Tag Archives: мен

Тасқыннан зардап шеккен өңір оқушылары ағымдағы емтихан мен сынақты тапсырмайды

Атырау мен Ақтөбе облысындағы оқушылар үшін БЖБ мен ТЖБ алынып тасталды. Бұл туралы Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы хабарлады.

«Білім алушылардың білім жетістіктері мониторингінен Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарынан 28 мектеп босатылды. Алты өңірде (Ақмола, Атырау, Ақтөбе, СҚО, Қостанай және БҚО) мониторинг 15 сәуірден 22 сәуірге ауыстырылды. Қалған өңірлерде оқу штаттық режимде жүргізіліп жатыр», – деді спикер.

Министрлік оқу процесін ұйымдастыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Эвакуациялық пунктердегі балаларды орналастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бүгінде 2 мың 393 бала оқу процесін ұйымдастырумен бірге орналастырылды:

    • бастауыш сынып оқушылары сауықтыру орталықтарына ата-аналарымен бірге жіберіледі;
    • орта буындағы оқушылар республикалық маңыздағы инновациялық мектеп лицейлердің жатақханаларына («Дарын», РФММ, БИЛ және НЗМ) орналастырылады;
    • жоғарғы сынып оқушылары (9-11 сыныптар) уақытша колледждерге орналастырылады.
    • Министрлік балаларға қосымша 3 мың 182 орын әзірлеп қойды

 

 

Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы әуе рейсі 4 есе ұлғаяды

Алматы қаласында Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның авиациялық билігі арасында екіжақты келіссөздер жүргізілді.

Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Корея Республикасы Азаматтық авиация кеңсесінің бас директоры Йонг Коок Киммен кездесу өткізді. Келіссөздер нәтижесінде тараптар елдер арасындағы рұқсат етілген рейстердің жалпы санын аптасына 10-нан 42-ге дейін ұлғайтуға келісті.

«Сондай-ақ аптасына 40 жүк рейсін, оның ішінде «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесін пайдалану құқығын беру туралы келісімге қол жеткізілді. Келіссөздер барысында бағыттар мен тағайындалған тасымалдаушылар санына қойылған шектеулер алынып тасталды, бұл бәсекелестікті арттыруға және елдер арасындағы ұшу географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді», – деп хабарлайды комитет.

Тараптар әуе тасымалдаушыларының екі елдің астаналары арасында тікелей әуе қатынасын орнату ниетін қолдады.

 

Ауғанстандықтар Қазақстан арқылы Ресей мен Еуропаға заңсыз өтпек болған

Фото: ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі «Алматы» шекаралық бақылау басқармасы ҰҚК-ның Алматы қаласы бойынша департаментімен бірлесіп, прокуратура органдарының үйлестіруімен Қазақстан аумағы арқылы Ауғанстан азаматтарының Ресейге және одан әрі Еуропа елдеріне заңсыз көші-қон арнасының жолын кесті, деп хабарлады Qazaq.today агенттігі.

16 наурызда лауазымды азаматқа 5 мың АҚШ доллары көлемінде пара беру әрекеті кезінде Ауғанстанның 4 азаматы ұсталды. Тергеу материалдарына сәйкес, бұл қаражат шетелдіктерді Испания мен Португалияның жалған төлқұжаттары бойынша Алматы қаласының халықаралық әуежайы арқылы тасымалдауды ұйымдастыруға арналған.

«Қылмыстық кодекстің 394-бабы 1-бөлігінде және 367-бабында көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Соттың санкциясымен ұсталған адамдарға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», – делінген хабарламада.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

 

ХОК Ресей мен Беларусь спортшыларын Олимпиада-2024 ашылуына қатыстырмайды

Қабылданған шешімге сәйкес, ресейлік және беларуссиялық спортшыларға 26 шілдеде ашылу салтанатына қатысуға тек көрермен ретінде қатысуға рұқсат етіледі.

Ресей мен Беларусьтың 58 спортшысы жарысқа жіберіледі, бірақ олар ұлттық туларының астында емес, тек бейтарап күйде қатысады. Спортшылар Ресейдің Украинаға басып кіруін көпшілік алдында қолдамауы әрі әскери немесе мемлекеттік ведомстволарға тиесілі болмауы керек.

 

Қазақстан мен Әзербайжан басшылары атақты Шуша қаласына барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев Шуша қаласына барды.

Екі ел президенттері Қарабақ тау жотасының баурайында орналасқан қаланың бас жоспарымен танысты. Содан кейін олар аймақтың көрнекті жерлерін, оның ішінде орталық алаңды, «Саатлы» мешітін, тау қыратындағы «Джыдыр дюзю» алаңын, «Бюль-Бюль» мұражай-үйін, жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған фотокөрмені және тағы да басқа тарихи орындарды аралап көрді.

Шуша шаһары ежелден әзербайжан мәдениетінің алтын бесігі саналған. Қала заманында гүлденіп, поэзия, көркемөнер және сәулет өнері дамыған орталық болған.

Бүгінде мұнда инфрақұрылым салу және қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше қонақ үй, музей және мешіттер бой көтерген. Тұрғын үйлер, білім беру мекемелері, әлеуметтік нысандар, шіркеулер салынып, жөнделуде. Сонымен қатар түрлі сала мамандарының қатысуымен нысандарды бағалау және түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін мемлекет басшылары Физули қаласында қираған жерлерді аралап көріп, қаланы дамытудың бас жоспарымен танысты. Қазақтың дәулескер күйшісі Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Одан соң Физули қаласындағы орталық аурухананың құрылыс алаңын аралап көрді.

Болашақта бой көтеретін медициналық мекеме 180 төсек-орынға есептелген. Ғимараттың жалпы ауданы 34 мың шаршы метрден асады.

Ауруханада стационарлық қызмет көрсететін кардиология, неврология, гинекология, анестезиология-реанимация, гемодиализ, терапия, хирургия, травматология-ортопедия, босану және жұқпалы аурулар бөлімдерін, сондай-ақ офтальмология, педиатрия және ЛОР кафедраларын ашу жоспарланып отыр.

Ал амбулаториялық режимде науқастарға кеңес беретін емхана бөлімі, балалар емханасы, рентген диагностикасы, функционалдық диагностика, физиотерапия және медициналық оңалту бөлімдері қызмет көрсетпек. Сонымен қатар клиникалық-диагностикалық зертхана, жедел жәрдем станциясы, гигиена және эпидемиология орталығы жұмыс істейді.

Нысанды қазақстандық құрылыс компаниялары коммерциялық негізде салады деп жоспарланып отыр.