Tag Archives: Путин

Трамп пен Путин тағы кездеседі

Фото: Daniel Torok/Zuma/TASS

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті. Олар Мажарстан астанасы Будапештте кездесу өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы BBC-ге сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, телефон арқылы сөйлесу туралы алдын ала хабарланбаған және бұл Трамптың Украина басшысы Владимир Зеленскиймен Вашингтонда кездесуі қарсаңында болған.

Әңгіме екі сағаттан астам уақытқа созылды. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың сөзінше, телефон арқылы әңгімелесуге Мәскеу бастама білдірген. Путин Трампты Израиль мен Газа арасындағы қақтығысты реттеп, Таяу Шығыста бейбітшілікті орнатқанымен құттықтаған.

 

«Біз Украинадағы соғыс аяқталған соң, Ресей мен АҚШ арасындағы сауда-саттық қалай болатынын ұзақ талқыладық», – деп жазды Трамп TruthSocial желісінде.

 

Ақ үйдегі баспасөз брифингінде АҚШ президенті ресейлік әріптесімен кездесуі алдағы екі аптаның ішінде өтуі мүмкін екенін жоққа шығармады.

 

«Біз Будапештте кездесеміз деп келістік. Онда Украина мен Ресей арасындағы бұл соғысты тоқтата аламыз ба, сол туралы сөйлесеміз», – деді Ақ үй басшысы.

 

Оның айтуынша, екі елдің жоғары деңгейдегі делегациялары келесі аптада кездеседі. АҚШ атынан делегацияны Мемлекеттік хатшы Марко Рубио бастап барады, ал Ресей делегациясының құрамы мен кездесу орны әлі нақтыланған жоқ. Содан кейін ғана президенттердің жеке кездесуі өтпек.

Трамп әңгімелесуді өте тиімді деп бағалап, оның қорытындысы бойынша айтарлықтай жетістікке қол жеткізілгенін айтты.

 

«Әскери нысандар алдымен атқыланады»: АҚШ-тың аса қауіпті зымырандары Ресейді қалай талқандамақ

Коллаж: Ulysmedia

Американың Путин билігіне қысым жасауы жаңа деңгейде жүріп жатыр. АҚШ пен НАТО басшылары Украинаға
«Tomahawk» зымырандарын беру жайлы сөз қозғауы әлем саясаткерлерінің қызу талқысына түсіп жатыр. Бірі Украина осы арқылы жауларын жеңеді десе, енді бірі бұл қақтығысты ушықтырады деп санайды. Зымыран Еуразия кеңістігін атқыласа, ол Украинаға расымен жеңіс әкеле ме? Әбден ашулы Украина әскері Мәскеуді ғана Американың зымырандармен соққының астына ала ма? Алыс қашықтыққа ұшатын жойғыш зымырандар Қазақстанға қагшалықты жақын жарылуы мүмкін? Саяси шиеленістің жаңа деңгейіне Qazaq Today агенттігі жауап іздеп көрді.

Сананы тұмшалар саяси сұрақтаоеа сарапшылар пікір білдірді.«Tomahawk» зымырандарын АҚШ өздерінің жақтасы Украинаға беру туралы нақты шешім қабылдаған жоқ.

«АҚШ шешімді қабылдау стадиясында және АҚШ билігі ол қаруды бергеннің өзінде Украина Мәскеуге соққы жасамайды. Себебі, бұл қақтығысты ушықтырады да, қос тараптың қақтығысын күшейтеді. Одан бөлек америка қаруды бергеннің өзінде, оның қолдану аясына қосымша нұсқау береді. Яғни, мына зымырандарды бергеннің өзінде Украинаға атқылауға болатын және атқылауға болмайтын нысандарды нақты көрсетеді. Атуға болмайтын нысандардың ішінде Мәскеудің болатыны анық. Себебі, АҚШ бұл қару соғысты реттеуге емес, керісінше жағдайды ушықтыруы ықтимал деп санайды. Сол себепті, алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымырандарға батыс тарапынан тиым салынады», — деді саясаттанушы Асхат Қасенғали.

