Tag Archives: ІІМ

Таразда талтүсте қыз алып қашқандар ұсталды

Фото: видеодан скрин

Тергеу процесі Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) ерекше бақылауында, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

ІІМ-нің ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің мәліметінше, Таразда қызды ұрлады деген күдікпен үш адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.

Деректерге сәйкес, тергеу Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы («Неке қиюға мәжбүрлеу») бойынша жүргізілуде. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап, бұл әрекет ресми түрде қылмыс санатына енгізілген. Аталған бап бойынша жаза ретінде 2000 айлық есептік көрсеткіш (2025 жылы шамамен 7,9 млн теңге) дейін айыппұл салу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Егер іс ауыр зардаптарға немесе ауырлататын мән-жайларға ие болса, жаза мерзімі 5 жылдан 10 жылға дейін жетуі мүмкін.

«Үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысы ІІМ басшылығының ерекше бақылауында. Барлық кінәлі заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылады», – деді Жамбыл облысындағы оқиғаға қатысты түсініктеме берген Шыңғыс Алекешев.

Министрлік өкілі жаңа норма бойынша түсіндіру жұмыстарының белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Ішкі істер органдары неке қиюға мәжбүрлеу және азаматтардың жеке бас бостандығына қарсы кез келген әрекеттердің алдын алу үшін қатаң шаралар қабылдайды. Жаза бұлтартпастығы қағидасы толық қамтамасыз етіледі», – деді ол.

 

Боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі қазақтар мен қырғыздарға тіл тигізді: ІІМ тергеуді бастады

Фото: bivol_kate парақшасынан

Қырғызстан Ішкі істер министрлігі боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайының қырғыздар мен қазақтарды қорлайтын мәлімдемесіне байланысты алдын ала тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

ІІМ өкілдері мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін атап өтті. Ведомствоның мәлімдеуінше, ұлтаралық сыйластық пен төзімділік қағидаттарына қайшы келетін кез келген сөз немесе іс-әрекет заңмен қаралады. Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір азамат адамгершілік пен құқық нормаларын сақтауға, өшпенділік пен алауыздықты қоздырудан аулақ болуға тиіс. Бұған дейін Екатерина Бивол әлеуметтік желіде қазақтар мен қырғыздарды кемсітетін пікір қалдырған. Сондай-ақ, ол қырғыз азаматтарының Ресейде жеткізу қызметінде жұмыс істейтінін мысқылдап, “заң қатайып жатыр, сақ болыңдар” деген мазмұндағы сөз айтқан.

«Арақ атадан қалған ас емес»: Қазақстан ішімдік ішуден Орталық Азияны басып озды — Әрбір үшінші қылмыс арақпен байланысты – ІІМ

Ішімдік – жеке адамды ғана емес, тұтас қоғамды күйрететін құбылыс. Соңғы бес жылдағы статистика мен оқиғаларға көз жүгіртсек, Қазақстан үшін ішімдік мәселесі – жай ғана тұрмыстық әдет емес, ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі проблемаға айналғанын байқаймыз, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, қазақстандықтар жан басына шаққанда жылына шамамен 5,4 литр таза спирт тұтынады. Бұл – қауіпсіздік шегінен жоғары көрсеткіш. Ер адамдардың үлесі басым: орта есеппен 10 литрден асады, ал әйелдер шамамен 3 литрге жуық ішімдік пайдаланады.

Салыстырсақ: көршілес Өзбекстанда бұл көрсеткіш екі еседен де аз, небәрі 2 литрдің айналасында. Ал Қазақстан Орталық Азияда бірінші орында, ТМД елдерінің ішінде алғашқы үштікте тұр.

2020 жылы пандемия кезінде жағдай күрт нашарлады: ресми деректер бойынша, алкоголь өнімдеріне деген сұраныс бір жылда 30 пайызға артқан. Карантин, күйзеліс, үйде қамалу – бәрі ішімдікке жүгінуді күшейтті. Кейін бұл көрсеткіш аздап төмендегенімен, шығын көлемі әлі де өсіп отыр.

