Tag Archives: қаржы

Ресей алдағы үш жылда да әскери шығындарға көп қаражат жұмсамақ

Фото: Pixabay

Ресей үкіметі 2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасын бекітті. тағы да әскери шығындарға басымдық беріліп отыр. Келесі жылы әскерге, полицияға және арнайы қызметтерге барлық қаражаттың 38 пайызы бағытталады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы DW агенттігіне сілтеме жасап.

Жоба бойынша қорғанысқа 12,6 триллион рубль бөлінеді, ал ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тағы 4,1 триллион рубль жұмсалады. Бұл жалпы ішкі өнімнің 7,1 пайызына тең. 2025 жылы үкімет соғыс пен қауіпсіздікке шамамен 17 триллион рубль, яғни ІЖӨ-нің 8 пайызын жұмсауды жоспарлаған, алайда нақты шығындар одан да көп болған.

Reuters агенттігінің жазуынша, 2026 жылы «Ұлттық қорғаныс» тармағына бөлінетін қаражат 2025 жылға қарағанда бір триллион рубльге азайтылған. Сонымен бірге, полиция, Росгвардия және арнайы қызметтер қаржыландырылатын «Ұлттық қауіпсіздік және құқық қорғау қызметі» тармағына бөлінетін шығындар 2026 жылы 2025 жылға қарағанда жарты триллион рубльге көбейеді.

Жаңа шығындарды ақшамен қамту үшін үшін Қаржы министрлігі қосылған құн салығын 20%-дан 22%-ға арттыруды ұсынып отыр. Ведомство осылайша үш жыл ішінде бюджетке 4,4 триллион рубль кіріс әкелуді көздеп отыр.

«Жоспарланған қаражат қарулы күштерді техникамен және қарумен қамтамасыз етуге, әскери қызметкерлерге жалақы төлеуге, олардың отбасыларын қолдауға және қорғаныс өнеркәсібін жаңғыртуға көмектеседі», – деді Қаржы министрі Антон Силуанов.

Басылымның жазуынша, соғыс салдарынан Ресей бюджеті қиындыққа тап болып отыр.

Үкімет: 1,1 трлн теңгеден асатын 968 ұзақмерзімді келісімшарт жасалды

Фото: Зәуреш Смағұл

2025 жылдың І жартыжылдығында құны 1,1 трлн теңгеден асатын 968 ұзақмерзімді келісімшарт жасалды. Бұл туралы Үкімет мәлім етті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.  

— 2024 жылы елімізде құны $2 млрд-тан асатын 898 ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасалды, 2025 жылғы қаңтар-маусым айларында құны 1,132 трлн теңгеге болатын 968 шарт ресімделді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 1,9 есеге жоғары, — делінген хабарламада.

Жақсы мысал ретінде Талдықорғанда ұсақтау шарларын өндіретін зауыт салуға KAZMinerals және чилилік ME Elecmetal компаниялары арасындағы инвестиция көлемі $85 млн болатын офтейк-келісімшартын келтіруге болады. Жоба халықаралық инвесторлармен әріптестікті кеңейту жөніндегі Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Биыл ірі тапсырыс берушілерді, соның ішінде жер қойнауын пайдаланушыларды тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайту жөніндегі бағдарламаларды әзірлеуге және орындауға міндеттейтін түзетулер қабылданды.

Өнеркәсіп саласын қолдау үшін жаңа құрал — кепілдендірілген сатып алу шарты енгізілді. Осындай шарттың талаптарына сәйкес, өндіріс кәсіпорны өнімді белгілі бір көлемде тұрақты түрде жеткізуге міндеттенеді, ал тапсырыс беруші саланың болжамдылығын және орнықты дамуын қамтамасыз ететін ұзақмерзімді сатып алуға кепілдік береді.

 

Автопарк екі аяғынан айырылған бүлдіршінге өмір бойына қаражат төлейді

Фото: facebook/gulbanuzaman

Алуаның анасының бауыры автопарк басшылығымен кездескендерін, олар Алуаның отбасын өмір бойы қамтамасыз етуге уәде бергенін мәлім етті.  Автопарк өкілдері апаттан зардап шеккен Алуаның бауырларына да көмектесуге уәде беріп отыр, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

«Бүгін №1 автопарктің басқарма төрағасы Мадияр Тұқпатовпен эмоционалды әрі күрделі әңгімелесу өтті. Біздің отбасылық қайғымызға, Алуаға адамшылықпен қарағандарын көрдік. Автопарк басшылығы жол-көлік апатына жауапкершілік алып, Алуаның да, Махаббаттың басқа 4 баласының да лайықты өмір сүруін автопарк өмір бойы қамтамасыз ететін болды. Шығындарды төлеуге кепілдік берді. Қазір біз Алуа мен Махаббаттың отбасының өмір бойғы шығындарын инфляцияны ескере отырып есептеу үшін заңгерлер мен экономистерге жүгіндік. Біздің келісім заң тұрғысынан қалай бекітілетінін, Әкімдік оны қалай орындайтынын хабарлап отыратын боламыз», – деп жазды help.aluabeken парақшасындағы жазба авторы.

Дания Еспаева: Қаржы, Еңбек және Көлік министрліктері қаржыны игере алмай отыр

Фото: kp.ru/daily

Мәжіліс депутаты Дания Еспаева қаржыны игере алмай отырған министрліктерді атады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Оның сөзінше, квазимемлекеттік сектор қызметінде бюджетке тәуелді болу, айтарлықтай борыштық міндеттемелер сияқты проблемалар үнемі болады.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 92 млрд теңге игерілмеген. Биыл Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Көлік министрліктерінде игерілмеген қаржы көлемі жоғары болды, олардың әрқайсысы 20 млрд теңгеден артық игермеген», — деді Еспаева.

Жоғары аудиторлық палатаның есебіне сәйкес, 2024 жылы шығыстар құрылымында халықты әлеуметтік қолдауға, мемлекеттік қарызға қызмет көрсету мен өңірлерге қаржылық көмек беруге шығыстар көбірек жұмсалған.

Түркістанда 8 млн жуық теңгеге бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталды

Түркістан облысында қазынашылық департамент жұмысында заң бұзушылықтарға жол беріп, 8 миллионға жуық теңгені иемденген, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Түркістан облысының прокуратурасы қазынашылық департаментінің қызметінде жүйелі заңдылықты бұзушылықтарды анықтады.

«Атап айтқанда, департаменттің лауазымды тұлғалары «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ (бұдан әрі — КММ) есепшілерімен сөз байласу арқылы КММ-нің қызметкерлерінің санын негізсіз ұлғайтып, 8 млн жуық теңгені иемденген», — деп жазылған ведомствоның хабарламасында.

Бөтен мүлiктi иемденiп алу фактісімен жинақталған құжаттар СДТБТ тіркеліп, тергеу жүргізу  Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне тапсырылды. Басқа да қолданыстағы заңнамалар бойынша заң бұзушылықтар анықталып, оларды жою мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне ұсыныс енгізілді.

Фото: Pixabay