Tag Archives: оқушы

Ақтөбеде мектеп оқушысы қаза тапты

Фото: Pixabay

Ақтөбеде 8-сынып оқушысы әкесінің көлігімен рұқсатсыз мініп шығып, жол апатына ұшырады. Оқиға «Бауырластар» тұрғын ауданында болған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Полицияның дерегінше, жасөспірім көлікті басқара алмай, жол апатына себеп болған. Ол алған жарақаттарының салдарынан ауруханада көз жұмды.

Бұл – соңғы екі айдағы дәл осы ауданда болған екінші осындай қайғылы жағдай. Бұған дейін, 2 қыркүйекке қараған түні Әлімхан Ермек көшесінде 16 жастағы жасөспірім Mitsubishi Carisma көлігін ата-анасының рұқсатынсыз айдап шығып, апатқа ұшыраған. Ол да алған жарақатынан көз жұмған еді.

Осыған байланысты Ақтөбе облысының полиция департаменті ата-аналарға балалардың мінез-құлқын және олардың көлік құралдарына қол жеткізуін қатаң бақылауға алуды ескертті.

Полиция деректері бойынша, биыл өңірде 1 632 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 2 мыңнан астам адам жарақат алып, 99 адам қаза тапқан, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар.

Қазір облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр (27-31 қазан аралығы). Оның мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, әсіресе балалар, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер арасындағы жол апаттарының алдын алу.

Алматы облысында 7-сынып оқушысын бірнеше адам зорлаған (ВИДЕО)

Фото: istockphoto.com

Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылында кәмелетке толмаған қызды бірнеше адам зорлады деген хабар тарады, деп хабарлайды Qazaq Today aқпарат порталы.

Желіде тараған видеода әйел мен бірнеше ата-ана мектепке келіп, 7-сыныпта оқитын жетім қыздың зорлық көргенін және мұны басшылықтың жасыруға тырысқанын айтады.

Жамбыл аудандық білім бөлімінің мәліметінше, оқиға 2025 жылғы 21 қыркүйекте, жексенбі күні мектеп аумағынан тыс, үйде болған. Мектеп директоры бұл жағдай туралы 13 қазанда біліп, дереу құқық қорғау органдарына хабар берген.

 

«Аталған дерек бойынша тергеу органдары Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 124-бабы 1-бөлігі («Он алты жасқа толмаған адамға қатысты зорлық-зомбылықсыз жыныстық сипаттағы әрекеттер жасау») бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр», – деп нақтылады өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.

 

Оқушылармен жеке профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары зардап шеккен жасөспірімге көмек көрсетіп жатыр.

 

«Мектеп директоры дұрыс әрекет етті, ол бұл жағдай туралы дереу полицияға хабарлауға міндетті еді. Қазір тергеу органдары қылмыстық іс қозғап, барлық жайт нақтыланып жатыр. Дегенмен біз азаматтардан жалған ақпарат таратпауды және балаларға қатысты мәселені хайпқа айналдырмауды өтінеміз. Өйткені ең бастысы – баланың тағдыры мен жағдайы», – деді Жамбыл ауданының білім бөлімінің басшысы Светлана Алтынбекова.

 

Түркістан облысында оқушыға азғындық жасаған мұғалім 12 жылға сотталды

Фото: Pixabay

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазығұрт ауданындағы мектеп мұғаліміне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Айыпталушы өз кінәсін мойындамай, істі жеңіл баппен қарауды өтінген.

Тергеу дерегінше, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 2025 жылдың 20 қаңтарында өз автокөлігінде 2010 жылы туған жасөспірімге азғындық әрекет жасаған.

Сот процесінде прокурор айыпталушыны кінәлі деп танып, оны белгілі бір қызмет түрімен айналысу құқығынан өмір бойына айыруды және 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот шешімімен ер адам кінәлі деп танылып, 12 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ, ол педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына шеттетілді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

 

Таразда төбелестен кейін мектеп оқушысы көз жұмды

Фото: Pixabay

Желіде 1 қыркүйек күні Таразда оқушылар арасындағы төбелестің соңы қайғылы жағдаймен аяқталды деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Жамбыл облыстық Полиция департаменті осы дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ізін суытпай кәмелетке толмаған күдікті ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын үшін кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді», – делінген ПД-нің редакцияның сауалына берген жауабында.

Желіде тараған алдын ала ақпаратқа сәйкес, қайтыс болған 14 жастағы ұл баланы басқа жасөспірім пышақпен ұрып жіберген. Оқиға мектептен тыс жерде болған.

Жамбыл облысында оқушы пневматикалық мылтықпен досын жарақаттады

Фото: Pixabay

Жамбыл облысында кәмелетке толмаған жасөспірім пневматикалық қарумен абайсыздар досын жарақаттап, айыппұл төледі, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Жасөспірім достарымен бірге әкесінің пневматикалық мылтығын алып, аулада бөтелкелерді атып «жаттығу» өткізген.

Алайда, оның айтуынша, бір оқ кездейсоқ атылып кеткен. Жәбірленуші нысананы түзеп жатқанда, ол шүріппеден саусағын алып үлгермеген. Оқ тура досының жақ сүйегіне тиген.

Абырой болғанда, жарақаты ауыр болмаған. Жәбірленуші сотта еш шағымының жоқ екенін айтты. Ал жасөспірім кінәсін мойындап, өкініш білдірген және ешкімге қасақана зиян келтіргісі келмегенін түсіндірген.

Криминалистің қорытындысы бойынша, «Cometa 300» маркалы пневматикалық қару спорттық жаттығу үшін арналған және атыс қаруы болып есептелмейді.

Жасөспірімнің кінәсі хаттамамен, сотқа қатысушылардың түсініктемелерімен, жәбірленушінің сөзімен және өзге де дәлелдермен расталған.

«Кәмелетке толмаған айыпталушы кінәні толық мойындап, шын ниетімен өкініш білдірді. Қасақана әрекет болмағанын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығы ескерілді. Нәтижесінде жасөспірім ҚР ӘҚБтК-нің 485-бабы 1-бөлігі (қаруды заңсыз пайдалану) бойынша кінәлі деп танылып, оған 10 АЕК – 39 320 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл кәмелетке толмағандар үшін мүмкін болатын ең төменгі мөлшер», – деп хабарлады Жамбыл аудандық сотының баспасөз қызметі.

Қару иесіне, яғни жасөспірімнің әкесіне қайтарылды.

Қаулы заңды күшіне енді.