Tag Archives: пікір

«Бұл бюрократияны азайтады»: Президент Жолдауында айтылған ұсыныс жайлы заңгер пікір білдірді

Фото: inbusiness.kz

Президент елде ауқымды саяси реформа күтіп тұрғанын мәлімдеді. Тоқаев бүгінгі Жолдауында болашақта сенатты таратуды ұсынды. Аталған ұсынысқа қатысты белгілі заңгер Абзал Құспан пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Президент Қ.Тоқаевтың 2027 жылдан бастап бір палаталы Парламентке көшу бастамасын қолдаймын. Бұл – заң шығару процесін жеңілдетіп, бюрократияны азайтатын қадам.

Кейбір сарапшылар айтқандай, бұл демократияны шектеу емес. Керісінше, партиялық жүйені нығайтып, саяси бәсекелестікті арттырады», — деді депутат.

Оның сөзінше, бұл ашық, әділ сайлау жүйесінің қалыптасуына ықпал етеді.

«Ең бастысы – әділ және ашық сайлау. Сонда Парламент халықтың шынайы даусын жеткізетін алаңға айналады», — деп қысқа қайырды депутат.

Цифрлық трансформация мен жасанды интеллект ұлттық стратегияға біріктіріледі – Қарин

Фото: Ақорда

Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today.

Ол бүгінгі Жолдаудың біріктіруші идеясы – цифрландыруды кең көлемде дамыту және жасанды интеллектіні жаппай енгізу екенін атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың түрлі салаларына цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын жеделдетіп енгізу міндетін жүктеді. Бұл қадамның барлығы жинақтала келіп, Қазақстанның жаңа Ұлттық цифрлық даму стратегиясына біріктіріледі.

Қазақстан жаңа технологияларды дамыту мен енгізуде кешенді әрі жүйелі шешімдер қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып отыр. Бұл ретте Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет атануды көздейді.
Осылайша, биылғы Жолдауда цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу біздің ел үшін жаңа ұлттық идея ретінде айқындалды» , — деді Мемлекеттік кеңесші.

БҚО-да ер адам Facebook-тегі пікірі үшін сотталды

Фото: Pixabay

Батыс Қазақстан облысында ер адам Facebook әлеуметтік желісінде агрессивті пікірлер қалдырғаны үшін бостандығы шектелді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Аудандық соттың шешімімен азамат К. лауазымды тұлғаға кәсіби қызметіне байланысты қорлау және қоқан-лоққы көрсеткені үшін кінәлі деп танылды.

Сотта анықталғандай, Шыңғырлау ауылында жүрген кезінде айыпталушы Facebook парақшасында билік өкіліне бағытталған адам өлтіремін, денсаулығына зиян келтіремін деп қорқыту, лауазымды тұлғаны қорлау туралы пікірлерін жариялаған.

Сот-психологиялық және филологиялық сараптама қорытындысы бойынша, жарияланған пікірлер балағат сөздер мен тікелей қауіп төндіру белгілерін қамтыған және қорлайтын сипатта болған.

Айыпталушы кінәсін мойындап, өкінетінін білдірді. Жеңілдететін мән-жайлар ретінде шын жүректен мойындауы, асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуы және ауырлататын жағдайлардың жоқтығы ескеріліп, сот оған 1 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады, — деп жазылған БҚО сотының хабарламасында.

Сотталушы барлық мерзімге жыл сайын 100 сағат көлемінде қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын өтеу мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді. Сонымен қатар, жәбірленушілерге өтемақы қорына 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндірілді, бұл 58 980 теңгені құрайды.

Үкім заңды күшіне енді.

«Бізсіз төңкерісті тоқтата алмадыңдар»: Ресей азаматының жазбасы қазақстандықтардың ашуын тудырды

Евгений Глински есімді кәсіпкер, қазіргі атауы «Street Coffee» болып өзгерген бұрынғы «Smart Coffee» кофехана желісінің атынан әлеуметтік желіде Қазақстан мен қазақ халқына қатысты жағымсыз пікір жарияланған. Кейінірек автор бұл жазбаны өзі жазбағанын, парақшасына біреулердің заңсыз кіріп кеткенін айтып, ақталуға тырысты. Алайда желі қолданушылары оған сенбей, аталған брендке бойкот жариялауға үндеп жатыр, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.

Кәсіпкер «Smart Coffee» брендінің Instagram парақшасында жарияланған даулы жазба үшін қатаң сынға ұшырады. Әлеуметтік желі қолданушылары оның Қазақстан халқына деген құрметсіз көзқарасын өткір айыптап, мұндай әрекеттердің бизнес беделіне кері әсер ететінін атап өтті.

Даулы жазбада Қазақстанды «уақытша» не «үшінші сортты» мемлекет ретінде сипаттайтын пікірлер айтылған.

«Путин Жеңістің 80 жылдығына байланысты Украинамен уақытша бейбіт келісім жасады» деген жазбаның астында evglinsky аккаунты бір қолданушыға жауап ретінде: «Атқа мініп қарсы аласыңдар ма? Өз еліңде мемлекеттік төңкерісті де бізсіз тоқтата алмадыңдар ғой. Батырсымақтар», — деп жазған.

