Tag Archives: нота

Өзбекстан Ресейге дипломатиялық нота жолдады

Фото: Gazeta.uz

Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапының мигранттарға қатысты әрекеттеріне байланысты ресми қарсылық білдіріп, дипломатиялық нота жолдады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Министрліктің мәліметінше, Ресей аумағында кей жағдайларда Өзбекстан азаматтарына рұқсатсыз тексерулер жүргізіліп, дөрекі және құрметсіз қарым-қатынас жасалған. Мұндай әрекеттер екі ел арасындағы достық қатынастарға қайшы келетіні атап өтіліп, олардың алдын алу үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігі көрсетілді.

Өзбекстан СІМ барлық азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиеті қорғалуы тиіс екенін, сондай-ақ адам құқықтары мен халықаралық құқық нормаларының сақталуы қажет екенін қатаң мәлімдеді.

Мәскеудегі Өзбекстан елшілігі Ресей Сыртқы істер министрлігіне жолдаған нотада мынадай мәселелер көрсетілді:

– Ресей аумағындағы кейбір құқық қорғау органдары өкілдері тарапынан күш қолдану жағдайлары;
– мұндай әрекеттердің адам құқықтарының өрескел бұзылуы екендігі;
– орын алған оқиғаларға құқықтық баға беру қажеттігі.

Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстайтынын және қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылдайтынын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Ресейде таксист боп жұмыс істеп жүрген Өзбекстан азаматына жергілікті тұрғындардың бірі аузына келгенін айтып, «сендер – орыстардың құлысыңдар» дегенін көрсететін ақпарат пен бейнежазба тараған болатын.

«Ресей елімізге нота жіберді»: Тарихшы ашаршылықтың ашық айтылмау себебін түсіндірді

31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып бекітілген. Әйтсе де ашаршылық тақырыбы әлі күнге дейін ашық әрі ашылып айтылмай келеді. Осы орайда белгілі тарихшылар Сұлтан Хан Аққұлы мен Еркін Әбіл «Qasqa Jol» ютуб-арнасында қонақта болып, ашаршылыққа қатысты біраз өзекті дүниенің бетін ашты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Біз ашаршылық тақырыбын айтудан кенде емеспіз, бірақ оны зерттеуге білек сыбана кірісіп әлі іске көше қойған жоқпыз. Мұның себебі неде? Қолымызды жіпсіз байлап отырған кім? Бұл сауалдарға Еркін Әбілдің өз жауабы бар. Айтуынша оның артында біз біле бермейтін дүниелер тұр.

«Ашаршылық біздің елде емес, көрші елдерде саясиланып кетті. Сол нәрсе бізге зерттеуге мүмкіндік бермей отыр. Басқа елдер бізден ашаршылыққа қатысты бүлік күтіп отыр. Өкінішке қарай, архивтің бәрі Ресейде. Соңғы жылдары сол архивтермен жұмыс істеу қиын болып отыр. Арнайы барып сұрамасаң, еркін барып зерттеуге рұқсат жоқ. Қазір жоғарғы деңгейдегі сұрақты көтеріп жатырмыз. Олар көмектесуге уәде берсе де қиындықтар бар. Тіпті Қазақстанның архивіндегі құжаттарды да қолжетімді деп айта алмаймын», деді ол.

Еркін Әбілдің бұл сөзін Сұлтан Хан Аққұлы да қостады. Оның сөзінше, біздің елімізге сырттан келетін қысым көп.

«Жаппай қуғын-сүргін жылдарындағы алаштықтардың, кеңес коммунистерінің істері Ресейдің біраз қаласында жатыр. 2014-2016 жылдары Ресейдің федералдық мұрағатында жұмыс істедім. Сол кездегі бастығы атылып кеткен қазақ қайраткерлерінің құжаттары бір ғана Мәскеуде емес, ол басқа облыстарда жатыр. Керек болса сұратып аламыз, деді. Содан кейін мен депуттар арқылы, Ресеймен стратегиялық әріптес болсақ соны пайдаланып барлық құжатты неге алдырмаймыз?, деген сауал жолдаттым. Кейін билік ауысқан жылы Тоқаевтың ресми парақшасына да бұл сұрақты жаздым. Бір айдан кейін Мәдениет министрлігінен жауап келді. Олар қарқынды жұмыс істеп жатқандарына сендірді. Бірақ арада бес жыл өтті қарқынды жұмыстың нәтижесін көріп отырған жоқпын. Еліміздегі ішкі істерге сыртқы күштердің ықпалы көп», деді тарихшы.

