Tag Archives: экспорт

Қазақстанның IT-қызметтерінің экспорты 881 млн долларға жетті

Қазақстан Дубайда өтіп жатқан GITEX GLOBAL 2025 ірі әлемдік технологиялық көрмесіне цифрлық шешімдері мен стартаптардың басын біріктірген ұлттық павильонын ұсынды. Бастаманы ҚР сауда және интеграция министрлігі QazTrade-мен бірлесіп жүзеге асыруда. Павильонда жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерді көрсететін 20 компания бар, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Қатысушылар арасында жасанды интеллектті қолдана инсультті анықтау үшін дәрігерлерге көмектесетін Cerebra.ai және үшін, өнеркәсіп қауіпсіздігі саласында бейне-аналитика жүйесін дамытуға бағытталған BEST vision Technologie, қазақстандық білім беру сервистерін ілгерілететін BilimApp, аэроғарыштық технологиялармен жұмыс істейтін Ghalam және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін цифрлық шешімдер жасайтын Alaqan жобалары бар. Бұл компаниялардың барлығы әлемдік нарыққа шығуға ықпал ететін QazTrade «Экспорттық акселерация» бағдарламасына қатысушылар.

Қазақстандық IT-командалар БАӘ, Сауд Арабиясы және Катардан келген инвесторлармен және технологиялық компаниялармен кездесулер өткізіп жатыр. Мемлекеттік сервистер мен корпоративтік платформаларға отандық шешімдерді енгізу талқылануда.

Көрме аясында қазақстандық TrustMe компаниясы Дубайдағы Sogdians Venture Studio компаниясымен келісімге қол қойды. Олар қазір БАӘ мен Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка (MENA) нарығындағы TrustMe ресми өкілдері болып табылады.

Сонымен қатар, Blackstone AI компаниясы Family Eight Holdings Limited (БАӘ) компаниясымен Меморандумға қол қойды. Тараптар жасанды интеллект технологияларын интеграциялау, жаңа өнімдерді бірлесіп әзірлеу және шетелдік нарыққа шығуды кеңейту саласындағы ынтымақтастық туралы уағдаласты.

 

«GITEX мемлекеттік делегациялар мен технологиялық корпорацияларды қоса алғанда, 170-тен астам елдің қатысушыларын біріктіреді. Көрмеге қатысу қазақстандық IT-компанияларды халықаралық нарықтарға ілгерілету үшін стратегиялық қадам болып отыр. Қазақстан шикізатты ғана емес, зияткерлік өнімдерді де экспорттайтын ел ретіндегі орнын нығайтуда. 2024 жылы Қазақстанның IT-қызметтерінің экспорты 20,3% — ға ұлғайып, 881 млн долларға жетті», – деп атап өтті Qaztrade басқарушы директоры Айнұр Әмірбекова.

 

Қазақстанның GITEX-ке қатысуы мемлекет Басшысының 2025 жылғы Жолдауында белгіленген басымдықтарды көрсетеді, онда ол «жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар елдің экономикалық өсуі мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің жаңа драйвері болуға тиіс» деп атап өтті.

«Қазақстанның 60 мың тонна ет экспорттауға мүмкіндігі бар» – Экс-министр

Фото: видеодан кадр

Қазақстанның 60 мың тонна ет экспорттауға мүмкіндігі бар. Бірақ соншама мүмкіндігі бола тұра, Қазақстан 2010-2011 жылдары 1 келі де ет экспорттамаған. Тіпті көрші, одақтас елдердің өзіне бір килограмдай да ет экспорттаған жоқ.  Бұл деген – сұмдық нәрсе! Қазақстан мен Ресейдің арасындағы ет және ет өнімдерін экспорттауға өте көп шектеу қойылып тастаған. Бұл туралы бұрын ауыл шаруашылығы министрі қызметін бес жылдай атқарған Асылжан Мамытбеков «QASQA JOL» YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Экс-министрдің айтуынша, сол кездері еліміз бойынша бір ғана компания экспорттауға мүмкіндік алып отырған. Оның өзі тек тұшпара экспорттайтын. Ол – ұят нәрсе!