Қазақстанда заң жүзінде алкогольге бірқатар шектеу бар:

  1. 21 жасқа дейін сатуға болмайды.
  2. 23:00-ден кейін сауда жасауға тыйым салынған.
  3. Жарнама толықтай тоқтатылған.

Алайда, шындық басқа. Көшенің әр бұрышында алкомаркет, шағын дүкен, супермаркет – барлығы ішімдікті ашық сатады. Соңғы үш жылда жеке «алкоголь дүкендерінің» саны 10%-ға өскені ресми мәліметте көрсетілген.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек осыған байланысты былай дейді:

«Біз заңға шектеу енгіздік, бірақ оның орындалуын қатаң қадағалай алмай отырмыз. Жастарға ішімдік қолжетімді. Бұл – қоғам үшін қауіпті».

Алкоголь тек денсаулыққа зиян емес, қоғамға да соққы. Медицина саласы ресми мойындайды: ішімдікті көп тұтынатын өңірлерде аурушаңдық деңгейі бірнеше есе жоғары. Мысалы, Павлодар облысында 100 мың тұрғынға шаққанда 174 жағдай тіркелсе, Түркістанда бұл көрсеткіш небәрі 16 ғана.

Алкогольмен байланысты психикалық бұзылыстардың ресми дерегі – 58 адам/100 мың тұрғын. Бірақ ДДСҰ сарапшылары нақты сандар бұдан 3-4 есе көп болуы мүмкін дейді.

Ал ішімдіктің қылмысқа әсері ше? Ішімдік іштім – ашуландым, ұрыстым, соқтым – мұндай жағдайлар полиция хаттамаларының әрбірінде дерлік кездеседі. «Құрғақ заң» енгізген бірнеше ауылда қылмыс мүлде тіркелмей қалғаны осының айғағы.

Танымалдардың масқарасы: жұлдыздар үлгі емес

Жұлдыз – халықтың үлгісі болуы керек. Бірақ бізде кейбір әншілер керісінше, теріс қылықпен көзге түсуде.

Бейбіт Қорған биыл қыркүйекте мас күйінде ұшақта жанжал шығарды. Экипаж ескерту жасаса да тыңдамаған. Атырауға қонған соң полиция ұстап, сот 196 мың теңге айыппұл салды.

Жұбаныш Жексенұлы жазда Астана әуежайында жанжал шығарды. Мас күйінде әйелді балағаттағаны үшін 78 мың теңге айыппұл төледі. Кейін өзі мойындады: «Ішімдік ішкеннен кейін эмоцияға беріліп кеттім».

Бұл оқиғалар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде халық: «Жастарға осылар үлгі болса, болашағымыз қандай болмақ?» деп ашынды.

Сарапшылар не дейді?

Диетолог Айжан Абдуллаева:

«Этил спирті – у. Алкогольдің қауіпсіз дозасы жоқ. Аздап ішудің зияны жоқ дейтіндер қателеседі. Жылдар бойы жиналып, бауырды, жүректі, асқазанды күйретеді».

Мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров:

«Қазақ дәстүрінде арақ ішу болған жоқ. Біздің асыл сусын – қымыз. Қазір ауылдар қайта оралуда: ақсақалдар “Арақ – атадан қалған ас емес” деп, халықты өз еркімен ішімдіктен бас тартуға шақыруда. Құрмет пен сенім бар жерде заңсыз-ақ тәртіп орнайды».

Құқық қорғаушылар

ҚР ІІМ өкілдері: ішімдік көбіне қылмыс пен тұрмыстық зорлықтың басты себебі. «Әрбір үшінші қылмыс алкогольмен байланысты. Бұл – ащы шындық».

Қазақстан алдында таңдау тұр. Бір жол – қазіргі күйде қалу, дүкеннің сөресін ішімдікке толтырып, халықтың денсаулығын жоғалту. Екінші жол – ауылдағы бастамаларды үлгі ету, ішімдікке «жоқ» деп айту.