Еркін Әбіл еліміздегі мұрағаттарға ерекше жағдай жасау керек екендігін алға тартты. Өйткені көп жерлерде жағдай мәз емес екен. Көршілес Ресейде жағдай жасалмағандықтан кей құжаттар жоғалып кеткен. Біз де солардың күйін кешуіміз ықтимал.

«Архив жөнінде заң керек. Өйткені құжатқа сұрау болмаса ол жойылып кетеді. Кейбір жердегі архивтердің жағдайы мәз емес. Орталықта сақталған қағаздардың жартысы қараусыз қалып шіріп кеткен. Ғылыми айналымға енгізу үшін соның бәрін қалпына келтіру керек, кейбір бүлінген қағаздарды тіпті оқи алмайсың. Мысалы Арқалықта өзінің архив ғимараты жоқ. Әр жерді жалдап көшіп жүреді. Бұл өзекті мәселе. Ресейде де жағдай сондай», деді ол.

Бұдан бөлек Сұлтан Хан Аққұлы Ресей ашаршылыққа қатысты ашық айтуға тосқауыл болып отырғанын да жасырмады. Тіпті тарихшының мақаласы үшін көрші елдің Сыртқы істер министрлігінен елімізге нота жолданыпты.

«Ресми ашаршылық жылдары 1932-1933 жылдары жалғасқан-мыс. Мемлекеттік комиссия жұмысқа кіріскеннен бастап Қазақстандағы аштық Голощекин келіп ұжымдастыру саясатын жүргізгеннен кейін 1928 жылдан басталады. Бес жыл бойы жалғасқан. Мен сол туралы мақала жазып орыс, ағылшын тілдерінде жарияладым. Содан кейін Ресейдің Сыртқы істер министрі Қазақстанға нота жолдады. Аштық мәселесін саясиландырмаңыздар деді. Артынша Мәулен Әшімбаев бізге сол сөзді жеткізді. Ғалымдар ешбір тақырыпты саясаттандырып жүрген жоқ. Біз өзіміздің ішкі тарихымызды ұлттық мүдде тұрғысынан зерттеуге толық құқығымыз бар. Ұлттық құрылтайдың бірінші мәжілісінде Тоқаев өз тарихымыздың жеті томдығын тәуелсіз Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан қайта жазып шығамыз деді. Бұдан артық қандай терең тапсырма керек? Бірақ бұл жерде бір мәселе бар. Ол тарихты жазып жүрген Кеңес дәуірінде жаман мұра болып қалған, Кеңестік тарих мектебін бітірген азаматтар сол буын зерттеп отыр. Олардың жазғанын оқысаң жылағың келеді. Біз өзіміздің жаңа тарихымызды кешегі Кеңестік тарихнаманың штампы, стереотипі бойынша жазып жатырмыз. Біз сыртқы саяси күштердің ықпалынан аштық мәселесін зерттеуде жалтақтық көрсетіп отырмыз», деді тарихшы.

Қырғыз билігі Қазақстанға нота жолдады

Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі осы аптада ел парламентінде Алматыдағы «Алтын Орда» базарында жұмыс істейтін кәсіпкерлер туралы мәселе көтерілгенін хабарлады.

«Қырғыз Республикасының азаматтары — кәсіпкерлер өз заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды сұрады. Ұжымдық өтінішке тиісті деңгейде ден қою шаралары қабылданып жатыр. Тиісті өтініш (нота) СІМ-нің Алматыдағы өкілдігіне және Алматы облысы Қарасай аудандық полиция бөліміне жолданды. Алдағы күндері «Алтын Орда» сауда кешенінің басшылығымен кездесу жоспарланып отыр», — делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін сот «Алтын Орда» базарының бұрынғы атқарушы директорына үкім шығарған болатын. Қырғызстаннан келген кәсіпкер Ермек Марқабаевқа аса ірі мөлшерде психотроптық затты заңсыз сақтады, тасымалдады деп (ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігі) айыптаған.

Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың жазында «Алматы-Бішкек» автожолында полиция Марқабаевтың көлігін тоқтатып, жолаушылар отыратын жағын тексерген. Жеке тінту кезінде оның ішінде ұнтақ зат бар байлам табылып, тәркіленді деген болжам бар. Соттың мәліметінше, сараптама бұл психотропты зат – салмағы 1,796 грамм мефедрон екенін көрсетті.

«Алтын Орда» базарының бүкіл тарихы шулы, даулы істерімен белгілі. Екі мыңыншы жылдардың басынан бастап қылмыстар, жанжалдар көп болған. Кейін оны тұңғыш президенттің інісі Болат Назарбаев иеленгенін БАҚ жарыса жазған.

Дереккөз: ulysmedia.kz