Оның сыртында бұл зымыранды Украина өз бетінше қолдана алмайды, сөзсіз жеткізуші тераптың техникалық қолдауы да керек. Әрі аса сақ батыстық барлаушылар мен нұсқаушылардың бақылауында болады. Қазіргі уақытта «Tomahawk» зымырандары кемелер мен сүңгуір қайықтар арқылы тасымалданады.

«Бірақ Украинаға құрлық үсті арқылы атқыланатын типтері берілуі ықтимал. Оның саны америкада төрт мыңға жуық, ал АҚШ оның аз мөлшерін бергенмен, бұл қару майдан даласының толық өзгеруіне бетбұрыс жасауы екіталай. Алайда, Ресей аумағында орналасқан әскери өндіріс кешендерін соққылауға жеткілікті болуы мүмкін. Соның ішінде Татарстанда орналасқан «Шаһид» дрондарын құрастырушы экономикалық аймаққа соққы жасалалы. Бұл Украина үшін маңызды нысанның бірі саналады. Аталған дрондар Украина әуе қорғаныс жүйесіне өте үлкен салмақ салуда. Қарудың санына байланысты Украина мұнай тасымалдаушы Ресейдің порттарына, әскери өндіріс кешендеріне шабуыл жасай бастауы ықтимал. Дегенмен Америка соғыс даласында толық өзгеріс жасайтындай зымыран қаруларын бермейді. Бұл тек Ресейді келіссөзге отырғызуға қарастырылған әдістің бірі деп санау керек. Украина алыс қашықтыққа соққы жасайтын қаруларын жасауға өздері де мүдделі», — деді саясаткер.

Бұл жағдайға алдымен әдеттегідей Лукашенко байбалам салып, Украинаға АҚШ-тың қару беруіне шүйліккен еді.
Беларусь президенті Александр Лукашенко Украинаға америкалық «Tomahawk» зымырандарын беру мәселесіне қатысты қатқыл мәлімдеме жасап үлгерді. Путиншіл
президент мұндай қадамның әлемдік деңгейдегі ядролық қақтығысқа себеп болуы мүмкін екенін айтты.

«Ешқандай да Tomahawk-ты беруге болмайды. Бұл жағдайды ушықтырып, арты ядролық соғысқа ұласады. Мұны Дональд Трамп жақсы түсінеді деп ойлаймын. Ал Зеленский оны алып Ресейдің аумағын атқыламақ», — деді Лукашенко.

Егер зымыран беріле қалғанның өзінде оның жеткізілуі мен қолдану уақыты жуық арада іске аса қоймайды. Украина тақырыбын жиі талқылаушы тағы бір саясаткердің сөзінше, Американың мәлімдемесі Ресей президенті Владимир Путиннің туған күніне «тарту» болды. Ол жуырда 73-ке толды.

«Ресей билігін экс-президент Борис Ельциннен мұраға алған Путин (1999 жыл) содан бері тізгінді ешкімге берген жоқ. 2008-2012 жылдар аралығында президенттік креслоны досы Дмитрий Медведевке уақытша тапсырғанымен, іс жүзінде билікті уысынан шығарған жоқ. Өзі Ресей Үкіметін тізгіндеді. Путин-Медведев тандемі кезінде жаһандық саясатқа «премьерзидент» деген бейресми термин сол кезде енген.

Дәл кеше АҚШ президенті Трамптың «Tomahawk» зымырандарын Украинаға беру туралы сөз қозғауы – Путиннің туған күніне керемет сыйлық болды», — деді Нұргелді Әбдіғани.

Трамп Украинаға «Tomahawk» зымыранын беру туралы шешім алдында тұрғанын. Алдымен ол зымыранды қолдану бойынша Украинаға қоятын сұрақтары бар екенін, қақтығысты ушықтырғысы келмейтінін айтты. Ал ISW (Соғысты зерттеу иниституты — ред) Украинаға «Tomahawk» берілетін болса, Ресейдің 2 мың нысанына қатер төнетінін санап үлгерген еді. Бұл жағдай жер жаһанды тағы да қанға бөктіреді.

