Tag Archives: көлік

Ақтөбеде мектеп оқушысы қаза тапты

Фото: Pixabay

Ақтөбеде 8-сынып оқушысы әкесінің көлігімен рұқсатсыз мініп шығып, жол апатына ұшырады. Оқиға «Бауырластар» тұрғын ауданында болған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Полицияның дерегінше, жасөспірім көлікті басқара алмай, жол апатына себеп болған. Ол алған жарақаттарының салдарынан ауруханада көз жұмды.

Бұл – соңғы екі айдағы дәл осы ауданда болған екінші осындай қайғылы жағдай. Бұған дейін, 2 қыркүйекке қараған түні Әлімхан Ермек көшесінде 16 жастағы жасөспірім Mitsubishi Carisma көлігін ата-анасының рұқсатынсыз айдап шығып, апатқа ұшыраған. Ол да алған жарақатынан көз жұмған еді.

Осыған байланысты Ақтөбе облысының полиция департаменті ата-аналарға балалардың мінез-құлқын және олардың көлік құралдарына қол жеткізуін қатаң бақылауға алуды ескертті.

Полиция деректері бойынша, биыл өңірде 1 632 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 2 мыңнан астам адам жарақат алып, 99 адам қаза тапқан, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар.

Қазір облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр (27-31 қазан аралығы). Оның мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, әсіресе балалар, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер арасындағы жол апаттарының алдын алу.

Естімеген елде көп: Түркістанда полицей қызметтік көлікпен ағаш тасыған

Фото: видео скриншот

Түркістан облысында полиция қызметкері қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланғаны жөнінде бейнежазба тарады. Видеода полицей нөмірі анық көрінетін арнайы автокөлікпен ағаш тасып жүргені байқалады. Кадрлар әлеуметтік желіде қызу талқыланып, жұрт екіге жарылды: бірі — «бұл жемқорлықтың белгісі» десе, енді бірі — «мүмкін, қызметтік тапсырма шығар» деп қорғауда, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Тұрғындар арасында «қоғамдық сенімге нұқсан келтіретін әрекет» деп бағалағандар көп. Кейбіреулер мұны қызмет бабын асыра пайдалану, тіпті жеке пайдасына жұмыс көлігін жұмсау деп қабылдаған.

Облыстық полиция департаменті әзірге бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Алайда бейнежазба қоғамда ішкі істер органдарының беделіне және қызметтік тәртіптің сақталуына қатысты сұрақтарды қайта көтерді.

Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар тек жеке қызметкердің емес, бүкіл құрылымның абыройына әсер етеді. Егер факт расталса, бұл полиция қызметкерлерінің этикалық кодексін бұзу және қызметтік көлікті мақсатсыз пайдалану ретінде бағалануы мүмкін.

Көлік нарығын “қанды соғыс” күтіп тұр: Бұрын 10 млн-ға алған көлік енді 20 млн болуы мүмкін

Фото: Todayinfo.kz

Ұлттық банк мөлшерлемені 18%-ға көтерді. Бұл – көлік несиесі қымбаттайды деген сөз

Бұрын көлікті несиеге алу оңай еді – банк тез мақұлдайтын, ай сайынғы төлем де аса ауыр емес болатын. Енді бәрі өзгерді.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді. Бұл – банктер үшін ақша қымбаттады деген сөз. Енді олар клиентке бұрынғыдай арзан несие бере алмайды.

Мысалы, бұрын ай сайын 100 мың теңге төлеген адам енді 110–120 мың теңге төлеуі мүмкін.

Қазір Қазақстанда көліктердің жартысынан көбі несиеге алынады. Сондықтан мөлшерлеменің өсуі бәріне әсер етеді.

Мөлшерлеме өскен соң, банктер салымшыларға “ақшаңды бізге әкел” деп көбірек пайыз ұсына бастады. Яғни банктер енді депозитке көп төлейді, бірақ несиеге ақша беруге келгенде сақтық танытады.

Сарапшылардың айтуынша, банктер клиентті қатты тексереді. Егер табысы аз болса – несие бермейді немесе бастапқы жарнаны көбейтеді.

Қазір автонесие нарығы толық тоқтаған жоқ, бірақ қарқыны бәсеңдеді. Бұрынғыдай көлік көп сатылмай жатыр.

