Tag Archives: Өзбекстан

«Алтын доп» иегері Фабио Каннаваро Өзбекстанның бас бапкері атанды

Бұған дейін бас бапкер Сречко Катанец пен Тимур Кападзе Өзбекстанға тарихи жолдама әперген еді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Осылайша, 2006 жылғы футболдан әлем чемпионы және «Алтын доп» иегері Фабио Каннаваро өз жаттықтырушылар құрамымен бірге Ташкентке табан тіреді. Мұндай ақпаратты Өзбекстан футбол қауымдастығының баспасөз қызметі растады.

– Өзбекстан құрамасының бас бапкері қызметіне үміткер Фабио Каннаваро өз жаттықтырушылар штабымен бірге Ташкентке келді, – делінген ресми хабарламада.

Бұған дейін Каннавароның бұл қызметке келуге ауызша келісім бергені шетелдік БАҚ-та қызу талқыланған болатын. Тараптар келісімшартты алдын ала қарап, енді нақты келіскені белгілі болды.

Өзбекстан Ресейге дипломатиялық нота жолдады

Фото: Gazeta.uz

Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапының мигранттарға қатысты әрекеттеріне байланысты ресми қарсылық білдіріп, дипломатиялық нота жолдады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Министрліктің мәліметінше, Ресей аумағында кей жағдайларда Өзбекстан азаматтарына рұқсатсыз тексерулер жүргізіліп, дөрекі және құрметсіз қарым-қатынас жасалған. Мұндай әрекеттер екі ел арасындағы достық қатынастарға қайшы келетіні атап өтіліп, олардың алдын алу үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігі көрсетілді.

Өзбекстан СІМ барлық азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиеті қорғалуы тиіс екенін, сондай-ақ адам құқықтары мен халықаралық құқық нормаларының сақталуы қажет екенін қатаң мәлімдеді.

Мәскеудегі Өзбекстан елшілігі Ресей Сыртқы істер министрлігіне жолдаған нотада мынадай мәселелер көрсетілді:

– Ресей аумағындағы кейбір құқық қорғау органдары өкілдері тарапынан күш қолдану жағдайлары;
– мұндай әрекеттердің адам құқықтарының өрескел бұзылуы екендігі;
– орын алған оқиғаларға құқықтық баға беру қажеттігі.

Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстайтынын және қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылдайтынын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Ресейде таксист боп жұмыс істеп жүрген Өзбекстан азаматына жергілікті тұрғындардың бірі аузына келгенін айтып, «сендер – орыстардың құлысыңдар» дегенін көрсететін ақпарат пен бейнежазба тараған болатын.

Өзбекстан шекарашылары екі қырғызстандықты шекарада атып тастады

Фото: Pixabay

Өзбекстан шекарашылары екі қырғызстандықты шекарада атып тастады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы АКИpress басылымына сілтеме жасап.

Ақпаратты Қырғыз Республикасы Шекара қызметінің баспасөз қызметі растады. Белгілі болғандай, 25 тамыз күні полицияға Чаткал ауданының Айгыр-Жал ауылының екі тұрғыны жоғалып кеткені туралы өтініш түскен.

28 тамызда өткен жұмыс кездесуі барысында Өзбекстанның шекара қызметі 15 тамыз күні Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан шекаралары түйіскен аймақта өзбек шекара жасағы екі белгісіз азаматты анықтағанын мәлімдеді.

Өзбекстан тарапының ақпаратына сәйкес, азаматтарды ұстауға әрекет жасау барысында олар талапқа бағынбаған. Салдарынан шекарашылар қару қолдануға мәжбүр болған. Екі адамға оқ тиіп, оқиға орнында көз жұмған.

31 тамызда жоғалып кеткен екі азаматтың туыстары Өзбекстанға барып, олардың жеке басын растады. 1 қыркүйек күні «Баймак» бақылау-өткізу бекеті арқылы Қырғызстанның екі азаматының мәйіттері қырғыз тарапына берілді.

Енді тараптардың шекара қызметі оқиға орнына барып, бірлескен тергеу жүргізбек. Өзбекстан тарапы қаза тапқандардың табылған мүлкін, атап айтқанда, үш жылқы мен бір шатырды Қырғызстанға беруге дайын.

Өзбекстан халқының саны 38 миллионға жетті

Фото: видеодан скрин

Бұл туралы елдің Ұлттық статистика комитеті хабарлады, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы. 

Өзбекстанда халық саны 38 миллион адамға жетті.  Мәліметке сүйенсек, 2025 жылғы 28 тамыз сағат 9:35-тегі жағдай бойынша тұрақты тұрғындардың саны осынша болды.

Елдегі ерлер саны әйелдерге қарағанда 273 600 адамға көп:

  • ерлер – 19 136 800 адам

  • әйелдер – 18 863 200 адам

Мамандардың болжамынша, 2030 жылға қарай Өзбекстан халқы 40 миллионға жетеді. Бұл – Орталық Азия халқының жартысына тең көрсеткіш. Соңғы 30 жылда елдегі халық саны 15 миллион адамға артқан. Сарапшылар мұны тұрақты демографиялық өсімнің белгісі деп санайды.

Қазір Өзбекстанда орташа өмір сүру ұзақтығы 74,3 жасты құрайды.

OLX арқылы бала сатпақ болғандардың ісі бақылауға алынды

Желіде біреу өзбекстандық үш жасар баланы OLX онлайн платформасында сатуға қойған. Жарнамаға сәбидің фотосы қойылған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Оқиға бірден балалар омбудсменінің назарын аударды. Олар жағдайды ерекше бақылауға алды.

Уәкілдің өтініші бойынша ішкі істер органдары бұл істі қолға алды. Қазір шын мәнінде не болғанын және оның артында кім тұрғанын тексеріп жатыр.

«Мұндай әрекеттер баланың өмірі мен бостандығына тікелей қауіп төндіреді. Осындай қылмыстарға қатал реакция білдіру керек», – делінген хабарламада.

Тәртіп сақшылары қазір тергеу жұмыстарын бастап кетті. Алдағы уақытта ресми құқықтық баға беріліп, кінәлілер жазаланады. Балалар омбудсмені егжей-тегжейлі ақпаратты кейін беруге уәде етті.