«Қазір еліміздің барлық елдерге экспорттауға мүмкіндігі бар. Біз халықаралық бюроның арнайы статусын алдық. Ет бағытын дамытудың көзін аштық деп айтуға болады. Өйткені бұған дейін ет бағытына ешкім сенбеген. Біздің негізгі экспортымыз – ұлттық позициямыз болатын. Ал біз 60 мың тонна ет экспорттау межесіне 2018 жылы ғана жеттік. Оны іске асыруға 2-3 жыл уақытымыз кетіп қалды. Себебі ет экспорттау туралы жобамызды түсінген мемлекеттік органдар болған жоқ. Қолдай да қоймады. Керісінше, аяқтан шалып, жоқ нәрседен сылтау тауып, тырнақ астынан кір іздегендер көп болды. Соларға ісіміздің, бағытымыздың дұрыстығын дәлелдеуіміз керек болды. Қазір 2016 жылдан бері он жылдай уақыт өтіп кетіпті. Екі жылдан кейін он жыл болады. Сол межеде әлі тұрмыз ғой. Одан кер қайттық, керісінше», — деді А.Мамытбеков.

Бағдарлама жүргізуші «Сонда біз неге кері кетіп жатырмыз?» деп төтесінен сұрақ қойды.

«Оны менен сұрамау керек. Оны қазіргі креслода отырған, сол креслоға отырып кеткен азаматтардан сұрау керек. Өйткені экспорт шектелді. Үкімет бізді қолдаудың орнына, керісінше, дамып келе жатқан саланың астынан орақ салып, экспортты тежеді. Оған әртүрлі себептерді сылтау етті. Кейбіреулер ішкі нарықты сылтау етті, ал біреулерге сол саланың дамымауы керек болды, т.б. Қызғанғандары, көре алмағандары бар дегендей… Сондықтан бұл жерде себеп көп. Қорытындысы Үкімет экспортты жабу туралы шешім қабылдады. Оған әрі пандемия кері әсерін тигізді. Ақырында біз 63 мың тоннаға жеткен межемізден құлдырап кеттік, — деді экс-министр».

https://youtu.be/OedPzU9oBaA?si=qilo97FzTMSbbDex

Германия Қазақстаннан мұнай экспортын екі есе көбейтуді сұрап отыр

Фото: naryk.kz

Германия «Дружба» магистральдық мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнай жеткізу көлемін айына 200 мың тоннаға дейін арттыруға мүдделі.  Бұл туралы Румынияның Adevural газетіне берген сұхбатында Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Мамыр-қазан айларында Германияға мұнай экспортының айлық көлемі 100 мың тонна болса, қарашада 154 мың тонна жеткізілді. Жалпы, былтыр Қазақстан Еуропалық Одаққа жалпы экспорттық мұнай көлемінің жартысынан астамын – 46,6 млн тонна мұнайды жеткізді, деп жазады naryk.kz.

«2023 жылдың соңына қарай Германияға 993 мың тонна тасымалданды. Неміс тарапы қазақстандық мұнайды жеткізу көлемін жылына 2,4 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүдделі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Еуропалық Одақ елдеріне қазақстандық мұнай экспорты 46,6 млн тоннаны немесе қазақстандық мұнай экспортының 66 пайызын құрады. Қазақстан мұнайының жалпы экспорты 70,5 млн тоннаны құрады», — деді Энергетика министрлігінің басшысы.

Былтыр Дружба арқылы Шведт мұнай өңдеу зауыты бағытында Германияға 1,2 млн тонна мұнай жеткізілді. Оның айтуынша, неміс тарапы мұнай жеткізуді жылына 2 млн тоннаға дейін арттыруға мүдделі екенін растады. Қазақстан мұнайы негізінен Италия, Франция, Нидерланды, Румыния, Испания және басқа ЕО елдеріне экспортталады. Қазақстан 2021 жылы Еуропаға 49 млн тонна, 2022 жылы 45 млн тонна, 2023 жылы 52 млн тонна мұнай экспорттады.

«Қазақстан Еуропаға мұнайдың сенімді жеткізушісі болып табылады, оның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және біз мұндай ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз. Қазақстан мұнайының Еуропадағы негізгі тұтынушылары Италия, Нидерланды, Греция, Франция, Түркия және Испания болып табылады», — деп қосты Сәтқалиев.