Сарапшылар: “Бұл тек бастамасы. Алдағы айларда көлік сатылымы азаяды, өйткені халықтың табысы да төмендеп жатыр”, – дейді.

Адамдардың нақты табысы биыл 2,6%-ға төмендеген. Ал несие қымбаттап келеді. Демек, көпшілік бұрынғыдай көлік алуға батпайды.

Қытай көліктері нарықты құлатпай ұстап тұр

Автожурналист Роман Масленников былай дейді:

“Көліктердің 60%-ы несиеге алынады. Әсіресе 10–12 млн теңгелік көліктер – қарапайым халықтың таңдауы. Олар көбіне такси не жұмыс үшін алады. Сондықтан несиенің қымбаттауы бірінші осы топқа соққы болады”.

Бірақ сарапшының айтуынша, қытай көліктері нарықты құтқарып тұр. Себебі олар жиі жеңілдік пен бөліп төлеу ұсынады.

“2025 жылдың басында Қытай көліктеріне үлкен жеңілдіктер болады. Бұл өзге брендтерді де бағаны түсіруге мәжбүр етеді”, – дейді ол.

Қазақстанда көлік шығаратын зауыттар бар, бірақ бәрі оңай емес

Елімізде Hyundai, Chery, Chevrolet сияқты көліктер шығарылады. Бұл зауыттар нарықтың 70–80%-ын қамтиды.

“Дилерлер бір-бірін аңдып отыр. Біреуі бағаны түсірсе, екіншісі де ілесе кетеді. Сондықтан алда жаңа жеңілдіктер мен бөліп төлеу бағдарламалары пайда болуы мүмкін”, – дейді сарапшы.

Қытай шекарасы ашылғаннан кейін Қазақстанға “сұр” көліктер де келе бастайды. Бұл да бағаға әсер етеді.

Көлік бағасы қашан өзгереді?

Масленников былай дейді:

“Көлік бағасы 2025 жылдың соңына дейін қатты қымбаттамайды. Себебі көптеген дилерлер қоймадағы көліктерді ескі бағамен сатып отыр. Бірақ сатылым баяулайды, себебі несие ауырлап кетті”.

Қазір нарық сырт көзге тыныш көрінеді. Бірақ сарапшылар:

“Бұл – дауыл алдындағы тыныштық. Ішінде шын мәнінде үлкен күрес жүріп жатыр. Әрбір дилер өз орнын сақтап қалуға тырысуда”, – дейді.

Ұлттық банк мөлшерлемені өсірді, несиелер қымбаттады. Банктер енді оңды-солды несие бермейді. Халықтың табысы азайды, көлік алу қиындады. Қытай көліктері мен жеңілдіктер әзірге нарықты ұстап тұр. Бірақ егер несие арзандамаса – жыл соңына дейін сатылым да, баға да түседі.

«38 миллион теңге тұрады»: Гүлзира Айдарбекова су жаңа көлігімен мақтанды

Фото: видеодан скрин

Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова өзіне су жаңа көлік сыйлады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Өнер иесі жеке парақшасында өте қымбат тұратын көлігін көрсетті.

 

“Өміріміз оза берсін, көлігіміз тоза берсін. Лүпіл басқан оқырмандарыма жұғысты болсын”, – деп жазды продюсер.

 

Желі қолданушылары көлікті қызу талқыға салды.

“Біз де Гүлзираның жолымен жүрейік”, “Қазақстанда 38 миллион теңге тұратын машина екен”, “Сусабын сатып алған ақшасы шығар”, “Ақтауда 3 бөлмелі пәтер келеді”, “Машинаны келіндеріне берсе де болады”, “Жұлдызбен араласпай, ол қымбат көлік мінбей кетті”, – деп жазды көпшілік.

Ақтауда көлік өртеніп кетті

Фото: видеодан скрин

Ақтаудағы 17-шағынаудандағы №54 үйдің алдында Subaru Forester көлігі өртенді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Куәгерлер түсірген видеода бірнеше жас жігіттің жарылыстан қауіптене отырып, өртті өрт сөндіргіштермен сөндіруге тырысқаны көрінеді.

Маңғыстау облыстық ТЖД мәліметінше, 2002 жылғы көліктің мотор бөлігі жанған. Өрт сөндірушілер жеткенше тілсіз жау толық сөндірілген. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.