Tag Archives: колледж

Атыраудағы агроколледжде жаппай төбелес: студенттер бірін-бірі аямады

Фото: видеодан скрин

Атырау қаласындағы аграрлық-техникалық колледж студенттері арасында ірі төбелес шықты. Оқиға колледж жатақханасының алдында болған.

Куәгерлердің айтуынша, екі топ бір-біріне темір таяқ және басқа да заттармен шабуыл жасаған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада жастардың ашуға беріліп, бір-біріне соққы жасап жатқаны анық көрінеді. Бірнеше студент дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.

Полиция оқиғаға қатысқан жастарды анықтап, тергеу амалдарын бастап кетті. Білім басқармасы бұл жағдайға байланысты арнайы комиссия құрғанын хабарлады. Колледж басшылығы тәртіп бұзған студенттерге қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді. Қазір оқиғаның себептері мен нақты қатысушылар саны анықталып жатыр. Тұрғындар жастар арасындағы тәртіптің әлсіреуіне алаңдаушылық білдіруде.

Ақмола колледждерінде жүздеген миллион ұрланған

Фото: Pixabay

Студенттердің ақшасы тоналды: Ақмола колледждерінде жүздеген миллион ұрланған Ақмола облысының ТжКБ ұйымдарында тексеріс жүргізген ревизиялық комиссия студенттердің қаржысына қатысты жантүршігерлік фактілерді ашып берді. Бұл деректерді РОО «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының Ақмола филиалы мен Қоғамдық кеңес жария етті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Аудит нәтижесінде бухгалтерияда қаржыны жасыру үшін нөлдерді өшіріп отырғаны анықталды: 3 млн теңге құжатта 3000 теңге болып көрсетілген; 2 млн теңге 2000 теңгеге «қысқартылған».

Құжаттар қолдан жасалып, кейбір шығындар «прокуратура тәркілеп алды» деген желеумен есептен шығарылған.

Колледждің ғимараты мен құрал-жабдықтары жеке адамдарға жалға беріліп, ешқандай келісім-шартсыз және төлемсіз пайдаланылған. Залал — шамамен 3 млн теңге. Сол «арендаторы» жалған түрде колледж қызметкері ретінде тіркеліп, жалақы алып отырған. Штатты да фиктивті қызметкерлермен «толтырған». Бір оқытушыға заңсыз 10 млн теңге аванс берілген, бірақ бұл қаржы қайтарылмаған. Директор мен бас бухгалтердің туыстық байланысы бар екені белгілі болды.

РОО «Жаңару» мен Қоғамдық кеңес бұл фактілерге дереу назар аударуды талап етіп, Экономикалық тергеу департаментін, Бас прокуратураны және Оқу-ағарту министрлігін іске араласуға шақырды.

Емтиханнан өте алмай қалған студент оқу орнында адамдарды пышақтап тастаған

Пекин, Қытай (19 қараша 2024) — Қытайдың Цзянсу провинциясында кәсіптік-техникалық колледж студенті сегіз адамды пышақтап өлтірді. Тағы 17 адам жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Информбюро» жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

21 жастағы студент соңғы сабақ кезінде студенттерге пышақпен шабуыл жасаған. Қаза тапқандар мен жарақат алғандардың арасында ұстаздар да болуы мүмкін. Қытайдың қауіпсіздік бюросы қаза тапқандардың жеке басын әлі жариялаған жоқ.

Полицияның болжауынша, күдікті кек алу мақсатында қылмыс жасаған. Өйткені ол биыл колледжді бітіруі тиіс еді, бірақ емтиханнан да, тағылымдамадан да өтпей қалған. Күдікті қылмыс орнында ұсталып, тергеу амалдары басталды.

Ақтауда 15 жастағы қыз табылмай жатыр

Ақтау қаласының маңында 15 жастағы Нұрсая Құралбаеваны бес күннен бері іздеп жатыр. Қыз бала колледжге кеткеннен кейін қайта оралмаған, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Волонтерлердің мәліметінше, Нұрсая Құралбаева Мұнайлы ауданындағы Бiрлiк көшесінде орналасқан жеке үйде тұрады. Ол 15 қазан күні таңғы сағат 08:00 шамасында Ақтаудағы политехникалық колледжге оқуға кеткен.

Жоғалған қыздың белгілері: орта денелі, ұзын қара шашты, бойы шамамен 165-170 сантиметр. Үстінде қара желет, қара шалбар және ақ жолақтары бар қара кроссовка болған.

Нұрсая туралы қандай да бір ақпаратты білетін адамдардан +7 (700) 911-72-92 немесе 102 нөмірлеріне хабарласуды сұраймыз.

Фото: Волонтерлер ұсынған фото

Қарағандыда колледж студенті 7,5 жылға сотталды

Қарағанды қаласында есірткі жасырумен айналысқан студент 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Жоғарғы соттың мәліметінше, Қарағанды политехникалық колледжінің 17 жастағы 3 курс студенті интернеттен «курьер қажет» деген хабарландыру көрген.

Хабарландыруда көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалып, жұмыстың қиын емес екенін, сонымен қатар жалақысының жоғары екенін біледі.

«Алынған геолокация бойынша 5-15 жиынтық тауып, оларды бір-бірден орап, Қарағанды көшелеріне жасырып келген. Кураторына фотоесеп жіберіп отырған. Әрбір салынған орама үшін банк картасына 2,5 мың теңгеден аударым алып отырған, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған», — делінген хабарламада.

Былтыр қараша айында ол полицияның қолына түсті. 15 ораманы алып шығып, оның төртеуін жасырып үлгерген.

Оған Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі 1, 3, 5 тармақшалары бойынша айып тағылды. Сотта айыпталушының кінәсі дәлелденді.

Соттың үкімімен студент айыпты деп танылып, ол 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Судья оның кәмелетке толмағанын ескерді, — делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енді.

Фото: Pixabay