Tag Archives: кездесу

Трамп пен Путин тағы кездеседі

Фото: Daniel Torok/Zuma/TASS

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті. Олар Мажарстан астанасы Будапештте кездесу өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы BBC-ге сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, телефон арқылы сөйлесу туралы алдын ала хабарланбаған және бұл Трамптың Украина басшысы Владимир Зеленскиймен Вашингтонда кездесуі қарсаңында болған.

Әңгіме екі сағаттан астам уақытқа созылды. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың сөзінше, телефон арқылы әңгімелесуге Мәскеу бастама білдірген. Путин Трампты Израиль мен Газа арасындағы қақтығысты реттеп, Таяу Шығыста бейбітшілікті орнатқанымен құттықтаған.

 

«Біз Украинадағы соғыс аяқталған соң, Ресей мен АҚШ арасындағы сауда-саттық қалай болатынын ұзақ талқыладық», – деп жазды Трамп TruthSocial желісінде.

 

Ақ үйдегі баспасөз брифингінде АҚШ президенті ресейлік әріптесімен кездесуі алдағы екі аптаның ішінде өтуі мүмкін екенін жоққа шығармады.

 

«Біз Будапештте кездесеміз деп келістік. Онда Украина мен Ресей арасындағы бұл соғысты тоқтата аламыз ба, сол туралы сөйлесеміз», – деді Ақ үй басшысы.

 

Оның айтуынша, екі елдің жоғары деңгейдегі делегациялары келесі аптада кездеседі. АҚШ атынан делегацияны Мемлекеттік хатшы Марко Рубио бастап барады, ал Ресей делегациясының құрамы мен кездесу орны әлі нақтыланған жоқ. Содан кейін ғана президенттердің жеке кездесуі өтпек.

Трамп әңгімелесуді өте тиімді деп бағалап, оның қорытындысы бойынша айтарлықтай жетістікке қол жеткізілгенін айтты.

 

Мемлекет басшысы «Швейцария – Қазақстан» парламенттік достық тобының мүшелерімен кездесті

Кездесу барысында Президент Қазақстан Еуропадағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесі саналатын Швейцариямен ұзақ жылдардан бері қалыптасқан қарым-қатынасқа ерекше мән беретінін атап өтті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 
Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Швейцарияға жасаған ресми сапары екі ел арасындағы серіктестікті нығайтуға берік негіз қалағанына назар аударды.
Мемлекет басшысының айтуынша, швейцариялық депутаттар делегациясының елімізге келуі жан-жақты ықпалдастықты одан әрі дамытуға қос тараптың да ниетті екенін көрсетеді.
Бұл ретте өзара түсіністікті нығайтып, екіжақты ынтымақтастықты жандандыруда парламенттік дипломатияның маңызды рөл атқаратынына мән берілді.
«Швейцария – Қазақстан» парламенттік достық тобының үйлестірушісі Филиппо Ломбарди қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Швейцарияның серіктестік байланыстарды кеңейтуге және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.
Кездесуде Астана мен Берн арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастық перспективасы, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы іс-әрекеттерді өзара үйлестіру мәселелері талқыланды.

Аида Балаева «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының белсенділерімен кездесті (ВИДЕО)

Фото: Жаңа Адамдар

Жаңа адамдар Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаевамен кездесіп, алып қашу, сталкинг және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамалық түзетулерді талқылады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Қазақстан Республикасының Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева Астанада Жаңа адамдар жастар қозғалысының белсенділерімен кездесті. Елордалық кампуста еліміздің түрлі өңірлерінен келген белсенділер бас қосты.

Кездесу пікір алмасу форматында өтті. Спикерлер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі тезистерді талқылап, жастар арасындағы патриотизм ұғымын жаңа мазмұнмен толықтыру жолдарын қарастырды.

Ерекше назар жақында қабылданған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, сталкингке және «Алып қашу» арқылы неке қиюға мәжбүрлеуге қарсы заңнамалық түзетулерге аударылды.

Шығыс өңіріндегі қозғалыс көшбасшысы Ғазиза: «Біз құқықтың әрдайым жауапкершілікпен қатар жүретінін түсінеміз. Тек заңдар жеткіліксіз — ең бастысы, өзгерістер біздің санамызда орын алуы керек. Қоғамдағы тәртіп әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады».

