Tag Archives: Өскемен

«Тегін болған соң бізге осылай қарайды»: Өскеменде жүкті әйелдер дәрігерге кіре алмай жүр

Фото: видеодан скрин

Өскемен қаласында жүкті әйелдер дәрігер қабылдауына кіре алмай, шағымдануда. Айтуларынша, емханаларда “талон жоқ”, “орын толы” деген сылтаумен оларды күн сайын кері қайтарады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

 

Көпшіліктің айтуынша, тегін медициналық қызмет көрсету жүйесінде жүкті әйелдерге деген көзқарас салқын. “Тегін болған соң осылай істейді, егер ақылы болса, бәрін шешіп берер еді,” – дейді келіншектердің бірі.

 

Әйелдердің сөзінше, соңғы айларда электронды кезек алу мүмкін емес. Порталда бос орын жоқ, тіркеу бөлімінде ұзын-сонар кезек. Кейбірі амалсыз ақылы клиникаларға барып жүр, ал ақшасы жетпейтіндер дәріханадан кеңес сұрауға мәжбүр.

Әлеуметтік желілерде де осы тақырып жиі талқыланып жүр. Тұрғындар тегін медициналық көмектің қағаз жүзінде ғана бар екенін, іс жүзінде оған қол жеткізу қиын екенін жазуда.

Ал медицина мекемелерінің өкілдері бұл жағдайды дәрігер тапшылығымен және тұрғындардың көптігімен түсіндіреді. Айтуларынша, жүкті әйелдер кезек тәртібімен қабылданады, алайда қабылдау уақытының жетіспеушілігі салдарынан осындай қиындықтар туындайды.

Денсаулық сақтау саласының сарапшылары болса, мұндай жағдайдың салдары өте қауіпті екенін айтады. Жүкті әйелдер уақтылы бақылаудан өтпесе, бұл ана мен бала денсаулығына қауіп төндіреді.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы қазір аталған шағымдар бойынша тексеріс бастағанын хабарлады. Ал тұрғындар “ақшаң болмаса, тегін емнің де жолы жабық” деп ашынады.

Түркиядан экстрадицияланған экс-полицей қамауда көз жұмды

Фото: видеодан скрин
Түркиядан үш апта бұрын экстрадицияланып, Өскемендегі тергеу изоляторына қамалған бұрынғы құқық қорғау органының қызметкері көз жұмды. Бұл жағдайды Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінің департаменті ресми түрде растады, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдегендей, Өскемен қалалық ауруханасында тергеудегі азамат кенеттен қайтыс болған. 3 қазан күні оның жағдайы күрт нашарлап, Өскемендегі ауруханаға жатқызылған.

«Алдын ала болжам бойынша, өлімнің себебі – қос өкпе артериясының тромбоэмболиясы (тамырдың бітелуі). Бұл факт бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр», – делінген ресми ақпаратта.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, 3 қазан күні ол өзін жайсыз сезінгенін айтқаннан кейін жедел жәрдем шақырылып, шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған. Алайда 7 қазанда кенеттен көз жұмған.

Осыған дейін Бас прокуратура Түркиядан заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікпен бұрынғы құқық қорғау қызметкерінің экстрадицияланғанын хабарлаған еді.

Өскеменде марихуана мен алкоголь әсерінде көлік тізгіндеген прокурор қызметінен босатылды

Фото: pixabay

Әлеуметтік желілерде түнгі уақытта мас күйінде жол апатына түскен прокурор туралы ақпарат тарады. Белгілі болғандай, қалалық прокуратура қызметкері Вилори Пан 26 мен 27 қыркүйекке қараған түні Hyundai Accent көлігін айдап келе жатып, Победа даңғылында жарық бағанасына соғылған, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Жол апатынан соң ол көлігін тастап қашпақ болған. Алайда патрульдік полиция қызметкерлері оны ұстап, медициналық сараптамаға жеткізеді. Тексеру нәтижесінде оның қанында алкоголь анықталған, ал жедел зәр талдауы марихуана қолданылғанын көрсетті.

«Құқық қорғау органының беделін түсіретін әрекет жасағаны үшін Өскемен қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Пан В.Б. Қазақстан Республикасының “Құқық қорғау қызметі туралы” заңының талаптарына сәйкес қызметінен босатылып, “1-сыныпты заңгер” сыныптық шенінен айырылды», – деп хабарлады ШҚО прокуратурасы.

3 қазан 2025 жылы Өскемен қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен Пан әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот шешімімен бұрынғы прокурорға 20 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, ол 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Ал, Шығыс Қазақстан облысының прокуроры болып Мемлекет басшысының келісуі бойынша Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының бұйрығымен ротация тәртібінде Тимур Қайырбекұлы Сүлейменов тағайындалды.

Осы тағайындауға дейін Бас көлік прокуроры қызметін атқарған.

Өскеменде тұрғын үйлердің жанына заңсыз асфальт зауыты салынған

Фото: видеодан скрин

Шығыс Қазақстандағы Новоявленка кентінде тұрғын үйлердің дәл жанынан асфальтобетон зауыты салынған. Жергілікті халық түтін мен иістен тұншығып отырғанын айтады, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы. 

Әкімдік зауыт құрылысына ешқандай рұқсат берілмегенін мәлімдеді. Құжаттарсыз тұрғызылған нысан бойынша материалдар қадағалаушы органдарға жолданды. Қазір «VK Development» ЖШС-не қатысты экологиялық тексеріс жүріп жатыр. Ол 10 күнге созылады. Компанияға 700 АЕК-ке дейін (шамамен 24 млн теңге) айыппұл салынып, жұмысы үш жылға дейін тоқтатылуы мүмкін.

Сонымен қатар, бұл аумақта екі бірдей фирманың жұмыс істейтіні анықталды. Екеуі де жоспардан тыс тексеріске ілікті. Алғашқы айыппұл көлемі – шамамен 2,7 млн теңге. Желі қолданушылары «мұндай зауытты билік білмей қалуы мүмкін емес» деп наразылық білдіруде. Кейбірі жергілікті әкімдікті «көз жұма қарады» деп айыптап отыр.

Ауыр хәлде жатқан 49 жастағы науқас Өскеменге тікұшақпен жеткізілді

Фото: ТЖМ

18 қыркүйекте ҚР ТЖМ «Қазәуеқұтқару» АҚ тікұшағы санитарлық авиация желісі бойынша Бұрлы ауданының 49 жастағы тұрғынын шұғыл эвакуациялады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Министрлік мәліметінше, науқас тар бейінді мамандардың көмегін алу үшін облыс орталығындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілген.

«Экипаж бен медициналық бригаданың үйлесімді жұмысының арқасында тасымалдау уақыты едәуір қысқарып, емнің сәтті аяқталу мүмкіндігі артты», – делінген хабарламада.