Tag Archives: көшкін

Вьетнамда су тасқыны мен көшкін салдарынан 10 адам қаза тапты

Фото: Anadolu Agency

Вьетнамның орталық аймақтарында толассыз жауған нөсер жаңбырдан болған су тасқыны мен лай көшкіні салдарынан кемінде 10 адам қаза тапты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Жергілікті биліктің мәліметінше, портты Дананг қаласында су тасқыны салдарынан 6 адам көз жұмып, 19 адам жарақат алған. Мыңдаған үй мен ауыл шаруашылығы алқаптары, сондай-ақ үй жануарлары табиғи апаттан зардап шекті.

Хюэ қаласында су тасқыны салдарынан бір адам қаза тауып, бес жасар қыз бала із-түзсіз жоғалғандар қатарында тұр.

Куангнгай провинциясында 120-дан астам көшкін тіркеліп, олардың салдарынан кемінде 3 адам қаза тапты.

Су тасқыны мен көшкін бірнеше автожолдың жабылуына себеп болды, ондаған адам көлігінің ішінде қалып қойған.

Вьетнамның метеорологиялық басқармасының мәліметінше, Хюэ қаласында соңғы 24 сағат ішінде жауын-шашын мөлшері рекордтық деңгейге жеткен.

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген ежелгі Хойан қаласында су деңгейі күрт көтеріліп, туристерді қайықпен эвакуациялауға тура келген.

Сонымен қатар қатты жауған жаңбыр салдарынан астана Ханой мен Хошимин қаласы арасындағы теміржол қатынасы уақытша тоқтатылды. Бұл мыңдаған жолаушының жол жүру жоспарына кері әсерін тигізді.

Үндістанда көшкін салдарынан 24 адам қаза тапты

Фото: azerbaycan24

Үндістанның шығысындағы Батыс Бенгалия штатында толассыз жауған жаңбыр салдарынан кем дегенде 24 адам қаза тауып, көптеген адамдар жарақат алды, деп хабарлады дүйсенбі күні билік өкілдері. Бұл туралы Синьхуа ақпарат агенттігі жазды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Лай көшкіні штат астанасы Калькуттадан солтүстікке қарай шамамен 626 шақырым жерде орналасқан Дарджилинг қаласында болды. Сел ағыны үйлерді шайып, жолдарды жауып, кенттерге жолды бұғаттады.

Бұл қайғылы оқиға кең ауқымды қирауға әкеліп, жүздеген адам, негізінен туристерді Гималай тауының етегінде қалдырды. Байланыс желілері де зақымданған.

Биліктің мәліметінше, Дарджилингте жексенбі күні түнде жауған нөсер жауыннан кейін бірнеше аумақта көшкін жүрген. Полиция мен құтқару қызметі құтқару жұмыстарын бастады.

Билік апаттардың алдын алу үшін Дарджилингтегі танымал туристік орындарды жауып, жергілікті тұрғындар мен туристерді сақтық танытып, жол мен ауа райы жағдайын бақылауға шақырды.

Батыс Бенгалияның бас министрі Мамата Банерджи жексенбі күні кешке шұғыл жиналыс өткізіп, дүйсенбіде зардап шеккен аудандарға өзі баратынын жариялады.

— Жағдай күрделі. Бутандағы толассыз жауған жаңбыр салдарынан су ағыны Солтүстік Бенгалияға өтті. Табиғи апаттар біздің бақылауымыздан тыс. Бар болғаны 12 сағаттың ішінде 300 мм-ден астам жауын-шашын тіркеліп, кем дегенде жеті жерде көшкін мен су тасқыны болды, — деді ол жергілікті телеарнаға.

Теледидардан өзендердің арнасынан шығып, көпірлер бұзылып, жолдар шайылып жатқаны көрініп тұрған кадрларды көруге болады.

Алматыдағы көшкін: Төрт адамның денесі табылды

Фото: ТЖМ

Оқиға орнында құтқарушылар 1984 жылы туған ер адамның, 1980 жылы туған әйелдің және 2007 жылы туған екі жас жігіттің денелерін тауып алып шықты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Оқиға орнында үйінділерді бөлшектеу және балшық массасынан тазарту жұмыстары жалғасуда.

«Жұмыстар өткір заттар, әйнек, арматура және т.б. заттар араласқан саз балшық массасының үлкен көлемімен, сондай-ақ үйге кіру жолының тар болуымен, техниканы барынша пайдалану мүмкін еместігімен қиындай түсті. Құтқарушылар жұмысты негізінен қолмен жүргізуде», — делінген ТЖМ хабарламасында.

ТЖМ психологтары туыстары мен көршілеріне шұғыл психологиялық көмек көрсетуде.