Tag Archives: Олимпиада

Әбиба Әбужақынова ел білмейтін құпиясын айтты

Фото: Спорт және туризм министрлігі 

Дзюдошы Әбиба Әбужақынова Париж Олимпиадасында не себепті бесінші орын алғанын айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

”Олимпиада ұтылып қалып, бесінші орын алғаннан кейін спортты қоямын деп ойладым. Ақталу да емес, бірақ испан қызына ұтылған кезде миым шайқалған. Ары қарай үшінші орынға күрескен сәтімде ағзам сезбеді. Сол кезде мәжбүрлі түрде ұтылдым. Күресе алмағаным қатты мазалайды. Жанымда болған бапкерім, дәрігерім білді. Халық та, басқа ешкім де білген жоқ. Олимпиаданың алдында Дохада өткен әлем чемпионатында тіземді ауыртып алғам. Сол тіземді қатты байлап тастағыны да маған кедергі жасап тұрды. Камерадан сол жарақатым сезілгені көрініпті. Олимпиададағы жеңілістен кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат бермей, қашып келе жатып, Qazsport-қа “Қазақ халқынан кешірім сұраймын, мен медаль ала алмадым. Медаль қарыз едім” деп қысқа ғана сұхат бергем. Сол сөзім тарап кетіп, халық жақсы қолдау көрсетті. Келесі күні келген хабарламалардың көптігінен телефоным қатып қалды. Мен үшін өлең шығарғандар да болды. Қазақстанға келгесін бірінші көлікті депутаттар берді. Сосын Атыраудағы бір компания Zeekr көлігін берсе, “Жеңіс” клубы үшінші көлігімді сыйлады”, — дейді ол.

 

Президенттің Олимпиада чемпиондарымен кездесуі кейінге қалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Олимпиада чемпиондарымен кездесуі кейінге қалды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Бұған дейін Президент Париж олимпиадасының жүлдегерлері мен жаттықтырушылар құрамын мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы сол күні олармен кездеседі деп жоспарланған болатын. Өкінішке қарай, спортшылар мен жаттықтырушылардың жартысында коронавирус анықталды, бұл кездесуді кейінге қалдыруға мәжбүр болдық. Барлығына тезірек сауығып кетуін тілейміз. Кездесу міндетті түрде тамыз айының соңында Ақордада өтеді деп жоспарланып отыр», — деді Берік Уәли.

Еске салайық, Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы жеті медаль алды. Оның біреуі алтын, үшеуі күміс және үшеуі қола.

Фото: Ақорда

Қазақстан Олимпиада жүлдегерлеріне ең жоғары төлем беретін бес елдің қатарына енді

Қазақстан Олимпиада ойындарындағы жүлделі спортшыларға төлем беру ауқымы бойынша көшбасшы елдер қатарында, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Олимпиададан кейін медаль иеленген спортшылар атақ-даңққа ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік сыйақыға ие болады. Ұлттық Олимпиада комитеттерінен, CNBC спорт қауымдастықтары жинаған ақпаратта елдердің жеңімпаздарға қанша төлейтіні көрсетілген.

Елеулі төлемдердің арқасында Қазақстан Олимпиада жүлдегерлері үшін ең ірі сыйлықақылары баралғашқы бестікте тұр. Еліміз өткен Олимпиада ойындарындағыдай өз чемпиондарына алтын үшін 250 мың доллар төлейді. Бұл сома Қазақстанды төлем мөлшері бойынша ТМД елдері арасында көшбасшы етті.

Гонконг алтын медальдар үшін төлемдер бойынша көш бастады. Олар алтын үшін спортшыларға 768 мың доллар уәде еткен. Гонконг спортшылары екі алтын мен екі қола жеңіп алды.

Сингапур да олимпиада жеңімпаздарына алтын үшін 745 мың доллар береді. Алайда, бұл ойындарда сингапурлық спортшылардың ешқайсысы тұғырдың жоғарғы сатысына көтерілген жоқ. Жалғыз қола медаль иесіне 186 мың доллар төленеді.

Бұрын Токио Олимпиадасында алтын үшін 746 мың доллар төлеген Индонезия сыйлықақыларын 300 мың долларға дейін қысқартқан. Алайда соған қарамастан әлі де төлем көшбасшыларының қатарының қатарында.

Фото: CNBC

Таеквондошылар Парижде неге жеңілді – бапкердің пікірі

Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақстандық таеквондошы Батырхан Төлеуғали екінші айналымда италиялық екі дүркін әлем чемпионы Симоне Алессиодан жеңілді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Жарыстан кейін таеквондодан Қазақстан командасының аға жаттықтырушысы Нұрсұлтан Мамаев спортшылардың айқастарына тоқталып өтті.

«Бірінші жекпе-жегімізді сәтті бастап едік. Екінші айналымда ұтылып қалдық. Көріп отырғандарыңыздай, Батырхан Төлеуғали тым жас спортшы. Ол мұндай үлкен ареналарды әлі көрмеген. Жақында Симоне Алессиомен кездесіп, терезесі тең өнер көрсеткен болатын. Өкінішке қарай, бүгін есе жіберді», — деді жаттықтырушы Нұрсұлтан Мамаев.

Сондай-ақ, 58 келіде ел намысын қорғаған Самирхон Абабакиров туралы да айта кетті.

«Самирхон Абабакиров бұл Олимпиадаға алтын алады деп келгенбіз. Себебі, оның ең басты қарсыласы италиялық спортшы болатын. Соңғы Олимпиаданы, әлем чемпионатын, Еуропа біріншілігін жеңіп алған атлет сол еді. Самирхонды жеңілді деп айта алмаймын. Соңғы секундтар ғана шешіп кетті. Оның қалай айқасқанын көрдіңіздер. Тәжірибесі де, шеберлігі де жоғары. Бұл жігіттерді келесі Олимпиадаға дайындаймыз», — деді Мамаев.

Фото: olympic.kz

Таеквондо: Батырхан Төлеуғали Олимпиада ойындарының 1/8 финалына жолдама алды

Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Батырхан Төлеуғали  іріктеу айналымын сәтті  бастап, 1/8 финалға өтті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Қазақстандық таеквондошы бірінші кездесуінде Исмаел Кулибалиді қапы қалдырды.

1/8 финалда отандасымыз екі дүркін әлем чемпионы Симоне Алессиомен кім мықтыны анықтайды. 

Айта кетейік, Батырхан – Қазақстан құрамасының сапында Олимпиадаға қатысып жатқан ең жас спортшы.

Фото: Olympic.kz