Tag Archives: Қарағанды

Қарағанды тұрғындары лас ауадан уланып жатқанын айтады

Фото: видеодан скрин

Қарағанды қаласының үстін соңғы күндері қою түтін басып, ауа иісі күйік пен қоқыс араласқан ауыр иіске айналды. Тұрғындар әлеуметтік желілерде билікті әрекетке шақырып, «таза ауа — бізге де керек» деп дабыл қағуда.

Кешке терезе ашсаң – түтін, таңертең шықсаң – көмір иісі. Балам жөтеліп жүр, дәрігер ‘ауа лас’ дейді. Ал билік үнсіз.

AirKaz платформасының дерегі бойынша, Қарағандыдағы ауа сапасы соңғы аптада қауіпті деңгейге жеткен. Күкірт диоксиді мен ұсақ шаң бөлшектері (PM2.5) нормадан бірнеше есе жоғары. Экологтардың айтуынша, негізгі себеп – жылу электр орталықтары мен өнеркәсіп кәсіпорындарының ескі фильтрлері.

 

«Қарағандының аспаны жыл сайын қара түтінмен көмкеріледі. Бұл қалыпты жағдай емес. Егер нақты бақылау болмаса, тұрғындардың денсаулығына зиян ұзаққа созылады», – дейді эколог Мұрат Құсайынов.

 

Облыстық экология департаменті қазір тексеріс бастағанын хабарлады. Арнайы мобильді лабораториялар қала бойынша тәулік бойы ауа құрамын өлшеп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайда созылмалы ауруы бар адамдар мен балалар ең көп зардап шегеді. Тұрғындарға таңертең және кешкі уақытта далаға жиі шықпау ұсынылады.

Қарағандыда 15 жастағы қызды «әйел қылып алған» ер адам сотталды

Фото: Pixabay

Қарағанды облысында кәмелетке толмаған қызға қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Сот істі жан-жақты қарап, айыпталушының кінәсі толық дәлелденген деп шешті.

Ер адам 17 жылға бас бостандығынан айырылды, ал прокуратураға оқиғаға жол берген ересектердің әрекетін заң тұрғысынан тексеру тапсырылды.

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында көпшіліктің назарын аударған іс қаралды. Айыпталушы, 37 жастағы ер адам кәмелетке толмаған қызға қатысты ауыр қылмыс жасады деп танылды.

Іс материалдарына сәйкес, биылғы жылдың басында Абай қаласының тұрғындары қыздың анасы мен өгей әкесі, оны ер адамға тұрмысқа шығуға көндірмек болған. Қыздың қарсы болуына қарамастан, өгей әкесі оны сол ер адаммен бірге Қарағандыға жіберген.

Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыға ең жоғарғы жаза 17 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Қорғаушы тарап, керісінше, істі жеңілдетілген бап бойынша қарауды өтінген. Сот істі жан-жақты қарап, айыпталушының кінәсі толық дәлелденген деп шешті. Сот үкімімен ер адам 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, оған өмір бойына білім беру және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу саласында еңбек етуге тыйым салынды.

Бұдан бөлек, сот прокуратура атына жеке ұйғарым шығарып, жәбірленушінің анасы мен өгей әкесінің әрекеттерін тексеруді тапсырды, олардың заңды бұзу белгілері бар-жоғы анықталатын болады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

 

Қарағандыда Фёдоров су арнасында нәжіс суы жайылып, техногендік төтенше жағдай жарияланды

Фото: видеодан скрин

Қарағанды тұрғындарын Фёдоров бақшалары аумағындағы лас су иісі мен канализация қалдықтарының өзенге ағуы алаңдатып отыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл аймақта канализациялық коллектор өтеді. Ол қалыпты жағдайда жұмыс істейді, алайда нөсер жауын немесе тасқын кезінде апат қаупі күрт артады, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Сол себепті қалада техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Мамандар жағдайды реттеу үшін жаңа айналма коллектор салуды жоспарлап отыр. Бұл желі жазғы бақша аймағын айналып өтеді деп күтілуде.

Жоба шұғыл тәртіпте іске асады: құрылыс материалдарын жедел сатып алып, негізгі жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Қарағанды әкімдігі тұрғындарға сабыр сақтауға шақырып, лас судың таралуына жол бермеу үшін тәулік бойы бақылау жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Қанға боялған жайылым»: Қарағанды облысында 17 жылқыны атып тастаған фермер күдікке ілінді

Фото: видео скриншот

Қарағанды облысының Нұра ауданында бұрын-соңды болмаған оқиға тіркелді. Заречное ауылының маңында 17 жылқының өлексесі табылып, 14-і оқ жарақатынан қаза болғаны анықталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Куәгерлердің сөзінше, жергілікті фермер көлікпен жайылымға кіріп, жылқыларды қуып жүріп, шетінен атқан. «Сафари» тәрізді бұл әрекет ауыл тұрғындарын шошытқан. Оқиғадан кейін күдікті оқиға орнынан ізін суытқан.

Малынан айырылған шаруалар енді әділдік талап етуде. Олардың айтуынша, күдікті — өңірде беделді, бай-манаптардың бірі, ірі жер иесі. «Бай болса, бәрі кешіріледі деп ойлай ма? Біз ең болмаса шындық орнағанын қалаймыз», — дейді ауыл тұрғындарының бірі.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 202-бабы («Бөтеннің мүлкін әдейі жою немесе бүлдіру») бойынша іс қозғалған. Күдікті ретінде 53 жастағы Нұра ауданының тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілген.

Қазір барлық мән-жай анықталып жатыр. Тергеу амалдары басталған.

«Бөтеннің мүлкіне қол сұғу, қоғамдық тәртіпті бұзу секілді заңсыз әрекеттерге жол берілмейді. Мұндай фактілер қатаң түрде тоқтатылады», — деп мәлімдеді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ал жергілікті тұрғындар істің әділ тергелуін талап етіп отыр. Олар бұл қылмыстың жабылып қалуынан қауіптенеді.

«Біздің ауылда кедейдің малы өліп жатса, ешкім мән бермейді. Ал бай адамның аты аталса, бәрі үнсіз қалады. Біз бұл жолы үндемейміз», — дейді ауыл тұрғыны.

Қарағандыда мектеп маңынан әйел адамның мәйіті табылды

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Әлеуметтік желілерде Қарағандыдағы №54 мектептің жанынан адамның мәйіті табылғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Полиция мәліметінше, оқиға 28 қыркүйек күні Қарағанды қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің маңында болған.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

 

«Қылмыстық құқықбұзушылық жасаған күдікпен 36 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», – деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.