Tag Archives: оқыс оқиға

«Өмірімізден айырыла жаздадық»: Балқашта оқыс оқиға тіркелді (ВИДЕО)

Фото: видеодан скрин

Желіде Балқаштағы демалыс орнында түсірілген видео тарады. Кадрларда бойжеткен қайық тізгіндеген жігіттердің оқыс қимылының салдарынан қыздардың суға түсіп, батып кете жаздағанын айтты, деп хабарлайды  Qazaq Today ақпарат порталы.

Бойжеткеннің сөзінше, су көлігіне мінер кезде қыздардың бірі жүзе алмайтынын ескертіп, артық қимыл жасамауды сұраған. Дегенмен жігіттер оны ескермей, кенет бұрылыс жасаған. Салдарынан қыздар суға құлаған. Бірі құтқару жилетін дұрыс кимесе, екіншісінің шомылу киімі тросқа оралып, тұншыға бастаған. Ал қызметкерлер көмектесуге асықпай, керісінше күліп қарап тұрған. Сол сәтте қыздардың бірі есінен танған. Басқалары оны жағаға шығарып, дәрігерлерге тапсырған. Жедел жәрдем үш адамды «аспирациялық пневмония» диагнозымен ауруханаға жеткізген.

Ал қайық жүргізушілері жағаға шыққанда көмектесудің орнына күліп қарап тұрған.

Зардап шеккендер бұл оқиғаны қылмыстық немқұрайлылық деп санап, кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етуде.

«Біз қауіпсіз аттракционды таңдадық, сақ болуды ескерттік, қызмет көрсетушілерге сендік. Соңында өмірімізден айрылуымыз мүмкін еді. Бүгін біз бір-бірімізді құтқардық, ал ертең бұл жерде басқа адамдар немесе балалар болуы мүмкін. Біз үнсіз қалсақ, мұндай жағдайлар қайталана береді», — дейді жәбірленушілер.

Алматыда ер адам сүйіктісінің өгей әкесін қоғамдық орында бауыздап кеткен

Фото: AstanaTV

Әлеуметтік желіде кеңінен таралып кеткен видеоны таспалағандар да жастар екені белгілі болды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы AstanaTV арнасына сілтеме жасап. 

Жантүршігерлік оқиға жасөспірімдердің көз алдында болған. Бейнежазбадан ер адамның жерде жатқан адамға бірнеше мәрте пышақ сұғып алғанын байқау қиын емес.

Полиция орны толмас оқиғаның ер адамдар арасындағы жанжал кезінде жасалғанын хабарлады. Қазір күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

– Аталған факті бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті көп ұзамай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында қылмыстың тұрмыстық негізде, ер адамдар арасындағы жанжал кезінде жасалғаны анықталды, – деп мәлімдеді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ең өкініштісі, бұл қорқынышты оқиғаның негізгі куәгерлері жасөспірімдер екені айтылады.

Үшеуі суға секірген: Бурабайда оқушылар мінген қайықты жел көл ортасына алып кетті

Фото: ҚР ТЖМ

Ақмола облысының Бурабай ауданында жасөспірімдер қайығымен бірге суға кетіп қала жаздады, деп хабарлайды Qazaq.today.

ТЖМ мәліметінше, бес бала Қотыркөл көлінің жағалауында иесіз қалған катамараны тауып алып, түнгі уақытта су үстіне шығып кеткен. Жағадан бес метр жүзіп кеткенде үш бала қорқып, катамараннан суға секірген. Олар жағаға өз беттерінше жүзіп жеткен. Алайда суда жүзе алмайтын тағы екі оқушыны қатты жел көл ортасына алып кеткен.

«Катамаранда 2008 және 2014 жылы туған екі бала қалып қойды. Олардың біреуі жүзе алмады. Қатты желдің салдарынан катамаран жағалаудан 500 метр қашықтыққа алыстап кеткен. Жағаға оралған балалар 112 нөміріне қоңырау шалып, құтқарушылардан көмек сұраған.

Суда құтқару жасағының қызметкерлері тепловизоры бар ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдаланып, балаларды тапты. Қайықпен жеткен құтқарушылар оларды жағаға жеткізіп, жедел медициналық жәрдем көлігіне тапсырды», — делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.

Кәмелетке толмағандардың ата-аналары ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Үндістанда 36 адам қаза тапты

Үндістанның солтүстік аймағында жолаушылар отырған автобус аударылып, 36 адам қаза тапты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

BBC-дің жазуынша, автобуста барлығы 44 адам болған, оның ішінде 36 адам көз жұмса, 27-сі жарақат алған. Жергілікті құзіретті органдардың хабарлауынша, көлік Марчула қаласы жаныдағы 50 метр тереңдіктегі орға құлап кеткен.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, оларға 200 000 рупийден (2 378 доллар) берілетінін мәлімдеген. Ал зардап шеккендерге 50 000 рупийден көмек көрсетіледі.

Үндістанда автобустар — жолаушылардың негізгі жүріп-тұру құралы. Халықтың басым бөлігі шағын қалалар мен аудандарға автобуспен қатынайды. Алайда операторлар көбіне қауіпсіздік ережелерін елемей, автобусқа адамды шамадан тыс көп алады. Үндістанда жыл сайын жол-көлік апатынан шамамен 160 000 адам қаза табады. Бұл — әлемдегі ең жоғары көрсеткіш.

Қарағандыда сәбиін аязда далаға тастап кеткен ата-ана жауапқа тартылмаған

Қарағандыда көшеге тасталған нәресте тексерістен соң анасына қайтарылды. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі E-karaganda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Policia.kz

24 ақпан кешке тұрғын үйдің кіреберісінен жаңа туған сәби табылды. Баланы ата-анасы дәл кіре берісте конверт жазып қалдырып кеткен.

Сәбиді үйіне қайтып келе жатқан тұрғын тауып алды. Келесі күні полицейлер бұл әрекетті жасаған баланың ата-анасын тапты. Олар 22 жастағы бойжеткен мен 29 жастағы қарағандылық болып шықты. Кейін белгілі болғандай, ер адам үйленген екен, ал 22 жастағы қызбен қарым-қатынаста болған, салдарынан қыз жүкті болып, бала босанған.

Баланың әкесі өз отбасынан кеткісі келмей, сәбиді тастап кетуді шешкен.

Қарағанды ​​облысының полиция департаменті «Өміріне немесе денсаулығына қауіпті жағдайда өзін-өзі қорғай алмайтын адамды қасақана көмексіз қалдыру» бабы бойынша тергеу жүргізді. Жақында қылмыстық іс жабылып, бала анасына қайтарылғаны белгілі болды. Мұны Қарағанды ​​облысының денсаулық сақтау басқармасы мен полицейлер де растады.

«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, прокурордың қаулысымен оны тоқтату туралы қаулы шығарылды.  Баланы қайтару мәселесі полицияның құзыретіне жатпайды, бұл шешімді қорғаншылық және қамқоршылық органдары қабылдады», – деді полиция.

Баланың анасы да, әкесі де ешқандай жаза алмаған. Мұндай шешімге олардың шын жүректен өкінуі, сәбидің ешқандай жарақат алмағаны себеп болған көрінеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыда көпқабатты үйлердің бірінің дәлізінен нәресте табылғаны айтылған еді. Бала жылы көрпеге оранған күйі табылған. Полиция сәбиін тастап кеткен ата-ананы ұстады.