Құлаған сәтте дәрігер шұғыл көмек көрсетті. Жедел жәрдем қызметі 10-15 минутта келді. Сосын жансақтау бөліміне әкетті. Барлық мүмкіндікті жасаған екен», — дейді бапкер.

Элвин Агаев шәкірті айқас кезінде құлағанда төреші бірден капа мен шлемін шешкенін айтты. Өзі де де кілемге жүгіріп шыққан.

«Тілін жұтып қойды ма деп ойлап, аузына қарадым. Бәрі орнында болды. Залдағы ел оны нокаутқа түсті деп ойлады. Қарсыласы да қуанып жатты. Бірақ ол соққыға дейін құлап бара жатқан еді. Осыдан кейін чемпионат тоқтатылды», — деді ол.

Кейін дәрігерлер өлімнің себебін жүректің тоқтауымен түсіндірген. Ал жас спортшы жарыс алдында өзін өте жақсы сезініпті.

«Қанат екінші қарсыласын жақсы танитынын айтты. Араласамыз дегені есімде. Бірінші раундта жақсы өткізіп, екіншісінде сыр берді. Бұл оның 3 ай ішінде менің қол астымда жаттығып қатысқан алғашқы жарысы еді. Жаттығу кезінде өзін үнемі жақсы жағынан көрсетіп жүрді», — деді Элвин Агаев.

 

Қаржы пирамидаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндағы басты мақсат — алаяқтық жобалардың өмірлік циклын және оларға тартылған салымшылар санын қысқарту.

IT құралдарын пайдалана отырып, қаржы пирамидаларының құрылған сәтінен бастап, ерте анықтау үшін әлеуметтік желілерге талдау жүргізілуде.

Биылғы жылы бұғаттауға 600 мың адам аудиторияны қамтыған, мыңға жуық қаржы пирамидасының белгілері бар сайттар мен шоттардың сілтемесі жіберілді. Тек соңғы алты айда интернет желісінде 36 қаржы пирамидасы анықталды. Олар бойынша «WhatsApp», «Telegram» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде 200 чат анықталған. Бүгінгі таңда 182 чат бұғатталды. Осылайша, 126 мың азаматтың одан әрі қаржылық шығындарының алды алынды.

73 мың аудиториясы бар 7 ірі шетелдік жоба бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (Eolus, Ниса, GPIBS, Дари получай, Чароит, Carhomi, Beefre).

Бір пирамида бойынша сот үкімі бар (Eolus-үкім 23.02.2024 ж.шығарылды).

Сонымен қатар, оларды толығымен жою үшін Агенттік қаржы пирамидаларын ұйымдастырды деген күдіктілердің орналасқан жері жайлы ақпаратты ТМД бойынша әріптестерін хабарлады.

Әріптес елдермен өзара іс-қимыл ТМД елдерінің салықтық (қаржылық) тергеп-тексеру органдарының Үйлестіру кеңесі жанынан ҚМА бастамасы бойынша Арнайы жұмыс тобын құрудың арқасында мүмкін болды.

«Айта кету керек, қаржы пирамидалары әлі де қаржылық инвестициялар саласындағы қылмыстық көріністің ең қауіпті модельдерінің бірі болып табылады. Олардың таралуы азаматтардың қаржылық жағдайына нұқсан келтіреді. Азаматтардың қарызға кіріп, көтерме несие алады, қылмыс пен суицидке барады. Мұның бәрі қоғамдағы әлеуметтік шиеленіске әкеледі, ал қылмыстық элементтер одан пайда табуды жалғастыруда», — делінген ақпаратта.

Осыған байланысты, ҚМА қаржы пирамидасын құрғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін және мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеді.

 

Самат Әбішке қатысты сот үкімі шықты – депутат

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты сот үкімі шықты.

Бұл туралы депутат Ермұрат Бәпи Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Депутаттың айтуынша, Самат Әбіш 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған.

«26 ақпан күні Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіш жабық соттың шешімімен 8 жылға шартты түрде сотталды», – делінген жазбада.

Еске сала кетейік, Самат Әбіш ұсталған ҰҚК экс-басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша куәгер болды. Өткен жылғы шілдеде ҰҚК одан куәгер ретінде жауап алынғанын хабарлады, бірақ Ұлттық қауіпсіздік органдары Әбішке қатысты қылмыстық іс тіркеген жоқ, сондай-ақ оған қатысты бұлтартпау шарасы тағайындалмады.

Осы жылдың қаңтар айында Бас прокуратура Самат Әбішке қатысты іс сотқа берілгенін хабарлады. Онда мемлекеттік құпиялар бар, сондықтан тергеу деректері жария етілмейді.