«ISW сарапшылары «Tomahawk» зымыранының жою радиусына Ресейдегі 2 мыңға жуық әскери-өндірістік нысан кіретінін, соның ішінде «Шаһед» соққылаушы дрондарын жасап шығаратын Алабұғадағы (Татарстан) зауыт пен Энгельстегі бомбалаушы ұшақтар тұрған стратегиялық әуе базасы да кіретінін айтады.

«Tomahawk» зымыранының 1600 шақырымға жететін нұсқасы – Ресейдегі 1655 нысанға қауіп төндіреді. Ал 2500 шақырымға жететін түрі – Ресейдегі 1945 әскери өндірістік нысанға шекелей қауіп төндіреді», — деді ол.

Зымыран беріле қалған жағдайда, оның жарылу радиусы Татарстан аумағы болмақ. Ал ол қазақ елінен алыс емес. Дегенмен бұндай болжамның іске асуы неғайбыл.

Держава деңгейіндегі Америка қандай қарудың түрін берсе де текетірес тоқтмайды, соғыс созыла береді. Батыс қанша қару жібергенмен әскери қару—жарақ қоры мен солдаты көп Путин билігі құрбандардың көбейгеніне қарамастан соғыстан бас тартпайды. Соғысты тоқтату тек бейбіт келісімге келумен ғана іске аспақ.

Путиннің маңызды ұсынысы Трамптың көңілінен шықты

АҚШ президенті Дональд Трамп ресейлік әріптесі Владимир Путиннің стратегиялық шабуылдаушы қаруларды қысқарту туралы келісімді ұзарту бойынша ұсынысын оң бағалады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы DW агенттігіне сілтеме жасап.

«Меніңше, бұл жақсы идея», – деді Ақ үй басшысы журналистердің сауалына берген жауабында.

Владимир Путин стратегиялық шабуылдаушы қаруларды қысқарту туралы келісім 2026 жылғы 5 ақпанда аяқталғаннан кейін оны тағы бір жыл бойы ұстануға ниетті екенін жеткізді. Бұл туралы ол Қауіпсіздік кеңесінің 22 қыркүйектегі отырысында айтқан. Ресей басшысының сөзінше, келісім мерзімі аяқталған соң зымырандық және ядролық әлеуетті шектейтін соңғы халықаралық құжаттың күшін жойылады.

Бұл келісімге 2010 жылы Ресей мен АҚШ президенттері қол қойған. 2021 жылы құжат бес жылға ұзартылды. 2022 Ресей Украинаға басып кірген соң Мәскеу ядролық қаруды қолданамын деп бірнеше рет сес көрсетті.

Кейінгі жылдары Ресей ядролық доктринасын қайта қарап, Беларусь аумағына ядролық қару орналастырды. 2023 жылғы ақпанда Кремль стратегиялық шабуылдаушы қаруларды қысқарту туралы келісімнен уақытша шықты. Өйткені Ресей НАТО-ны стратегиялық нысандарға жасалған шабуылдарға қатысы бар деп айыптаған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті

Фото: Ақорда

Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында дәйекті түрде дамып келе жатқанын атап өтіп, екіжақты байланыстардың қазіргі жай-күйі мен перспективасын талқылады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин сауда-экономикалық, соның ішінде энергетика, өнеркәсіп және көлік салалары бойынша бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын қарастырды. Мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығайып келе жатқанына мән берілді.

Әңгімелесуде Қазақстан Президентінің Ресей Федерациясына жасайтын мемлекеттік сапарына дайындық барысына ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Зеленский Путинмен келіссөзді Қазақстанда өткізуге ниетті

Фото: Ақорда

Украина президенті Владимир Зеленский Қазақстанда Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Ол Fox News арнасына берген сұхбатында келіссөздер өтетін орынды талқылады. Украина президенті Киевтің кездесу өткізу орны ретінде Түркия, Сауд Арабиясы, Катар және «бейтарап Еуропа» — Австрия мен Швейцарияны ұсынғанын айтты.

Біз кездесуді өткізу үшін әр түрлі орындарды ұсындық – Түркия, Сауд Арабиясы, Қатар, Австрия немесе Швейцария сияқты бейтарап Еуропа, қаласаңыздар, мәселен, Қазақстанда кездесе аламыз, — деді Зеленский.