«Тұмар» азаматтық науқанының көшбасшысы Ғалия: «Қазақстан өзгеріп келеді, сонымен бірге қоғамдағы әйелдің рөлі де өзгеруде. Олар мықтырақ, сенімдірек және еркін болуда».

Қозғалыс көшбасшысы Асель Баденова:

«Бүгінде Қазақстан жастары — қоғамдық өзгерістердің авангарды. Олар ертеңгі күнмен бүгін өмір сүретіндер. Тәуекелге барып, қателесіп, жаңа дүниелер жасап, өз әрекеттерімен өзгелерге шабыт сыйлайтындар. Жаңа адамдар жаңа азаматтық форматтарды — экологиялық акциялардан бастап құқықтық науқандарға дейін — іске қосып келеді. Біз жаңа құндылықтарды қалыптастырудамыз: еңбексүйгіштік, білім, адалдық және бастамашылдық. “Басқа біреу істесін” дегенді “өзіңнен баста” деген сана стиліне өзгертудеміз. Қозғалыстың бүгінгі таңдағы істерінің барлығы — Президент айтқан жаңа форматтағы патриотизмнің көрінісі».

Қай елдер Путин мен Зеленскийдің кездесуін ұйымдастыруды ұсынды

Фото: Известия

Бұл туралы Александр Лукашенконың баспасөз хатшысы Наталья Эйсмонт мәлімдеген, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Аталған ел бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің кездесуін ұйымдастыруға тас түйін дайын екенін жеткізді.

– Беларусь делдал рөлін сұраған жоқ және сұрап жатқан жоқ. Біз бауырлас республикамыздың тыныштығы үшін кез келген кездесуді ұйымдастыруға дайынбыз. Барлығын жоғары деңгейде өткіземіз. Бірақ, Беларусь президенті бұл тақырыпты америкалық әріптесімен талқылаған жоқ, – деді Наталья Эйсмонт.

Еске салайық, бұған дейін осындай бастаманы бірқатар ел көтерген еді. Яғни, қос президенттің кездесуін өткізуді Швейцария, Италия, Аустрия және Мажарстан ұсынып, ықылас танытты.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливит АҚШ-тың Ресей мен Украина басшыларының ықтимал кездесу орнын белгілеп жатқанын атап өтті.

– Қазір біздің ұлттық қауіпсіздік тобы екі тараппен де талқылап жатқан түрлі нұсқа бар, – деп қысқа қайырды ол.

Ливит өте жауапты кездесуді ұйымдастыруға вице-президент Джей Ди Вэнс, Мемлекеттік хатшы Марко Рубио және Америка көшбасшысының арнайы өкілі Стивен Уиткофф жауапты екенін жасырмады.

– Трамп Путинмен телефон арқылы сөйлесті және ол бейбіт процестің келесі кезеңіне Зеленскиймен кездесуді ұйымдастыруға, қажет болса, президенттер Путин, Зеленский және Трамптың үшжақты кездесуін ұйымдастыруға келісті, – деп нақтылай түсті Ақ үйдің баспасөз хатшысы.

«Қазір жаттықсаң, ертең қорқыныш болмайды»: Геннадий Головкин спортшылармен кездесті (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр 

Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин Астанада ұлттық шорт-трек құрамасының оқу-жаттығу жиынына қатысты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Кездесу барысында бас бапкер Петр Гамидов құраманың олимпиадалық маусымға арналған өзекті жұмыс жоспарын таныстырды.

Спортшылармен кездескен ҰОК президенті Геннадий Головкин спортшыларды жігерлендірді.

«Қазір мынада барын салып жаттықсаңдар, ертең сендерде қорқыныш болмайды. Алаңға шығып өзіңе тиістіні аласын. Қазір қолдарыңнан не келетінін көрсететін тамаша мүмкіндік! Қазір сендердің уақыттарың!», — деді Головкин.

Шорт-тректегі олимпиадалық жолдамалар төмендегі төрт кезеңнен тұратын Әлемдік турда сарапқа салынады:

  • 9–12 қазан – Монреаль, Канада
  • 16–19 қазан – Монреаль, Канада
  • 20–23 қараша – Гданьск, Польша
  • 27–30 қараша – Дордрехт, Нидерланд