Tag Archives: Финляндия

«Шешімін таппаған мәселе жоқ»: Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президентімен келіссөз жүргізді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Финляндия Президентімен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Президент Қазақстан мен Финляндия арасындағы достықты атап өтті.

– Сіздің сапарыңыз – екіжақты ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан мен Финляндия арасында достыққа әрі өзара түсіністікке негізделген ықпалдастық орнаған. Екі елдің арасында шешімін таппаған мәселе жоқ. Дегенмен инвестиция және сауда салаларында бірқатар мүмкіндіктер бар. Сіздің бастамаңызбен өтіп жатқан бизнес-форумның маңызы зор. Бүгін аталған жиынға қатысамын. Бұл кәсіпкерлеріміздің іскерлік байланыстарын дамытуға үлкен көмек көрсететініне сенемін. Сонымен қатар, гуманитарлық ынтымақтастыққа ерекше назар аударамыз. Қазақстандықтар Финляндияның мәдениеті мен дәстүрлеріне құрметпен қарайды. Көптеген отандасымыз Сіздің еліңізге турист ретінде жиі сапарлайды. Сапарыңыз мемлекеттер арасындағы серіктестікті нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Александр Стубб келіссөздер барысында екі бағытқа баса назар аударатынын айтты.

– Мен Қазақстанға үшінші мәрте келдім. Алғаш рет 2008 жылы мен Сыртқы істер министрі, ал сіз Сенат спикері болған кезде жүздескен едік. Бұл жолы біз өзара қарым-қатынас және іскерлік байланыстарға басты назар аударамыз. Бүгін Финляндиядан үлкен делегация келді, оның құрамында 20-дан астам ірі компанияның өкілдері бар. Астана көшелерінде Isku және Honkarakenne сияқты танымал фин брендтерін көргенім мені қуантады. Келіссөздердің екінші бағыты – сыртқы саясат және қауіпсіздік. Біз көптеген мәселелер бойынша ортақ көзқарасымыз бар, күрделі халықаралық жағдайларды шешуге бірлесіп әрекет етеміз, – деді ол.

Финляндия Ресей мигранттарынан қауіптеніп, шекараны жауып тастады

Финляндияның көші-қон қызметі 2023 жылдың аяғында Ресейден келген кез келген өтініш берушіге әлі де баспана бермеген. Бұл туралы 31 қаңтар күні YLE медиа компаниясы мәлімдеді.

Осы уақыт ішінде ведомство баспана беру туралы 70 өтінішті қарады, деді көші-қон органдарының өкілі Антти Лехтинен. Өтініш берушілердің шамамен үштен екісіне баспана берілуден бас тартылды, өтініштердің тағы үштен бірі жарамдылық мерзіміне байланысты жойылды, деп түсіндірді ол.

YLE жазғанындай, соңғы айларда Финляндияға Ресей арқылы 1300 адам баспана сұрап келген. Олардың 190-ға жуығы ұшты-күйлі жоғалғандар қатарында.

Ресей-фин шекарасындағы мигранттардың ағыны

Финляндия тиісті құжаттары жоқ мигранттардың ағыны аясында Ресеймен құрлық шекарасын толығымен жауып тастады. Хельсинки Мәскеуді үшінші елдердің азаматтарын шекарадан өтуге арандатты деп айыптады. Желтоқсан айының ортасында екі өткізу пункті жұмысын қайта бастады, бірақ бірнеше сағаттан кейін қайтадан жабылды. 2024 жылдың қаңтарында Хельсинкидегі билік Шығыс шекараның жабылуын 11 ақпанға дейін ұзартуға шешім қабылдады.

Мигранттар Ресей Федерациясының Финляндиямен шекарасынан өтуге тырысуда деді Финляндия Сыртқы істер министрлігінің басшысы Элина Валтонен. ІІМ басшысы Мари Рантанен де осындай пікірде, алайда шекараның жабылуы Финляндияда тұратын ресейліктер мен қос азаматтығы бар адамдар үшін қиындықтар туғызатынын мойындады.

Дереккөз: ulysmedia.kz