Tag Archives: футболшы

Бахтиер Зайнутдинов тағы да жарақат алып қалды

Фото: видеодан скрин

Мәскеудің «Динамо» клубының бас бапкері Валерий Карпин Ресей премьер-лигасының 12-туры аясында «Ахматқа» қарсы өткен ойында (2:2) қорғаушы Бахтиер Зайнутдиновті не себепті ерте алмастырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

 

«Зайнутдинов шат бұлшықеттерінің тұсында ауырсыну сезінді. Сол себепті оны 46-минутта ауыстыруға тура келді», – деді Карпин.

 

Клубтың бас дәрігері Александр Родионов та қазақстандық футболшының жағдайына қатысты пікір білдірді.

 

«Ойын кезінде Бахтиердің ішкі жамбас бұлшықеті ауырған, сондықтан ол өзі алмастыруды өтінді. Қазір жағдайы дұрыс. Алдағы тексерістен соң бәрі белгілі болады», – деді дәрігер.

 

27 жастағы Зайнутдинов биылғы маусымда Ресей премьер-лигасында сегіз кездесу өткізіп, екі рет Фонбет Ресей кубогында алаңға шыққан. Алайда әзірге гол не нәтижелі паспен көзге түскен жоқ.

Қазіргі таңда «Динамо» 16 ұпай жинап, премьер-лиганың турнир кестесінде сегізінші орында тұр.

Қуат Хамитов қазақстандық футболшыларды тағы да сынның астына алды (ВИДЕО)

Фото: instagram/kuat_khamitov

Танымал ММА жауынгері Қуат Хамитов Namys Fighting YouTube арнасына берген сұхбатында Қазақстан футболының қазіргі жағдайына және ұлттық құраманың болашағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы 1bol.kz cілтеме жасап. 

Спортшының айтуынша, қазақстандық футболда жүйелі дағдарыс бар, ал елде «жас буын өсіп келеді» деген әңгіме – бос үміт қана.

 

«Қайтадан жеңілді. Кеше маған біреулер айтып жатыр: «Қуат, сен қателесесің, жастар өсіп келеді, бәрі алда». Қайдағы жастар? Олар Андорра ма, Лихтенштейн бе, аты-жөнін де білмеймін, сондай елдерден жеңілді. Ал ол командалар алты жыл бойы жеңіске жетпеген! Кеше біздің «Қайраттық» жастарды тас-талқан етті. Сонда мен қай жерден қателестім? Барлығы жеңіліп жатыр әрі бұл енді ғана басталды», — деді ол.

 

Файтер футболшылардың өзін шетелдік жұлдыздармен салыстыруын сынға алды:

 

«Олар өздерін Еуропаның мықты елдерімен, Чемпиондар лигасында ойнайтын клубтармен салыстырғанды ұнатады. Бірақ айырмашылық мынада: олар өз халқын тонамайды. Мен Роналдуның Португалия халқының миллиардтарын ұрлап, кейін «Спортинг», «Реал» немесе «Аль-Иттихад» клубтарында ойнағанын естіген емеспін. Ондай нәрсе болмайды», — деді Хамитов.

 

Айта кетсек, соңғы уақытта қазақстандық жастар құрамаларының нәтижесі көңіл көншітпейді: U-21 құрамасы жолдастық кездесуде Өзбекстаннан 0:1 есебімен ұтылса, U-20 құрамасы да сол қарсыласына 1:3 есебімен есе жіберген. Бұған дейін U-21 командасы Еуро-2027 іріктеу кезеңінде Андорраға 0:1 есебімен жеңілген болатын.

Ақтөбелік футболшының өлімінен соң сараптама тағайындалды

Фото: ФК «Ақтөбе»

Әзірге адамдардың неден мерт болғаны белгісіз. Оқиға кеше Ақтөбе қаласында болды. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне хабарлама түсіп, оқиға орнына құтқарушылар барды. Үй ішінен үш адамның денесі табылды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

 

– Қазіргі уақытта облыстық полиция департаментінің қызметкерлері барлық қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның себептері мен жағдайлары анықталып жатыр, – деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

 

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жедел жәрдемге шақырту түскен. Алайда үш адам да ақ халаттылар барғанша мерт болған.

 

Ақтөбелік жас футболшы көз жұмды

Фото: fcaktobe_official / instagram

15 жастағы футболшы Арон Мұса «Ақтөбе U-16» командасының қорғаушысы болған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

– Кеше, QJ league турнирінде ойнайтын «Ақтөбе U-16» командасының ойыншысы, 15 жастағы футболшы Арон Мұса өмірден озды. Аронның отбасында үлкен қайғы болды. Арон бауырымызбен бірге әжесі және немере ағасы да көз жұмды. Мұса әулетіне, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз, – деп жазылған клуб хабарламасында.

 

«Менің қаһарманым»: Шерхан Қалмұрзаның жеке өміріне қатысты не белгілі

Фото: samira_smakova парақшасынан

Чемпиондар лигасында алғашқы ойынын өткізген «Қайрат» футбол клубының жас қақпашысы Шерхан Қалмұрза ел назарын да, әлем назарын да өзіне аударды. Жас таланттың жеке өмірі де желі қолданушыларын бей-жай қалдырмады, деп жазады Qazaq.today ақпарат порталы. 

Әлеуметтік желіде тараған суреттер мен видеоға сүйенсек, Шерхан Қалмұрзаның таңдауы қазақ футболының аңызына айналған Самат Смақовтың жалғыз қызына түскен. Смақовтың қызы сүйіктісімен түскен ортақ суреттерін жеке парақшасына ашық жариялап, оған қолдау көрсететінін жасырмайды.

Жас қақпашының «Спортингке» қарсы дебютынан кейін Самира Смақова сүйіктісіне арнап жазба қалдырды.

«Дебютің құтты болсын, менің қаһарманым! Ең үздік бастама болды. Мен сенімен шексіз мақтанамын. Бұл тек басы ғана», — деп жазды ару.

Айта кетейік, 18 жастағы Шерхан Қалмұрза «Спортинг» командасының капитаны тепкен пенальтиді қайтарып, бірнеше сейв жасады. «Қайраттың» ірі есеппен ұтылғанына қарамастан, жас қақпашы кешегі ойынның жұлдызына айналды. Ол «Ақтөбемен» қарсы ойында жарақат алған Темірлан Анарбековті алмастырған еді.