Tag Archives: Петропавл

Петропавлдағы балалар ауруханасындағы былық

Фото: видеодан скрин

Петропавлдағы облыстық балалар ауруханасында жоспарлы госпитализацияға кезекке тұру – нағыз сынаққа айналып отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Ата-аналардың айтуынша, жағдай нашар ұйымдастырылған: бір ғана маман науқастарды қабылдайды, ал дәрігерлер тек өз профилі бойынша шақырады. Нәтижесінде кезекте хаос орнайды.

«Біз үш сағаттан артық тұрдық. Кеше 50 адам кезекте болды, бәрі тіпті шыдай алмай қалды», – дейді бір ата-ана.

Аурухана басшылығы жағдайды түсіндіріп, бұл қиындықты балаларды каникулға орналастыруға тырысқан ата-аналардың әрекетімен байланыстырды. Қазір аурухана қызметкерлері жоспарлы госпитализация мен қабылдау процесін жақсартудың жолдарын қарастыруда. Мамандар ата-аналарды сабырлы болуға және ресми хабарламаларды бақылауға шақырып отыр.

Петропавлды қаңғыбас иттер басып алды: тұрғындар балаларын мектепке шығарып салудан қорқады

Фото: видеодан скрин

Петропавл қаласында қаңғыбас иттер мәселесі шегіне жетті. Әлеуметтік желіде тараған видеолар мен куәгерлердің сөзінен белгілі болғандай, әсіресе Береке ықшамауданында қазір көшеде жүрудің өзі қауіпті болып тұр. Тұрғындар иттердің топтасып, үй жануарларын талап жүргенін айтып дабыл қағуда, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Екі апта бұрын өз көзімше иттер менің үйдегі мысығымды талап кетті. Бұған дейін де бір мысығым жоғалып еді. Қызым сол сәтті ұмыта алмай жылайды», – дейді қала тұрғыны.

Оның айтуынша, соңғы айларда Береке мен Бензострой аудандарында ондаған үй жануары жоғалып кеткен. Ал қазір тұрғындар балалар мен қарттардың өміріне алаңдаулы.
«Кешке қарай балаларды мектептен күтіп алу қорқынышты. Иттер топтасып жүреді, үріп, шабуыл жасауға дайын тұрады», – дейді тағы бір ана.

«Кімнің өмірі қымбат – адам ба, ит пе?» – ашынған жұрт әкімдікті әрекетке шақырды.

Қала тұрғындарының көбі жергілікті биліктің үнсіздігіне ашулы.
«Бұл видео әкімдікке жетуі керек! Қалада жүру мүмкін емес, ал олар әлі еш шара қабылдамай отыр. Бір жақта жол салып, фонтан ашып жүр, ал халықтың қауіпсіздігіне ешкім назар аудармайды!», – деп жазды ашынған тұрғын.

Адамдардың айтуынша, облыстық аурухана мен балабақша маңында бірнеше жылдан бері агрессивті иттер үйірі көбейіп барады. Түнде үретін иттердің даусынан ұйықтау мүмкін емес, ал таңертең жұмысқа немесе мектепке шығу – тұрғындар үшін қорқынышқа айналған.

«Ертең балаға шабуыл жасаса ше?» – ата-аналар қорқынышта өмір сүріп отыр

«Аш иттер үйірмен жүреді, мысықтарды талап тастайды. Ал ертең балаға шабуыл жасаса не істейміз?», – дейді тұрғындардың бірі.
Көп балалы аналар да бұл қауіптің шын екенін айтады:
«Аулада баламен серуендеп жүргенімде үлкен иттер жақындап келді. Бұл ойыншық емес, нағыз қауіп. Бала-шағаға қарай ұмтылса, не істерімізді білмейміз», – дейді жас ана.

Халық Президент пен прокуратураны белгілеп, шұғыл шара қабылдауды талап етті

Петропавлдықтар әлеуметтік желіде Президенттің, прокуратураның және полиция департаментінің ресми парақшаларын белгілеп, нақты әрекет күтетінін жазды.
«Қалада қауіпсіздік жоқ! Қаңғыбас иттерді ұстау мен бақылауды қолға алу керек. Ертең қайғылы жағдай болса, кім жауап береді?», – деп жазды жергілікті тұрғын.

Қоғам пікірі екіге жарылды: кейбірі итті қорғаса, көпшілік адам өмірін қорғауды талап етті

Пікірлер арасында жануарларды қорғаушылар да, тұрғындардың ашуын түсінетіндер де бар. Бірақ басым бөлігі адам өмірінің қауіпсіздігі бәрінен жоғары болуы тиіс дейді.
«Жануарларды аяймыз, бірақ ең алдымен адам өмірі мен баланың қауіпсіздігі маңызды. Бұл енді тек ит мәселесі емес, қоғамның жауапкершілігі мен биліктің бейқамдығы туралы мәселе», – дейді қала тұрғыны.

