Tag Archives: млн

Жетісу облысында 170 млн теңгенің жері мемлекетке қайтарылды

Жетісу облысының прокурорлары Панфилов ауданындағы жалпы ауданы 155 гектар болатын 114 жер учаскесін мемлекеттік жер қорына қайтарды, деп хабарлады Qazaq.today тілшісі.

Аталған жерлер ұзақ уақыт бойы игерілмеген және нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған. Учаскелердің кадастрлық құны 170 млн теңгеден асады.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша уәкілетті орган жер заңнамасын бұзғаны үшін жерді мемлекетке қайтарған.

Өткен кезеңде мемлекетке құны 500 млн теңгеден астам 53 мың гектар жер қайтарылды.

 

Су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға үй салуға 22 млн теңгеден бөлінеді

Үкіметтегі брифингте журналистер Қанат Шарлапаевтан билік тарапы үйлерді қалпына келтіруге қанша қаражат бөлетінін сұраған.

Министр қазір әкімдіктер ақпарат жинап, үйлердің есебін жүргізіп жатқанын айтты.

– Біз жергілікті бюджеттен, одан кейін республикалық бюджеттен қаражат бөлеміз. Қазір бір үйдің құнына 22 млн теңге саламыз. Бұл бір үйге 80 шаршы немесе 2 бөлмелі пәтердің құны. 1 шаршы метр үшін 281 мың теңге. Алдағы уақытта біз бюджеттен осы шығынға сүйене отырып бөлеміз, — деді министр.

Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда су тасқыны салдарынан 1,5 мыңға жуық үй су басқанын айтқан болатын.

 

БҚО-да құны 670 млн теңгеге жуық контрабандалық тауар анықталды

Батыс Қазақстан облысының полицейлері 670 млн теңгеге жуық контрабандалық тауарды анықтады, деп хабарлады Qazaq.today тілшісі.

БҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері патрульдік полиция батальонымен бірлесіп, Орал-Бузулук автожолында екі ауыр жүк көлігін тоқтатты. Олардың бірінен 1 мың 348 қорап ірімшік өнімі табылды. Тауарды жалған жүкқұжат арқылы тұз ретінде тасымалдаған. Ірімшіктің құны шамамен 320 миллион теңге болды.

Екінші автокөліктен акциздік маркалары жоқ, 1 мың 755 қорап MILANO маркалы темекі салынған қораптар табылып, тәркіленді. Бұл тауар жалған жүкқұжат бойынша құбырлар ретінде тасымалданған. Тәркіленген темекінің құны шамамен 350 млн теңгеден асады.

Күдіктілер контрабандалық тауарлармен мемлекеттік шекарадан өтпек болған. Тәркіленген тауардың болжамды жалпы сомасы 670 млн теңгені қамтыды. Заң бұзушыларға айналымнан алып қойылған заттардың немесе айналымы шектелген заттардың контрабандасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

 

Петропавлда құрылыс компаниясы табиғатқа 1 млн теңгеден аса залал келтірген

Облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы тұрғындардың өтініштері бойынша өсімдіктер мен жануарлар дүниесі туралы заңнама талаптарының сақталуына талдау жүргізді, деп хабарлады Qazaq.today тілшісі.

Қарау қорытындысы бойынша, құрылыс компаниясының облыс орталығының жасыл желектерін зақымдау, сондай-ақ уәкілетті орган тарапынан бір жылдан астам уақыт бойы тиісінше күзетпеу және қорғамау фактілері расталды. Петропавл қаласындағы Қазақстан Конституциясы көшесіндегі жасыл желектерге келтірілген залал – 1 млн 86 мың 750 теңге болды.

Елеулі залалға қарамастан, полиция органдары әкімшілік іс жүргізуді қозғау туралы шешім қабылдамаған. Прокуратура мен соттың араласуынан кейін ғана материал сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Одан кейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 340-бабы 1-бөлігі бойынша («Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау») сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау туралы шешім қабылданды.

Тергеу нәтижелері бойынша медиативтік келісім жасалып, мемлекетке келтірілген залал толық өтелді. Құрылыс компаниясы қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес ағаштарды өтемдік отырғызуды қамтамасыз етеді.

Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау актілері бойынша кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Петропавл қаласының дендрологиялық жоспарын әзірлеу бойынша жұмыстар ұйымдастырылды.

 

Тәркіленуге жататын 110,2 млн теңгенің мүлкін жасырған кәсіпорын директоры сотталды

Фото: Жамбыл обл. прокуратураның баспасөз қызметі

Тараз қаласының прокуратурасы талдау жүргізу барысында мемлекет пайдасына тәркіленген жалпы көлемі 110,2 млн теңгенің мүлкін жасыру фактісін анықтады, деп хабарлады Qazaq.today тілшісі.

Бұған дейін Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен ASCO Pro ЖШС-нен 110,2 млн теңгенің алкогольдік өнімдері тәркіленген. Алайда мекеменің бұрынғы басшысы тәркіленген тауарларды жасырған.

«Осы факті бойынша Тараз қаласының прокуратурасы ҚР ҚК-нің 425-бабы («Тізімдеме жасалған немесе тыйым салынған не тәркілеуге жататын мүлікке қатысты заңсыз әрекеттер») бойынша қылмыстық істі тіркеді. Тараз қалалық №2 сотының 2024 жылғы 7 наурыздағы үкімімен ASCO Pro ЖШС-ның бұрынғы басшысы ҚР ҚК-нің 425-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық қызметтерді атқару құқығынан айыра отырып, 1 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Сондай-ақ сотталғаннан мемлекет пайдасына 110,2 млн теңге көлемінде материалдық шығын өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.