Кейіннен кофехана желісінің атауы «Street Coffee» болып өзгертілгенімен, бұл жағдай желіде резонанс тудырып, жұртшылық тарапынан бойкот жариялауға түрткі болды.

«Қазақ еліне +1 бойкот. “Smart Coffee” деген бәле бар екен, ойына келгенін жазып жүр. Енді келіп, “мен емес, басқа біреу жазған” деп ақталып отыр. Instagram мен 2GIS-ден көздерін құртайық. P.S. Street Coffee деп атын ауыстырып тастапты», – деп жазған желі қолданушылары.

Алайда кәсіп иесі даулы жазбаны өзі жазбағанын айтып, Instagram парақшасына бөгде адамның кіргенін алға тартты. Дегенмен, көпшілік бұл мәлімдемеге сенімсіздікпен қарап, дәлел келтіруді талап етті. Желі қолданушылары ұлтараздық сипаттағы мұндай пікірлерге қоғамда орын болмауы тиіс екенін қатаң түрде ескертті.

Евгений Глински бұған дейін кешірім сұрауды ойлағанын, бірақ оқиға кезінде қатты күйзеліске түскенін алға тартты.

«Бұл жағдай бақылаудан шығып кеткені үшін және сіздерге дер кезінде үн қатпағаным үшін кешірім сұраймын. Аккаунтымнан жарияланған жазбаларға шын жүректен өкініш білдіремін. Ол сөздер менің өзіме де ауыр тиді. Қаңтар оқиғасынан кейінгі жағдайды жақсы түсінемін және осы оқиғаға байланысты сіздерге толық қолдау білдіремін. Егер мені ар-намысы жоқ немесе жексұрын деп ойлап, компаниям Қазақстанда жұмыс істемеуі керек деген пікірде болсаңыздар, осы видео арқылы ойларыңыз өзгереді деп сенемін. Егер кінәлі адам немесе адамдар анықталса, олар міндетті түрде жауапкершілікке тартылады. Дегенмен мен Қазақстан халқының бұрынғыдай мейірімді әрі парасатты болатынына сенгім келеді», — деп мәлімдеді Евгений Глински.

Глинскидің айтуынша, Smart Coffee компаниясының Қазақстандағы командасы шамамен 40 адамнан тұрады, олардың басым бөлігі – қазақ ұлтының өкілдері.

Айта кету керек, Smart Coffee – Қазақстанда кеңінен таралған, өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесімен жұмыс істейтін кофеханалар желісі. Компания өнімдерін елдің әртүрлі қалаларында орнатылған вендинг аппараттары арқылы сатады. Kompra.kz порталындағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда «Smart Coffee» атауымен тіркелген екі заңды тұлға бар: бірі – Алматы облысы, Боралдай кентінде тіркелген «Smart Coffee» ЖШС, екіншісі – Алматы қаласындағы «Smart Coffee LTD» ЖШС. Бұл компаниялардың ресми басшылары ретінде Дамир Волох пен Артём Габдрахманов көрсетілген. Сонымен қатар, компанияның .kz доменіндегі ресми сайты қазіргі уақытта қолжетімсіз.

Өзін кофе бизнесі арқылы 18 миллион рубль табыс тапқан кәсіпкер ретінде сипаттайтын Глински, бір стақан кофені 100 рубльге (шамамен 500 теңге) сатқанын айтқан.

«Не айтарымды білмеймін»: Асқар Садықовтың қызы дауға қатысты пікір білдірді

Dequine лақап атымен танымал әнші Данеля Садықова әкесі Асқар Садықовқа қатысты дау бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Соңғы күндері көп жаңалық шықты, оқиғалардың қалай өрбігені өздеріңізге мәлім. Менің әкем Асқар Садықов жұмыс орнында харассмент жасады деп айыпталды. Сіздер сияқты мен де болып жатқан оқиғаларға қатты есеңгіреп қалдым. Шынтуайтқа келсек, не айтарымды да білмеймін. Не істеу керектігін, кімге сену керектігін және мұндай жағдайда қалай әрекет ету керегін білмеймін. Өмір мені мұндай жағдайға дайындамады. Харассментті басынан өткерген адам ретінде болған оқиға үлкен стресс», — деп жазды әнші Instagram парақшасында.

Данеля Садықованың сөзінше, бұл жағдайдың бәрі оның өміріндегі екі негізгі құндылыққа, яғни отбасына және әйелдердің қол сұғылмаушылық құқығына әсер етті.

«Мен бірнеше жыл бұрын харассментке және зорлық-зомбылықтың барлық түріне қарсы шыққанымды, қазір де сол ұстанымдарға адал екенімді жеткізгім келеді. Мен зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісін айыптаймын. Осындай қиын кезеңде қолдау білдіріп, жанашырлық танытып жатқандарға рақмет. Сіздердің қолдауларыңыз мен үшін маңызды», — деді
Dequine.

Айта кету керек, осыған дейін депутаттықтан алынып тасталған Садықовқа қатысты тың мәлімет шыққанын жазған болатынбыз.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев әріптесі «өкілеттігін асыра пайдаланған, этикалық нормаларды бұзған» деп мәлімдеді. Өз кезегінде депутат мәртебесінен айырылған Асқар Садықов мәлімдеме жасап, Азат Перуашевтың сөздерін жоққа шығарды. Экс депутат Асқар Садықов әнші Dequine-нің әкесі екені белгілі болды.