Халық өзі шешім қабылдайды. Бірақ бір нәрсе анық: алкоголь – бізді алға жетелейтін күш емес. Ол – отбасыларды бұзатын, денсаулықты құртып, ұлттың болашағына балта шабатын дерт.

Егер мемлекет қатаң бақылау жүргізіп, қоғам да бір кісідей қолдап шықса, біз «мас қоғамнан» құтылып, ұрпаққа таза жол қалдыра аламыз.

ІІМ қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады

Фото: Pixabay

Полицейлер банк картасына мұқият болуды ескертеді, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Ішкі істер министрлігі «дропперлікпен» байланысты қылмыстар туралы ескертеді.

– Кейбір азаматтар оңай ақша табуды көздеп, заңсыз желілер арқылы есірткі айналымына тартылуда. Ол үшін қылмыскерлер сіздердің банк карталарыңызды, криптовалюта әмияндарын және басқа да төлем құралдарын пайдалануды сұрайды. Бұл әрекеттердің басты мақсаты – есірткі бизнесінің ізін жасыру.

Есіңізде болсын: банк карталарын, мобильді қосымшаларды және криптоәмияндарды үшінші тұлғаларға беру жай қателік емес, бұл ауыр қылмысқа қатысы бар дегенді білдіреді. Егер сіздің картаңыз немесе әмияныңыз есірткімен байланысты қаржылық операцияларда пайдаланылса, бұл дәлел ретінде қаралып, ол үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Мұндай әрекеттер бас бостандығынан айыру жазасына әкеледі.

Баршаңызды сақ болуға шақырамыз! Алаяқтардың арбауына түспеңіздер. Өзіңізді заңсыз әрекетке тартуға жол бермеңіз. Егер сізде осындай жағдайлар туралы ақпарат болса, дереу полицияға хабарлаңыз. Қауіпсіздік әрбірімізден басталады. Өзіңізді, жақындарыңызды және балаларыңызды қауіп-қатерден қорғаңыз, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне қоғамдық қауіпсіздікті одан әрі арттыруды тапсырды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі қылмыстық ахуал мен ішкі істер органдары жүзеге асырып жатқан Заң мен тәртіп қағидатының орындалуы туралы баяндалды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Президент құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында берген тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.

Ержан Сәденов биылғы 7 айда қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде елдегі қылмыс саны 9 мыңға азайғанын мәлімдеді.

Адам өлтіру, қарақшылық, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, бұзақылық және тағы басқа негізгі қылмыс түрлерінің төмендеуі байқалады. Бұл істерді ашу деңгейі жақсарып келеді.

Ауыр және аса ауыр қылмысқа қатысы бар 146 қылмыстық топ жойылды.

Полиция өндірісіндегі барлық қылмыстық іс бойынша азаматтардың 28 миллиард теңгеден астам шығыны өтелді.

Ішкі істер министрі қылмыскерлерді іздестіру жұмыстарының нәтижесі туралы да баяндады.

Есепті кезеңде іздеуде жүрген 956 адам ұсталды, олардың 24-і шетелден Қазақстанға экстрадицияланды. Хабар-ошарсыз кеткен 600 адамның, соның ішінде 125 кәмелетке толмағанның жүрген жері анықталды.

Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл аясында 6 call-орталық жойылды, 67 миллион жалған қоңырау мен 3 мыңнан астам алаяқтық сайт бұғатталды. Алаяқтардың 2,8 миллиард теңгені шығаруына жол берілмеді.

11 тоннадан астам есірткінің айналымға түсуіне тосқауыл қойылып, 19,5 мың есірткі сайты бұғатталды.

Мас күйде жасалатын қылмыстың алдын алу, кадрлық әлеуетті арттыру және қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру шараларына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті одан әрі арттыруға қатысты бірқатар міндет жүктеді.