Петропавлда қаңғыбас иттер мәселесі жыл сайын айтылғанмен, нақты нәтиже жоқ. Әкімдік уақытша шаралармен шектеліп, түбегейлі шешім қабылдамай отыр.
Халықтың ашу-ызасы – бұл жай эмоция емес, қоғамдық қауіпсіздікке бағытталған шынайы дабыл.
Қала көшелерінде қорқыныш орнығып тұр.
Егер билік үнсіз қалса, ертеңгі құрбан кім болатынын ешкім білмейді.

Петропавлда әйел шыбын улаймын деп, реанимацияға түсті

Фото: Петропавл қалалық көпбейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасы

Петропавл қалалық көп бейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасына ауыр халде 57 жастағы әйел түсті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Әйелдің айтуынша, бір күн бұрын ол қаптаған шыбын-масаны улау үшін дихлофос шашып, өзі сол бөлмеде ұйықтауға жатқан. Таңертеңіне өзін жайсыз сезініп, жүрегі айнып, құсқан, іші ауырып, әлсіздік пайда болған. Жағдайы тез нашарлап, әйел шұғыл түрде реанимацияға жатқызылды.

Дәрігерлер оған «фосфорорганикалық және карбаматты инсектицидтердің уытты әсерінен уланған» диагнозын қойды.

Мамандар әйел ағзасын уытсыздандыру және өмірлік маңызды функцияларын түзету емін жүргізді. Сырқаттың жағдайы қазір тұрақтанды, қазір ол терапия бөлімшесінде емделіп жатыр.

— Дихлофос адамға қауіпті, оның құрамында фосфорорганикалық қосындылары бар, олар өмірлік маңызды ферменттердің жұмысын тежейді, тыныс алу және жүрек жұмысын бұзады. Бұл препарат әсіресе балалар, қарт және созылмалы аурулары бар пациенттер үшін өте қауіпті, — дейді дәрігерлер.

Дихлофосты қауіпсіз қолдану үшін қарапайым ережелерді есете ұстаған жөн. Мамандар бөлмеге дихлофосты шашқаннан кейін одан шығып, кейін пәтерді жақсылап желдетуге, жатын бөлмеде мұндай құралдарды қолданбауға кеңес береді. Сондай-ақ баланың қолына түспеуі үшін оны қол жетпейтін жерде ұстаған жөн.

— Дихлофос — бұл жай ғана аэрозоль емес, ол өте күшті уландырғыш зат. Нұсқаулықты бұзудың салдары ауыр және өмірге қауіпті болуы мүмкін, — дейді дәрігерлер.

 

Петропавлға саяхаттап келген аустралиялық адасып кеткен

Фото: СҚО ПД

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 46 жастағы аустриялық саяхатшы облыс орталығына келіп, адасып кеткен, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат порталы.

СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Аарон Арьяның шын мәнінде елге заңды негізде келгеніне көз жеткізді. Ол Астанаға Түркиядан ұшып келіп, Петропавлға жол-жөнекей кетіп бара жатқан көліктермен жеткен. Тәртіп сақшылары оны қонақүйге орналастырды.

Аарон Арьяның әлемді аралап, елдерге саяхаттап жүргеніне бірнеше жыл болған. Оны ауылдық жердің тыныс-тіршілігі қызықтырады екен. Сол үшін қазіргі уақытта Орталық Азия елдерімен танысуды жоспарлап, жолға шыққан.

Ол Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Полицияның көрсеткен көмегіне риза болған ол ертесіне қайтадан жолға шығып, сапарын жалғады.

Петропавл зауытының бұрынғы директоры 11 жылға сотталды

Петропавл зауытының бұрынғы директорына қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Петропавл ауыр машина жасау зауытының бас және атқарушы директорларына қатысты, сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде қозғалтқыштар мен гироблоктарды жеткізуді жүзеге асырған кәсіпкерге қатысты қылмыстық істі ҚМА тергеді.

2022 жылы зауыт Қорғаныс министрлігінен әскери техниканы жөндеуге тапсырыс алғаны анықталды, оны орындау кезінде жеке кәсіпкермен жалпы сомасы 283,3 млн теңгеге қосалқы бөлшектер жеткізуге шарт жасалды.

Орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және шартты орындау кезінде жалпы қамқорлығы үшін бас директор атқарушы директор арқылы кәсіпкерден 100 мың АҚШ доллары (45 млн теңге) сомасында пара алды.

Сотпен зауыттың бұрынғы бас директоры аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін 11 жылға, атқарушы директор — төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, мемлекет кірісіне 40 млн теңгеге пара сомасына сатып алынған пәтер тәркіленді. Қалған 5 млн теңге сотталғандардан тең үлестермен өндірілді.